қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
29.12.2025

 

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда елімізде педагогикалық білім беру мәселелері жан-жақты талқыланды. Кеңесте Абай университетінің тәжірибесі сөз болып, «Адал азамат» және «Толық адам» тұжырымдамаларының құндылықтары негізінде білім беру бағдарламаларының ұлттық мазмұнын қалыптастыру жолдары қаралды.


Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте Абай университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Б.М. Нарбекованың «Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы» баяндамасы тыңдалды. Баяндама барысында педагогикалық білім беруді жаңғырту тұжырымдамасының (2022–2024 жж.) іске асырылуындағы негізгі нәтижелер айтылып, ұлттық және халықаралық үрдістерге сәйкес, педагогикалық кадрларды даярлау жүйесін одан әрі дамытудың өзекті бағыттары айқындалды.


Педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының мазмұнын «Педагог» кәсіби стандартына сәйкес жаңарту, педагогикалық білім беруді аккредиттеу стандартын енгізу, дуальды оқыту элементтерін (KazDual жобасы) қамтитын үздіксіз педагогикалық практиканы дамыту, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің қолдауымен іске асырылып жатқан білім беру бағдарламаларын масштабтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.


Бану Мұқатайқызы өз сөзінде болашақ педагогтардың зерттеушілік, цифрлық және басқарушылық құзыреттерін қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған мұғалімдерді даярлау модельдерін (ABA, ADOS) енгізу туралы тармақтап берді. «Адал азамат» және «Толық адам» тұжырымдамаларының құндылықтары негізінде білім беру бағдарламаларының ұлттық мазмұнын қалыптастыру жөнін ұсыныс білдірді.


Қазірде цифрландыру және жасанды интеллектіні белсенді енгізудің сын-қатерлері мен трендтері күн тәртібінде тұр. Жасанды интеллект дәуіріндегі педагогтың негізгі құзыреттері, оның ішінде AI-сауаттылық, этикалық жауапкершілік, жасанды интеллектіні қолдана отырып педагогикалық дизайн жасау, когнитивтік және метакогнитивтік дағдыларды дамыту бұл салаға аса қажет. Осы тақырыптар қатысушыларға үздіксіз кәсіби даму тұрғысынан жан-жақты түсіндірілді.


Отырыс аясында жоғары оқу орындарындағы клиникалық мектептерде, педагогикалық сыныптарда Honors College жобаларын дамыту, evidence-informed тәсілдерін (Lesson Study, Action Research) енгізу, дуальды оқытуды кеңейту және мектептермен әріптестікті нығайту жағы сөз болып, ауылдық және шағын жинақтаушы мектептерді қолдау бағытында үздік тәжірибелер таныстырылды.


Талқылау қорытындысында аталған сала бойынша қатысушылар педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасының іске асырылуына тұрақты мониторинг жүргізуге, жоғары оқу орындары арасындағы үйлестіруді күшейтуге, бірыңғай әдістемелік тәсілдерді әзірлеуге келісті.


Бұл республикалық оқу-әдістемелік кеңес отырысы педагогикалық білім беруді жүйелі түрде трансформациялау – сапаны қамтамасыз етудегі басты құндылыұтардың бірі екенін айқындап берді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 

  alt=  

  alt=