қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
22.12.2025

 

ЖЫЛЖАБАР: ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ЖАСТАР САЯСАТЫ

 

Күнтізбелік жылдың соңында «Жылжабар» қорытынды жасалып, әр бағыт бойынша бір жылда жеткен жетістіктер мен атқарылған істер сараланатын дәстүр бар. Осыған орай, бұл айдарды бірінші болып университеттің әлеуметтік және жастар саясатына арнап отырмыз.

 

2025 жылды сәтті түйіндеген Абай университетінің Әлеуметтік және жастар саясаты департаменті үздік нәтижелерге қол жеткізген студенттік ұйымдар мен білім алушыларды марапаттауға арналған «Жыл Үздігі – 2025» салтанатты кешін ұйымдастырды. Аталған шара қасиетті қарашаңырақтың әлеуметтік даму саясаты мен жастар бастамаларын қолдау және студенттік белсенділікті арттырудағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі болды.

 

Салтанатты кешке университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп арнайы қатысып, студент жастарды жетістіктерімен құттықтады. Университеттегі жастардың қоғамдық, әлеуметтік, мәдени және шығармашылық дамуға қосып жатқан үлестерін жоғары бағалады. Ректор өз сөзінде студенттердің белсенділігі мен бастамашылдығы білім ордасының стратегиялық дамуының маңызды қозғаушы күші екенін атап өтіп, алдағы жылға толағай табыс тіледі.

 

Кеш барысында университет көлемінде ең белсенді әрі креативті жұмыс істеген студенттік ұйымдар: «Үздік қоғамдық белсенді факультет», «Үздік өзін-өзі басқару ұйымдары», «Үздік жатақхана кеңесі», «Үздік студенттік клуб», «Жылдың үздік театрландырылған қойылымы», «Үздік шығармашылық топ», «Үздік қоғамдық жұмыс атқарушы топ», «Үздік спорттық секция», «Үздік тәрбие жұмысын үйлестіруші», «Үздік қазақи нақыш үлгісі», «Жыл волонтері», «Жыл белсендісі», «Үздік шетелдік шығармашыл студент», «Ең жоғары GPA иегері», «Креативті медиа жүргізуші» атты 15 номинация бойынша марапатталды. Үздік деп танылған студенттік ұйымдар мен белсенді студенттерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

 

Абай университетінің даму стратегиясында ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы ұлттық тәрбие негізі ретінде бекітілген. «Нұрлы ақыл» – интеллектуалды, «Ыстық қайрат» – физикалық, «Жылы жүрек» – рухани даму қағидалары негізінде қаралады. Қазіргі таңда, университетте жалпы саны 48 студенттік ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 28 шығармашылық, 10 спорттық, 4 студенттік театр және 6 қайырымдылық ұйымы бар. 1250 студент аталған ұйымдардың мүшелігіне енген. Биыл «Shyn», «Үркер», «Ұшқын», «Qaganat» атты студенттік театрлар дайындаған 19 қойылымды 5889 көрермен тамашалаған. «A-Bluse» инструменталды бэндінде 21 студент өнер көрсетіп, 2025 жылы жаңа студия ашылды. Ал «Жетісаз» оркестрінде 560 студент өнерімен танылды.

 

«Заң және тәртіп» бағдарламасына сәйкес білім алушылардың «Әдеп кодексі», «Жас педагог анты», «Білім алушылардың ішкі нормативтік ережесі» және университеттің тәлімгерлік сервисі туралы ереже қабылданды. Жастар саясаты бойынша цифрлық платформалар іске қосылды. Оның ішінде «senim-kaznpu.kz» психологиялық платформасына 10632 студент тіркеліп, онлайн психологиялық қолдау алу мүмкіндігі кеңейді. Сонымен қатар, қарашаңырақта «abai-jataqana.kz» әлеуметтік жеңілдіктер мен жатақханадан орын алуға арналған бірыңғай цифрлық платформа енгізілді.

 

Биылғы жылы 35 ынтымақтастық меморандумға қол қойылып, әртүрлі өңірлік және қалалық құрылымдармен серіктестік нығайды. Бір жылдың ішінде 46 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, 8950 студент мейірімділік бастамаларына үлес қосты. Тоғызқұмалақтан «Абай клубының» әдістемелік кабинеті ашылып, ұлттық интеллектуалдық ойындарды насихаттауға ден қойылды.

 

2025 жылы универсиетте әлеуметтік-тәрбиелік бағытта 454 іс-шара өтіп, 33255 білім алушыны қамтыған. Оның ішінде 23 республикалық, 69 қалалық, 364 университет және факультет деңгейіндегі жоба жүзеге асырылды.

 

Талантты студенттердің жеңісі мен жетістігі де көз қуантып отыр. 625 студент халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, Абай университетінің беделін арттырды. Спорт додаларында 115 алтын, 76 күміс, 75 қола медаль иеленіп, жалпы 266 жүлде қоржынға түсті. Сондай-ақ, Жұқамырза Шүкірбеков «Құрмет» наградасын, 2 студент «Өрт сөндіруде ерлік көрсеткені үшін» медалін кеудесіне тақты. Хабар арнасының «Азамат» интеллектуалды жобасында 2 білім алушы «Үздік талпыныс» номинациясымен марапатталды.

 

Биылғы жылы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету көрсеткіші айтарлықтай артты. Өйткені 2024-2025 оқу жылында 2800 білім алушы жатақханамен қамтылса, биыл жаңа оқу жылында 3322 білім алушы баспанамен қамтылды.

 

Оқу орнының 5 жатақханасына 1341 студент, 9 жеке жалдамалы жатақханаға 1981 студент жайғасты. Оның ішінде 133 студент шетел азаматы.

 

Бұдан бөлек, «100-50-20» әлеуметтік шығындар жобасы аясында 665 студентке жалпы 22576800 теңге көлемінде жалдамалы жатақхана төлеміне жеңілдік берілді. Оқу ақысына әлеуметтік көмек көрсету бойынша 338 студент 143102040 теңге көлемінде жеңілдікке қол жеткізді. Денсаулық сақтау саясаты шеңберінде студенттерді медициналық қызметпен қамту күшейтіліп, үш медициналық емханаға 12 39 студент тіркелді. Абай университеті кешенді үш жылдық «Денсаулық» бағдарламасын енгізіп, әлеуметтік мұқтаж 257 студент асханалардан 15% жеңілдік алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Ұлы ақын, ғұлама Абай есімін иеленген университет хәкімнің 180 жылдық мерейтойына арналған ғылыми, мәдени және шығармашылық жобаларды кең ауқымда іске асырды. «Атамекен CUP» республикалық пікірсайыс турнирі, «Абайдың «Толық адам» ілімінің негіздері», «Абайды зертте, таңырқат», «Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың жолымен» оқу құралдары мен жинақтары, Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» еңбегі, «Абаймен үндесу» студенттік жыр жинағы жарық көрді. Сондай-ақ, «Абайдың қарасөздері» кітабын бітіруші түлектерге сыйға тарту жолға қойылып, бүгінге дейін 4000 түлекке берілді. Университеттің бас ғимаратында Абайтану музей-аудиториясы ашылды.

 

Биыл сәуір–шілде айларында жастардың шығармашылығын шыңдай түсу мақсатында «Абай дәстүрі» мерекелік кезеңі өтті. Студенттер арасында «Абай аруы мен сұлтаны», «Табиғаттың ғажайып әлемі» көркемсурет сайысы, мектеп оқушыларының арасында «Абай оқулары» және «Асыл мұра» байқауы ұйымдастырылды.

 

Жыл соңында «Қазақта қара сөзге дес бермедім...» атты I республикалық студенттер айтысы өткізіліп, 14 жас ақын жұртшылықтың ықыласына бөленді. Айтыстың жүлде қорына 6 миллион теңге көлемінде демеушілік тартылды. Бұған қоса «Abai Musical Melody» республикалық ВИА фестивалі және «Темірқазық» интеллектуалды-танымдық ойыны жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосты.

 

Жастар – Абай университетінің қозғаушы күші. Мұнда студенттерге білім беруден бөлек, олардың бойындағы шығармашылық талантты шыңдауға, әлеуметтік-психологиялық қолдауға аса мән беріледі. Абай университеті – әрбір өз студентінің «дүниеде кетік тауып, қалануына» ықпал етеді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=