қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
08.04.2019

Қазақстандық жоғары оқу орындардың басшылары Жаһандық форумға қатысты

 

2019 жылғы 4-6 аралығында Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының басшылары Мысырдың жаңа әкімшілік астанасында өткен Жоғары білім және ғылыми зерттеулер жөніндегі Жаһандық форумға қатысты.


Іс-шараға мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, беделді ғалымдар, сарапшылар, саясаткерлер, жеке компаниялардың өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

 

Форумға қатысушылар адамзаттың адам ресурстарын дамыту, технологиялық өрлеу мәселелерін талқылап, 4-ші индустриялдық революциядан туындайтын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жолдарын қарастырды.​ Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген МАР Президенті Әбдел-Фаттах әс-Сиси жоғары білім мен ғылыми зерттеулердің тұрғылықты даму мәселелерін шешуде негізгі рөл атқаратынын мәлімдеп, бұл бағытта бірлесіп күш жұмылдыруға шақырды.​​​


Іс-шара аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Мысырдың Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрі Халед Әбдел-Ғаффармен кездесті.​​


Кездесу барысында екі ел арасындағы ғылыми-академиялық ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды. Мысырлық министрге еліміздің білім және ғылым саласындағы жетістіктері туралы, атап айтқанда, қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтерде ілгерілеуі туралы баяндалды. Қазақстан тарапы Мысыр тарапымен университетаралық байланыстарды нығайту мақсатында Орталық Азиялық университеттердің Қауымдастығы мен араб мемлекеттері университеттерінің Федерациясы арасында альянс құру туралы ұсыныс жасады.​​

 

Өз кезегінде Х.Әбдел-Ғаффар Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың қазіргі таңда стратегиялық деңгейге көтерілгенін ризашылықпен атап өтті. Ол екі ел арасындағы жоғары деңгейде қалыптасқан саяси диалогты пайдалана отырып, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға қызығушылық танытты. Министр биыл араб университеттері Федерациясына Мысырдың төрағалық етіп отырғанын тілге тиек етіп, Қазақстан тарапының аймақтық федерациялар арасында альянс құру туралы ұсынысын қолдайтыны жеткізді.​​​

 

Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мысырда жаңадан ашылып жатқан «Галяла» мемлекеттік университетінде филиалын құру туралы уағдаластықты іске асыру барысы талқыланды.

 

Кездесуге Мысыр университеттері Жоғары кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Мұстафа, «Айн Шамс» университетінің ректоры Әбдел-Уаххаб Иззат және Каир университетінің проректоры Айман әл-Хатиб және бірқатар ғалымдар мен мамандар қатысты.

 

Сапар барысында қазақстандық академиялық делегация «әл-Азһар» университетінің ректоры Мұхаммед әл-Махрасауимен кездесіп, көне университет пен қазақстандық ЖОО-лар арасында түрлі салаларда ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

 

Қазақстандық ғалымдар жоғары білім және инновация саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында МАР Парламентінің депутаттарымен, білім және ғылыми зерттеу саласында жұмыс істейтін ірі кәсіпкерлермен де кездесіп, өзара тиімді келісімдерге қол жеткізді.

 

Сапар барысында білім ордаларының жетекшілері Қазақ даласының ұлы тұлғасы Сұлтан Бейбарыстың реставрация жасалып жатқан мешітіне барып, кемеңгер бабамыздың рухына тағзым етті. Сонымен қатар, Каирдің орталық саябағындағы қазақтың ұлы ақыны Абайдың мүсініне барып, гүл шоқтарын қойды.