
Негізгі бет
Жаңалықтар
25.12.2025
ЖЫЛЖАБАР: ҚАНДАЙ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСТЫ?
Хәкім Абай қара сөзінде: «Күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген өсиет қалдырған. Жыл жаңарар уақытта өткенге қарайлап қандай іс атқарылғанын көз жүгіртеміз. Ұлы ақынның есімі берілген Абай университетінің кезекті жылжабары оқу ордамыздағы ғылыми жобаларға арналмақ. Жыл бойында жүзеге асқан жобаларға шолу жасасақ. Биыл Абай университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен 100 ғылыми жоба табысты іске асырылу үстінде. Оның ішінде 54 ғылыми жоба гранттық қаржыландыру негізінде, 3 жоба бағдарламалық-нысаналы түрде қаржыландырылып жатыр. Сондай-ақ, университеттің өз қаражаты есебінен (шағын ынталандыру гранттары) 43 ғылыми жобаны іске асуда. Бұл университеттің ішкі ғылыми әлеуетін дамытуға, жас зерттеушілерді қолдауға және ғылыми бастамаларды ынталандыруға бағытталған. Италия, Франция, Қытай және Испанияның жетекші жоғары оқу орындарымен 5 халықаралық ғылыми жоба жүзеге асып жатқанын айта кету керек. Мұндай қабілеттілік университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруды, академиялық әріптестікті кеңейтуді, халықаралық деңгейде бірлескен зерттеулер жүргізуді көздейді. Сондай-ақ «Scopus» және «Web of Science» дерекқорларында жарияланатын жоғары сапалы ғылыми еңбектер дайындауға бағытталған. Ал отандық ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен 11 интеграциялық ғылыми жоба бар. Оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлердің ғылыми әлеуетін күшейтуге бағытталған 12 жоба, жас зерттеушілердің ғылыми дербестігін арттыруға және жаңа ғылыми бағыттарды дамытуға арналған 15 жоба қаржыландырылды. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша, биыл Абай университеті мен «Keruen Plus» ЖШС-мен бірлескен шарты негізінде «YBCO модификаторларын қолдана отырып, ПВХ негізіндегі композиттік материалдардан коэкструзия әдісімен экологиялық жылтыр терезе тақтайшаларын инновациялық өндіру» (DP21682051) жобасы іске асырылып жатыр. Әзірленген өнімді «Keruen Plus» ЖШС өндіріске енгізіп, жемісін бере бастады. 2025 жылы «Жас кәсіпкер Abai University» конкурсы шеңберінде – 15 стартап жоба іске асырылып жатыр. Биыл университет қабырғасында кәсіпкерлік тың идеяларға бағытталған үш бірдей стартап байқауы өтті. Бұл – білім алушылар мен оқытушы-профессорларды, инноваторлар мен кәсіпкерлерді біріктірген бірыңғай алаң құруға ықпал етті. Абай университетінде профессор-зерттеуші лауазымы мен постдокторантура бағдарламасы аясында ғылыми-зерттеу мен жобалық қызмет жүйелі түрде жүзеге асып келеді. 2025 жылы 16 профессор-зерттеуші және 21 постдокторант ғылыми зерттеулер жүргізіп, қарашаңырақтың ғылыми дамуына үздіксіз үлес қосты. Олар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы аясындағы жобаларға ғылыми жетекшілік жасап және орындаушы ретінде қатысады. Сонымен қатарғ халықаралық ынтымақтастық шеңберінде бірлескен зерттеулер жүргізіп, «Scopus» пен «Web of Science» дерекқорларында индекстелетін ғылыми жарияланымдар әзірлейді. Бұл – университеттің ғылыми беделін арттырып, халықаралық академиялық кеңістікте танылуына ықпал етуде. Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу қызметінің ауқымын кеңейтуге, халықаралық әріптестікті нығайтуға және гранттық қаржыландыру көлемін ұлғайтуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын табады. 2026-2028 жылдарға арналған ҚР ҒжЖБМ-нің ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстарына жалпы саны 100 өтінім ұсынылды. Оның ішінде оқытушы-профессорлар құрамы гранттық қаржыландыру байқауына – 53 жоба, жас зерттеушілер арасындағы байқауға – 14 жоба, «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша – 33 өтінім жіберілді. Алматы қаласы әкімдігі жанынан құрылған Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңеске де қоршаған орта, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, энергетика, көлік және экология, цифрлық және ғарыштық технологиялар, елдің зияткерлік әлеуеті туралы ғылыми бағыттар бойынша 11 өтінім жолданды. Байқаулар бойынша нәтижелер жаңа жылдың басында жарияланады. Бұл байқаудан да Абай универсиетінің ғалымдары зор үмітті.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|