
Негізгі бет
Жаңалықтар
23.12.2025
«ЖАС КӘСІПКЕР ABAI UNIVERSITY» СТАРТАП-ЖОБАЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Бүгін Абай университетінде «Жас кәсіпкер Abai University» стартап-жобалар байқауының ақтық кезеңі өтті. Оқу орданың білім алушылары мен оқытушылары кәсіпкерлікке бағытталған жаңа жобалар ұсынып, жүзеге асырылуы жоспарын таныстырды. Университет басшылығы мен кәсіпкерлер қазылық етіп, лайықты ғылыми тың жобаларға қолдау көрсететінін мәлімдеді. Жеңімпаз топқа 2500000 теңгенің сертификаты табыс етілді.
Ғылымға құштар жас зерттеушілерге үлкен қолдау беретін Стартап жобаларының байқауы Абай университетінде жыл сайын дәстүрлі өтіп келеді. Жүлде қоры да өте қомақты. Бұл байқаудың басты ерекшелігі қаржыландыруға ие болған жоба авторлары оны толыққанды жүзеге асыруы қажет.
– Бүгінгі байқаудың ақтық сынында 11 жоба таныстырылады. Біз стартаптың ғылыми негізіне, тың идеясына мән береміз. Кәсіпкерлік мақсатта әрбір жобаның авторлық құқығы қорғалуы да маңызды. Стартап жобаларды коммерцияландыруда білім беру саласына ықпалы мол жобаларды қолдаймыз. Сондықтан, қатысушыларға сәттілік тілейміз! – деді инновациялық байқауды ашқан Ғылыми зерттеу және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан.
Байқау кезеңдерінен өтіп, ақтық сынға өткен 11 жобаның әрбірі – қоғамға қолайлы, білім беру ісіне ыңғайлы тың идеялардың жиынтығы. Соның бірі – PhD аға оқытушы Мадина Молдағали ұсынған «1Suraq онлайн» платформасы. Әлеуметтік мақсатта қоғам мүшелерінен алынатын сауалнама әдісін тиімді етуді көздейді. Платформаға респонденттер тіркеліп, сауалнамаларға онлайн жауап беріп бонустар алады. Кез келген зерттеуші немесе кәсіпкер мақсатты сұрақтар енгізе отырып, шынайы жауаптарға қол жеткізеді. Сонымен қатар, ЖИ құралдары арқылы респонденттің шынайы жауап бергенін де анықтауға болады.
Жаңа стартаптар қатарында Химия кафедрасының оқытушысы мен студенттері дайындаған «Adyraspan Candle» де өзекті жобалардың бірі. Ұлтымыздың ұстанымына енген адыраспан шөбін спирттік өңдеу арқылы химиялық қосындысынан балауыз шам дайындайды. Соның нәтижесінде ауа бактерияларын жоюға, адам бойындағы стрессті төмендетуге жағдай жасайды. Нарықтағы түрлі балауыз өндірісіне сараптама жасаған қатысушылар мұндай жобаның болмағанын және инновациялық идея екенін алға тартады.
Байқау қорытындысы бойынша «Qaitalau» заманауи дизайндағы ресурсы жобасы бірінші орынды иеленіп, 2 500 000 теңгелік қаржыландыруға мүмкіндік алды. «Дизайн» кафедрасының оқытушысы Айдана Нұрбаева дайындаған «Қазақи нақыштағы кәдесый өндірісі» жобасы 2-орынға (2 300 000 теңге) ие болды. Ал адыраспаннан балауыз шам жасауға бағытталған «Adyraspan Candle» жобасы үшінші орынға (1 200 000 теңге) лайық деп танылды. Айта кетейік, жеңіскен жеткен стартап жобалар үш жыл ішінде жүзеге асып, нәтижесін көрсетуі қажет. Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|