қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
10.12.2025

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ «UI GREENMETRIC» ЖАҺАНДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ РЕЙТИНГІНДЕ ЖОҒАРЫ КӨТЕРІЛДІ

  

Индонезиядан ақжолтай сүйінші хабар жетті. Абай университеті тұрақты даму саласындағы жетістіктерді бағалайтын «UI GreenMetric – 2025» жаһандық университеттер рейтингісі бойынша позициясын жақсартып, әлемнің 105 елінің 1745 оқу орны арасынан сатылап жоғары көтерілді. Оның ішінде Қазақстаннан бағаланған 30 университеттің арасынан 4-орынды иеленіп отыр.


Биылғы жыл халықаралық рейтингтер жүйесінде Абай университеті үшін өте табысты болды. Мәселен, жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдау агенттігі «QS Quacquarelli Symonds» тұрақты даму мақсаттарына бағытталған әлемнің жетекші университеттерінің кезекті «QS  Sustainability Rankings 2026» рейтингінде 100 орынға жоғарыласа, «QS Stars» халықаралық рейтингтік жүйесі бойынша «Бес Жұлдыз» үздік белгісін иеленді. Енді Қазақстан мен Орта Азиядағы педагогикалық бағыттағы көшбасшы Абай университеті тұрақты даму саласындағы жетістіктерді бағалайтын «UI GreenMetric – 2025» жаһандық университеттер рейтингінің нәтижесі бойынша да тағы жоғары көтерілді.

 

Биылғы рейтингте 105 елден 1 745 оқу орны, соның ішінде Қазақстаннан 30 университет бағаланған. Бағалау инфрақұрылым, таза энергия, қалдықтарды басқару, суды үнемдеу, экологиялық көлік, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттары бойынша білім беру және зерттеулер секілді алты блок бойынша жүргізілді. Нәтижесінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті әлемдік рейтингте 356-орынға, ал Қазақстан бойынша 4-орынға шықты.


Рейтингтің ерекшелігі – университеттің аталған 6 саласы бойынша нақты іс-қимылдары мен жетістіктерін бағалаудан тұрады. Оның негізі жаһандық климаттың өзгеру әсерін азайтуға және университеттердің тұрақтылық саласындағы жетістіктерін әлемдік қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік береді.


 

Бұл Абай университетінің тұрақты даму қағидаттарына беріктігін растайтын әрі тұрақты экожүйені құру үшін үздіксіз күш жұмсап келе жатқанының шынайы айғағы.

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=