
Негізгі бет
Жаңалықтар
23.12.2025 ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГИКА САЛАСЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ
Абай университетінде «Әлеуметтік педагогтарды даярлаудың эволюциясы: тәжірибесі және стратегиялық перспективалары» тақырыбында халықаралық Open Space форматында ғылыми-практикалық алаң ұйымдастырылды. Семинар жұмысы әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми және практикалық диалогтың тиімді жақтарын айқындап берді.
Шара барысында әлеуметтік педагогика саласындағы тәжірибе мен инновациялар, жастардың дамуына бағытталған жобалар мен ғылыми еңбектер таныстырылды. Университеттің көрме залында «Мейірім» және «Лидер» клубтарының көрмесі өткізілді. Көрмеде әлеуметтік-педагогикалық қызметтің тәрбиелік және қоғамдық маңызы көрсетіліп, ұсынылған жобалар мен зерттеулер балалардың және жасөспірімдердің дамуына, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталды.
Семинарды ашқан Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін оқып берді. Құттықтауда министр Абай университетінің әлеуметтік педагогтарды 2010 жылдан бері даярлап келе жатқаны, қазіргі таңда жүздеген түлектің еліміздің әр өңірінде табысты еңбек етіп жүргенін мысалға келтірді. Әлеуметтік педагогтың қоғамдағы рөлін ерекше айқындап, оны тек қолдаушы маман емес, баланың, отбасының және қоғамның арасындағы жүйелі байланысты қамтамасыз ететін маңызды тұлға ретінде сипаттаған министр Open Space жұмысына сәттілік тілеген.
Сонымен қатар, Бану Мұқатайқызы әлеуметтік педагогтарды даярлаудың сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және практикалық бағытты күшейтудің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Іс-шараны Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қыяқбаева жүргізіп, халықаралық және отандық сарапшылар арасындағы кәсіби диалогты үйлестіріп отырды.
Халықаралық шарада Абай университетінде дәріс оқып жатқан шетелдік ғалымдар, әлеуметтік педагогика саласындағы ғалымдары мен практик мамандар баяндама жасап, әлеуметтік педагогтарды даярлаудың жаңа модельдері мен тиімді тәжірибелерін таныстырды. Мәселен, Гонконг Білім беру университетінің профессоры Янцьцзе Сунның «AI дәуіріндегі инновациялық педагогикалық тәжірибелер» тақырыбында жасаған баяндамасы қатысушылардың назарына ерекше әсер қалдырды. Ал осы университтің қауымдастырылған профессоры Юэнь Чи Пун тыңдап түсінуінде қиындықтары бар кіші жастағы оқушыларды анықтау жолдары туралы қызықты тәжірибелерін бөлісті.
Қазіргі қоғамда әлеуметтік педагогика ерекше рөл атқарады: балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу, инклюзивті білім беру ортасын дамыту, психоәлеуметтік әл-ауқат пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әлеуметтік педагогтың басты міндеттері саналатыны сөзсіз. Осы бағытта шетелдік және отандық мамандар арасындағы кәсіби диалог әлеуметтік педагогика саласындағы үздік тәжірибелер мен инновацияларды таныстыруға мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында «Әлеуметтік педагогтың кәсіби құзыреттерін дамытудағы инновациялар мен тиімді тәжірибелер» тақырыбында мектептегі әлеуметтік педагогтар арасында байқау ұйымдастырылды. Байқау олардың өз тәжірибелерін көрсетулеріне, үздік жобаларды бағалауға және педагогикалық шешімдерді тәжірибеге енгізуге жағдай жасады.
Халықаралық Open Space алаңы әлеуметтік педагогика саласындағы ғылыми және практикалық диалогтың тиімді форматын көрсетті. Айтылған ұсыныстар білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, әлеуметтік педагогтардың кәсіби құзыреттерін дамытуға және саладағы инновациялық тәжірибелерді кеңінен қолдануға жол ашады. Сонымен қатар, бұл кәсіби диалог отандық әлеуметтік-педагогикалық білім берудің жаһандық білім кеңістігімен ықпалдасуын нақтылайды. Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|