қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
26.12.2025

 

ЖЫЛЖАБАР: АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАБІЛЕТТІЛІК ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

 

Кезекті «Жылжабар» қортынысында университеттің академиялық жағын қарастырмақпыз. 2025 жыл Абай университеті үшін білім беру бағдарламаларын жүйелі жаңартуымен ерекшеленді. Университет бүгінде қазақ, орыс, француз және ағылшын тілдерінде білім беріп, педагог кадр даярлауда көптілді және халықаралық бағытты берік ұстанып келеді.

Ағымдағы оқу жылында университетте барлығы 165 білім беру бағдарламасы бойынша қабылдау жүргізілді. Оның 66-сы бакалавриат, 60магистратура, 39докторантура деңгейінде. Бұл көрсеткіш Абай университетінің еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі екенін айқын көрсетеді.

Жыл бойы инновациялық бағдарламаларды дамытуға басымдық берілді. Қазіргі таңда университетте 39 инновациялық бағдарлама қолданыста, оның 29-ы – IP форматындағы бағдарламалар. Бұл бағыттар болашақ педагогтардың практикалық, зерттеушілік және цифрлық құзыреттерін арттыруға арналған.

Дүниежүзілік банк қолдаған «Педагогикалық әлеуетті күшейту» жобасы аясында Финляндияның жетекші университеттерімен әзірленген 30 инновациялық бағдарлама республика көлемінде педагог даярлауға бағытталды. Оның 11 бағыты бойынша Абай университетінің тәжірибесі көшбасшы ретінде танылып, бағдарламаларды әзірлеуге отандық және шетелдік сарапшылар тартылды.

Сонымен қатар, инновациялық IP бағдарламалар бірнеше кезеңде іске қосылды. Алдымен өнер, спорт, жаратылыстану және цифрлық педагогика бағыттары енгізілсе, кейін тілдер, әлеуметтік педагогика, инклюзивті білім беру, басқару және көшбасшылық салалары қамтылды. Биыл бастауыш білім беру, психология, арнайы педагогика, шетел тілдері мен білім берудегі зерттеу бағыттары толықтырылды.

Университет халықаралық әріптестікті кеңейте отырып,  шетелдік жоғары оқу орындарымен 14 қосдипломдық және 10 бірлескен бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Оның үстіне, Лотарингия филиалы ашылып, онда студенттер 6 бағыт бойынша қосдипломды білім алады. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясымен бірлескен екі бағдарлама іске қосылып, биыл алғашқы студенттер қабылданды. Астана қаласындағы Білім беру институтында 12 бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Оқу бағдарламаларына заманауи мазмұн енгізу университет үшін басты басымдық. Барлық бағдарламалар бойынша биылдан бастап «Жасанды интеллект негіздері» пәні оқытылып, студенттерді цифрлық құзыреттерге үйрету қолға алынды.

Болашақ педагогтардың кәсіби тәжірибесін жетілдіруге арналған «Lesson Study» және «Action Research» пәндері оқу жоспарына енгізілді. Бакалавриат деңгейінде студенттердің қосымша қабілеттерін дамытуға арналған 16 Minor бағдарламасы ұсынылып, олардың қатарын «Заң және тәртіп» пен «Педагог-кәсіби бағдар беруші» бағыттары толықтырды.

Цифрлық білім беру саласында да университеттің орны айқын. «Coursera» платформасында Абай университетінің авторлық онлайн курстары – «Жасанды интеллект негіздері» және «Python программалаудың алғашқы қадамдары» қолжетімді. Оларды аяқтаған студенттер университет атынан сертификат алады.

Жалпы алғанда, 2025 жыл Абай университеті үшін білім беру бағдарламаларын жаңғырту, халықаралық тәжірибені енгізу және педагог даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеру жылы болды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

 

Баспасөз қызметі

 

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=