қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
12.11.2025

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ – ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидасына сүйеніп, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау маңыздылығын айтқан болатын. Осы мақсатта бүгін Абай университетінің студенттерімен Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері кездесу өткізді.


Алматы – еліміздегі мәдени-туристік және университеттер шоғырланған ірі қалаларының бірі. Сондықтан, Алатаудың бөктеріндегі әсем қалаға жыл сайын білім алуға студенттер мен жұмыс мәселесі бойынша мамандар толассыз келеді. Алып шаһарда қоғамдық тәртіпті сақтау, заңсыздықтардан аулақ болу, алаяқтардан сақтану өте өзекті. Алматы қаласы Жетісу аудандық полиция басқармасының жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшесінің бастығы Назгүл Қалықбаева білім алушы жастарға құқықтық сауаттылықтың маңызын түсіндірді.


– Бірінші курс студенттері жиынға көп қатысып отырған соң, сіздер үшін ерекше ескертейін, түрлі алаяқтардан сақ болыңыздар. Өйткені, қазір дропперлік алаяқтық белең алды. Сіздің банк картаңызды сұрап алып, көлемді ақша беріп тұрамын деп уәде етеді. Ал сіздің банк картаңыз арқылы алаяқтардың миллиондаған ақшасын банкоматтан шешіп алады. Бұл – заң алдында банк картасының иесін құқықбұзушылықтан құтқармайды, – деді полиция подполковнигі Назгүл Қалықбаева.


Сонымен қатар, жастардың қала көшелерінде электросамокат мініп, жол-көлік оқиғасына тап болуына тоқталды. Алматыда жыл басынан бері 79 оқыс оқиға болып, 173 адам жарақат алған. Әсіресе, электросамокатты жастар көп қолданғандықтан қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейтін болып тұр. Полиция мамандары студенттердің сақ болуына, қауіпсіздікті ешқашан ұмытпауға шақырды.


Тәртіп сақшылары Алматы қаласының метросында, тұрғын үйде және қоғамдық орындарда қандай іс-әрекеттер заңбұзушылық болып есептелетінін бейнероликтер арқылы көрсетті. Сондай-ақ, есірткіге қарсы, интернет алаяқтарына қарсы қандай амалдар жасау керектігін жан-жақты түсіндірді. Жиын соңында студенттер полиция мамандарына сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды. Олар еліміздегі әрбір азамат «Заң мен тәртіп» қағидасын сақтаса, қоғамда бейбіт әрі тыныш өмір болатынын жеткізді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=