қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
30.10.2025

СТУДЕНТТІК РЕКТОРАТПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп университеттің студенттік ректораты мен студент-декандарын қабылдады. Онда студенттік өзін-өзі басқаруда маңызды рөл атқаратын келелі мәселелерді күн тәртібіне шығарды.

 

Студент жастардың мәселелері мен ұсыныстары университет басшылығының әрдайым басты назарында. Олардың талап-тілектерін орындау – болашақ үшін аса қажетті. Студенттік ректорат мүшелері мен декандарын қабылдаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Болат Әнапияұлы әр студенттің өз пікірін еркін білдіріп, ойын ашық жеткізуі маңызды екенін ерекше атап өтті.

 

– «Абай университетінің студенті» деген мәртебеге ие әрбір студент өз ойын қысылмай тәуелсіз жеткізуі тиіс. Студенттік ортадағы көңіл күйді бақылап, сайланған студент ректоры мен декандар өздеріне артылған жауапкершілікті сезініп, белсенді жұмыс істеуі қажет, – деді Болат Тілеп.

 

Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, жатақханалардағы тұрмыстық жағдай, кітапханалар мен компьютерлік бөлмелер, университет асханаларындағы тамақ сапасы мен баға тұрақтылығы т.б. қозғалды. Кейбір студенттер мәдени іс-шараларды өткізуге және дайындық жұмыстарын үйлестіруге арнайы орталарды көбірек қалыптастыруға өтініш білдірді.

 

Бұл мәселелер бойынша ректор алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Ол асхана жұмысына байланысты кәсіпкерлермен арнайы кездесу өткізілетінін мәлімдеді.

 

– Егер қисынсыз жағдайлар қайталанса, студенттік ректорат пен студенттік декандар бірден әрекет етіп, мәселені оперативті түрде көтеруі қажет. Сіздер – тек студент емессіздер, университет өміріне белсенді араласатын жастарсыздар. Сайлау арқылы бекіген Студенттік ректор мен декандар күрделіліктерді шешуге құзыретті екендіктеріңізді ұмытпаңыздар, – деді Болат Тілеп.

 

Студенттік ректор мен әр факультеттен келген студент-декандар Университет басшысына жастардың дамуы мен үлкен өмірге қалыптасуына жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырғанына, сондай-ақ жалпы студенттердің мәселелеріне бейжай қарамай, жедел түрде шешілуін қамтамасыз еткеніне ризашылықтарын білдірді. Болат Тілеп мұндай кездесудің тұрақты түрде өткізілетінін айтты.

 

Абай университеті студенттерінің қажеттіліктеріне байланысты осындай кздесуді Басқарма төрағасы-Ректор енді екі аптада бір рет өткізіп, студенттік ректоратпен ашық диалог форматында талқылап тұруға келісті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

 

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=