қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
30.12.2025

 

ЖЫЛЖАБАР: АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – ҒЫЛЫМИ КАДР ҰСТАХАНАСЫ

 

Күнтізбелік жыл соңындағы кезекті «Жылжабар» айдары Абай университетінің ғылыми кадрлар даярлаудағы рөліне арналады. Бүгінде тұңғыш университет – жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар даярлаудың қарашаңырағына айналған. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласы бойынша магистратурада 1609,  докторантурада 531 зерттеуші білім алып жатыр. Ғылыми кадр – университеттің ғылыми әлеуетінің көрсеткіші. Сондықтан, «2025 жылы қанша ғылыми кадр даярланды, диссертациялық кеңес жұмысы қалай өрбіді, оқу ордамыздың ғылыми әлеуеті қандай?» деген сауалдарға жауап іздедік.  


Жыл сайын Абай университеті республикалық ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Бүгінгі таңда, еліміздің ғылыми-зерттеу институттарымен 23 келісімшарт жасалып, университет қабырғасында 18 бірлескен диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Биыл диссертациялық кеңесте 78 ғылыми зерттеу жұмысы сәтті қорғалған. Оның ішінде 26 докторант өзге жоғары оқу орындарының зерттеуші ғалымы. Сондай-ақ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 5 докторанты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және К.Байсейітова атындағы ҚазҰӨУ жанындағы диссертациялық кеңестерде ғылыми жұмысын сәтті қорғады.


Жас ғалымдар ғылыми зерттеу жұмысын университеттің «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркінде жүргізеді. Қазіргі таңда мұнда 9 зертхана мен 4 ғылыми орталық жұмыс істейді. Барлық бөлімшелер STEM және дрон-технологиялары, инновациялар мен нанотехнологиялар, физикалық және биологиялық зерттеулер, география мен экология, қазақ тілін латындандыру, түркология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, цифрлық білім беру технологиялары және «Айтылған тарих» бағыттарын қамтиды. Ғылыми-инновациялық паркте жоғары білікті ғалымдар қызмет атқарады. Олар зерттеу жобаларын іске асыруға және ғылыми кадрлар даярлауға белсенді қатысады. «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын 7 ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр.


Университетте 16 профессор-зерттеуші және 21 постдокторант ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылдану үстінде. Оның ішінде 13 адам ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыратын жобаның жетекшісі болса, 9 ғалым жоба орындаушысы. Сондай-ақ Абай университетінің 35 ғалымы – «Scopus» және «Web of Science» шетелдік журналдарының жарияланымды рецензиялау саласында халықаралық сарапшылар құрамына кіреді.


Биыл университет ғалымдарының қатары көбейді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен 15 ғалымға – қауымдастырылған профессор (доцент), 5 ғалымға –  профессор ғылыми атағы берілді.


Студенттердің де ғылыми жұмысқа қызығушылығы артып келе жатыр. Биыл студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстары дәстүрлі республикалық байқаудың ІІ кезеңінің жеңімпаздары атанды. Яғни, 10 студент пен 12 магистрант 1 және 3 дәрежелі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дипломдармен марапатталды.


2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы оқытуыш-профессорлар мен жас ғалымдар 2878 ғылыми жұмыс жариялады. Оның ішінде «Scopus» базасында 329 мақала және «Web of Science» журналында 141 мақала жарық көрді. Сонымен қатар, университеттің оқытушы-профессорлары мен жас зерттеушілері 5 өнеркәсіптік технология патентіне, 88 авторлық куәлікке қол жеткізді.


Қазіргі таңда университетте ғалымдардың ғылыми нәтижелерін жариялау мақсатында 14 ғылыми журнал жарық көреді. Олардың ішінде 6 журнал ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдар тізбесінің 2-тізіміне енгізілген.


Алдағы жылы ғылыми кадрларды даярлау мәселесі бойынша жұмыс жоспары бекітілді. Докторлық диссертацияларды уақытылы қорғау және докторанттарға ғылыми кеңес беру сапасы бойынша жүргізілетін жұмыстың тиімділігін арттыру басты назарда болмақ. Сондай-ақ, келер жылы постдокторанттар мен профессор-зерттеушілер санын ұлғайту көзделіп отыр. «ҚазҰПУ Хабаршысы» бойынша «Филология», «Юриспруденция» серияларын ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін комитет ұсынатын басылымдар тізбесіне енгізу мақсаты қойылды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=