
 
|  Негізгі бет 
Жаңалықтар 
30.10.2025 «АЙТЫЛҒАН ТАРИХТЫҢ» ЖАҢА МОНОГРАФИЯСЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ 
 Абай университетінде «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының Торғай, Ырғыз, Батпаққара және Қарақұм (1916–1930жж) ұлт-азаттық күрестер тарихына байланысты жаңа монографиясы жарық көрді. Бүгін университеттің Ғылыми кітапхана залында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті. Монография авторлары – профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев пен тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессоры Забира Мырзатаева. Зерттеу еңбектің тұсаукесеріне еліміздің белгілі тарихшылары, сонымен қатар ғылыми туынды кейіпкері Әбдіғапар хан Жанбосынұлының ұрпағы Марат Мырзағалиев пен Торғай өңіріндегі көтерілістерге белсене қатысқан тарихи тұлға Бермұхамед Сисекеновтің ұрпағы Дархан Сисекенов арнайы қатысты. 
 – Әділетсіздікке, қиянатқа қарсылық көрсете алған ұлт қана мәңгілік өмір сүре алады. Тарих соның дәлелі. Бұл кітап – тарихи әділетсіздікке қарсы дәлелді архивтік құжаттар негізінде жазылған. Сондықтан, монографияда тың тарихи деректер ғылыми айналымға еніп отыр, – деді академик Мәмбет Қойгелдиев. 
 Ғылыми еңбекте өңірдегі сұрапыл шайқастар Торғай көтерілісінің басшысы, тарихи тұлға Әбдіғаппар хан Жанбосынұлының қосимперия (патшалық Ресей және Қызыл империя) арнасындағы азаттық күресі арқылы баяндалады. Торғай елінің 1916 жылғы көтерілістен кейін мұқалмаған қайсарлық жігер¬і мен кеңестік реформаларға қарсы халық көтерілістері (Батпаққарадағы 1929 ж., Қарақұмдағы 1930 ж.) баяндалады. Бұл саяси тұлғаның қайғылы тағдыры соңғы жылдарға дейін құпия түрде сақталып келген тергеу материалдарына сүйеніп жазылған. 
 – Бұл монография жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, тарих ғылымына қызығушылығын арттырады. Тәуелсіздік жолында күрескен батыр бабаларды тани отырып, жас ұрпақ азаттықтың қандай қиындықпен келгенін түсінеді. Егемендігімізді сақтауға, отанымызды көркейтуге еңбек етеді деп сенемін. Осы жолда зерттеу жүргізген тарихшыларға алғысымды айтамын, – деді Әбдіғапар Жанбосынұлының ұрпағы Марат Мырзағалиев. 
 Тәуелсіздік жылдарына дейін 1916 және 1929-1930 жылдардағы қазақ халқының азаттық үшін жүргізген көтерілістері тарих ғылымында бұрмалауға ұшырап, ал оның жеке тұлғаларының рөлі идеологиялық ұстаным тұрғысынан баяндалып келді. Ал бүгінде елдің болашағы үшін өмірін арнаған қайраткер тұлғалардың есімдері ұлт жадында қайта жаңғырып, ел тарихынан тиесілі орнын алып жатыр. Әбдіғапар Жанбосынұлы мен оның торғайлық жерлестерінің ел мүддесін қорғау ісіндегі көрсеткен жанкешті ерлік істері ұлт тарихында ешуақытта құндылығын жоймайтын үлгі болып қала бермек. 
 
 
 
 
 
 Абай атындағы ҚазҰПУ 
 Баспасөз қызметі 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 |