РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ ДИКТАНТ ӨТЕДІ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 4-13 қараша аралығында дәстүрлі «Ұлттық диктант» жобасы өтеді. Бұл ауқымды шара Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Жобаның негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, азаматтардың сауатты жазу дағдыларын жетілдіру, жастардың тіл мәдениетін көтеру және қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру. Диктантқа университет басшылығы, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысады.
Жазбаша сынақ университеттің барлық факультеттері мен құрылымдық бөлімшелерінде өткізіледі. Атап айтқанда, диктант Бас оқу ғимаратында, педагогика және психология, математика, физика және информатика, филология, жаратылыстану-география, әлем тілдері, дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық, өнер факультеттерінде, сондай-ақ Сорбонна-Қазақстан институты мен Foundation факультетінде ұйымдастырылады.
Биылғы жылы диктант республиканың барлық өңірлерінде және шетелдегі қазақ диаспорасы арасында да онлайн форматта өткізіледі. Қатысушылар til.kz ресми сайтында іске қосылған арнайы «Ұлттық диктант» парақшасы арқылы https://dictant.til.kz/ сайтына кіріп, онлайн түрде қатыса алады.
Диктант мәтіні қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларынан және отандық классикалық туындылардан таңдалып алынады. Қатысушылардың жұмыстары тіл мамандары тарапынан бағаланып, ең үздік нәтиже көрсеткендерге арнайы сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етіледі. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға электронды алғыс хат және «Kitap» қосымшасына тегін жазылым беріледі.
Ұлттық диктант - қазақ тілін дамыту мен насихаттаудың, сондай-ақ ұлт болашағының тілдік мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі. Айта кетейік, ұлттық диктант жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі және бұл жоба қазақ тілінің мәртебесін арттыруға, тілдік бірегейлікті сақтауға және азаматтардың сауаттылығын дамытуға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық бастама саналады.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі

