қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
12.12.2025

 

ҒАЛЫМДАР ПЕСТИЦИДТЕРДІ АНЫҚТАУДЫҢ ЖЕДЕЛ ТӘСІЛІН ТАПТЫ

 

Абай университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдеріндегі қауіпті пестицид қалдықтарын жоғары дәлдікпен және жедел анықтайтын жаңа буын электрохимиялық сенсорларды әзірледі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен 2023 жылдан басталған жоба биыл сәтті аяқталды. Осы уақыт аралығында магистранттар мен докторанттар жетекші ғалымдармен бірлесе отырып, 3-4 түрлі сенсор үлгісін жасап шығарған.

Пестицидтер ауыл шаруашылығы өнімдерін зиянкестерден және әртүрлі аурулардан қорғау үшін кеңінен қолданылатын химиялық зат. Оларды пайдалану барысында шамадан тыс себілсе, адам денсаулығына аса зор зиян әкеледі. Абай университетінің ғалымдары осы пестицидтерді жылдам анықтаудың жолын тауып отыр.

Жаңа сенсорлар MWCNTs–AuNPs негізіндегі шыны көміртекті электродтар, SiC–CDC–CS материалдарымен жасалған экранды басып шығарылған электродтар және өткізгіш наноматериалдармен модификацияланған икемді сенсорларды қамтиды. Олар DDVP және паратион сияқты ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын, бірақ адам денсаулығына қауіпті пестицидтердің қалдық мөлшерін анықтай алады. Сенсорлардың жұмыс диапазоны 0,01-100 микромоль, анықтау шегі 0,001-0,005 микромоль деңгейінде. Жауап беру уақыты 30-60 секунд шамасында.

Ғалымдардың айтуынша, бұл сенсорлар арзан, экологиялық таза материалдардан жасалған және өндірістік ауқымға енгізуге қолайлы, сонымен қатар шығынды 20-30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды аспектілерінің бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастық. Абай университетінен екі докторант және бір магистрант Оңтүстік Қытай технологиялық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, электрохимиялық өлшеулерді орындау және нәтижелерді талдау бойынша тәжірибе жинақтады. Бірлескен зерттеу сенсор технологиялары бойынша жаңа ғылыми деректер алуға және жобаның тиімділігін арттырды.

Жоба жетекшісі, Химия кафедрасының PhD, аға оқытушысы Рыскүл Бақыткәрімқызы ғылыми және практикалық маңыздылығына тоқталып өтті:

Біздің зерттеу жобамыздың маңызды бағыттарының бірі – халықаралық ғылыми орталықтармен тұрақты байланыс орнату болды. Магистранттар мен докторанттар әлемдік деңгейдегі зертханаларда жұмыс істеп, кәсіби дағдыларын дамытты. Бірлескен ғылыми жұмыстар нәтижесінде электрохимиялық сенсорлар саласында жаңа маңызды деректер алынды. Бұл – қазақстандық ғылымның мүмкіндігін көрсететін үлкен жетістік.

Дайындалған сенсорлар ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылауда, экологиялық мониторингте, су мен топырақтағы пестицид қалдықтарын анықтауда қолдануға жағдай туғызады. Алдын ала күрделі өңдеуді қажет етпестен, оларды жеңіл қолданып, жедел нәтиже ала алады.

Бұл зерттеу Қазақстандағы отандық ғылымның дамуына, жас зерттеушілердің әлеуетін арттыруға және экологиялық қауіпсіздік саласын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 

  alt=  

  alt=  

  alt=