
Негізгі бет
Жаңалықтар
11.12.2025 ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖАНДАНАДЫ
Елордада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Астана қаласында Білім беру институтында университеттің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлнар Әбішевамен кездесті. Кездесу барысында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Республикалық Білім берудің оқу-әдістемелік орталығы негізінен оқушылар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беретін оқу-әдістемелік орталық. Онда оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысын үйлестіру, озық педагогикалық тәжірибелерді енгізу, қосымша білім бағдарламаларын іске асыру және мұғалімдердің біліктілік арттыру бағытыдағы жұмыс түрлерін ұйымдастыру, білім беру мекемелері және ұйымдармен әріптестікті нығайту мәселелері қамтылады. Бұл педагогикалық бағытта жұмыс істейтін Абай университеті үшін аса маңызды. Осы орайда, Астанада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Болат Тілеп пен Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлнар Әбішева кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты арттыру мақсатында меморандумға қол қойды. Оның басты тетігі – қосымша білім беру саласын жетілдіру, педагог кадрлардың кәсіби даярлығын күшейту, ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіру және білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу. Сонымен бірге жасанды интеллект элементтерін қолдану және дарынды балаларды қолдау бағыттары да назарға алынды. Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша курстар әзірлеу, оқу-әдістемелік зертханалар құру, ортақ іс-шаралар ұйымдастыру және волонтерлік бастамаларды дамыту жөнінде келісімге келді. Болашақта университет пен аталған орталық арасындағы кәсіби байланыстар нығайып, біліктілікті арттыруға бағытталған өзге де бастамалар жүзеге аспақ.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|