
Негізгі бет
Жаңалықтар
29.12.2025
ЖЫЛЖАБАР: ӘЛЕМДІК РЕЙТИНГТЕРДЕ ҮЗДІК НӘТИЖЕ КӨРСЕТТІК
2025 жыл Абай университеті үшін халықаралық кеңістіктегі орны айқындалып, стратегиялық дамуы нақты нәтижелермен бекіген кезең болды. Жаһандық жоғары білім жүйесі цифрландыруға, тұрақты дамуға және халықаралық ықпалдастыққа бет бұрған шақта университет осы үрдістерге сай дамып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде өз орнын нығайтты. Халықаралық рейтингтерге қатысу университеттің білім беру сапасын, ғылыми әлеуетін және жаһандық академиялық қауымдастықтағы беделін арттырудың маңызды факторына айналды. Бүгінде Абай университеті QS, THE, UI GreenMetric және Webometric сияқты әлемдік рейтингтерде бағаланып келеді. «QS World University Rankings – 2025» нәтижесі бойынша университет әлемдік тізімде 628-орынға көтеріліп, үздік 700 университет қатарына енді. Қазақстан университеттері арасында 4-орынды иеленіп, ұлттық деңгейдегі беделін арттырды. «QS Asia University Rankings – 2026» рейтингінде университет Азия бойынша 138-орынға, Қазақстан бойынша 4-орынға, ал Орталық Азия университеттері арасында 5-орынға жайғасты. Абай университеті «QS Stars Rating System» аясында жоғары бағаға ие болып, QS «Five Stars» («Бес жұлдыз») үздік белгісімен марапатталды. Бұл мәртебе университеттің білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу қызметі, әлеуметтік жауапкершілігі, интернационалдандыру және басқару тиімділігі бағыттарындағы көрсеткіштерінің халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін айғақтайды. QS «Бес жұлдыз» белгісі университеттің жаһандық академиялық кеңістіктегі беделін нығайтып, институционалдық дамуының жаңа деңгейге көтерілгенін нақтылайды. Пәндік рейтингтерде де университеттің академиялық әлеуеті айқын көрінді. «QS WUR by Subject – 2025» рейтингінде Education & Training бағыты бойынша университет төртінші жыл қатарынан әлемнің үздік 100 университеті қатарында қалып, Қазақстан бойынша көшбасшы орнын сақтап қалды. Сонымен қатар Arts & Humanities саласы бойынша әлемде 373-орынға, Қазақстанда 3-орынға ие болса, Modern Languages бағыты 101–150 диапазонында, Linguistics саласы 283-орында бағаланды. Тұрақты даму мен экологиялық жауапкершілік бағытында да университет елеулі нәтижелерге жетті. «QS Sustainability – 2026» рейтингінде университет 1101–1150 диапазонында орын алып, Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының қатарына кірді. «UI GreenMetric World University Rankings» нәтижесі бойынша 95 елден 1477 университеттің ішінде Абай университеті әлемнің үздік 500 университеті қатарына еніп, әлемде 422-орынға көтерілді. «Webometric» рейтингінде бір жыл ішінде университеттің 861 орынға өсуі цифрлық ашықтық пен академиялық беделінің артқанын көрсетеді. Академиялық қызметте студенттер контингенті 20 581 адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 127,4 пайыздық өсім тіркелді. Оқытушы-профессорлық құрам 1 219 адам болып, оның 981-і – штаттық қызметкер. Ағылшын тілінде дәріс беретін оқытушылардың үлесі 21,1 пайызға жетіп, университеттің интернационалдандыру бағытының жүйелі түрде дамып жатқанын дәледеді. Халықаралық серіктестік аясындағы қосдипломдық бағдарламалар саны 25-ке артса, ал шетелдік студенттер саны 1 936 адамға жетті, бакалавриаттағы үлесі – 9,72 пайыз. Ғылыми-зерттеу қызметі университеттің педагогикалық зерттеу университетіне айналу бағытындағы дамуын айқындайды. 2025 жылы зерттеулер университет кірісінің 9,5 пайызын құрады, оқытушы-профессорлық құрамның 64,4 пайызы ғылыми жобаларға тартылды. «Scopus» деректер базасында жарияланымдар саны 130-ға артты, ғылыми цитаталардың өсуі байқалды. Сонымен қатар университеттің әлеуметтік миссиясы кеңейіп, студенттердің қоғамдық және еріктілік қызметке қатысуы 20,2%-ға жетті. Инклюзивті білім беру жағдайлары соңғы екі жылда 40 пайыздан 80 пайызға дейін өсті. Студенттер мен оқытушылардың білім беру экожүйесіне қанағаттану деңгейі – 77,5%. Жалпы алғанда, 2025 жыл Абай университеті үшін стратегиялық мақсаттардың нақты нәтижелермен бекіген, халықаралық беделі артқан және жаһандық стандарттарға сай дамудың жаңа деңгейіне көтерілген жыл болды. Университет алдағы уақытта да білім беру мен ғылым саласында халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің педагогикалық және зияткерлік әлеуетін дамытуға қызмет етуді жалғастырады.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|