
Негізгі бет
Жаңалықтар
21.11.2025
ҚАЗАҚСТАН–ФРАНЦИЯ АКАДЕМИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Абай университетінің Сорбонна–Қазақстан институтында Қазақстан-Француз академиялық стратегиялық кеңесінің алғашқы отырысы өткізілді. Шараға ҚР-дағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Геоге, елшілік дипломаттары, университеттің басшылығы, «Франция–Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері және академиялық қауымдастық мүшелері қатысты. Университет тарапынан отырысқа басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова және Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова қатысты. Ал Франция тарапынан ҚР-дағы Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Геоге, Елші кеңесшісі Себастьен де Куртуа, Алматыдағы Бас Консул Максим Жерэнже, «Франция-Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры және «Альянс Франсез» ұйымының директоры Аньес Буссе қатысты. Отырыстың басты мақсаты – екі ел арасындағы білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейту. Кездесу барысында тараптар соңғы жылдардағы серіктестікті талқылап, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Француз делегациясы университеттер арасындағы келісімдерді жаңартудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру, бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету, Францияның Қазақстандағы мәдени-білім беру жобаларын қолдау, экономикалық және академиялық салаларды жақындастыру мәселелері қаралды. Университеттегі тәрбие жұмыстары, студенттердің волонтерлік қызметі және жастардың құқықтық-азаматтық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Сорбонна-Қазақстан институтында Француз және еуропалық тілдер дидактикасы орталығын ашу жөніндегі жұмыстар жоғары бағаланды. Орталық Франция Елшілігінің қолдауымен Франция Сыртқы істер министрлігінің грантының аясында іске қосылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Француз мамандары шақырылып, қазақстандық оқытушылардың Францияда тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасалған. Жалпы, бұл отырыс екі ел арасындағы академиялық ынтымақтастықтың серпінді дамып келе жатқанын көрсетті. Тараптар алдағы кезеңге арналған жаңа жоспарлар мен бастамаларды талқылап, болашаққа деген оптимистік көзқараспен жұмысын қортындылады.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі
|