қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
29.10.2025

 

ЗЕРТТЕУ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АЛМАСТЫ


Абай университетінің Бастауыш білім беру кафедрасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сарапшысы, білім беру психологиясы саласының беделді маманы, доктор Клеа Фернандеспен ашық диалог ұйымдастырды.


Кездесу «Жас ғалымдардың зерттеу құзыреттілігін дамыту: құралдар, дағдылар және даму болашағы» тақырыбында өтті. Іс-шараға магистранттар, оқытушы-профессорлар құрамы және жас ғалымдар қатысты. Доктор Клеа Фернандес қазіргі білім беру саласындағы ғылыми зерттеулердің даму үрдістеріне жан-жақты талдау жасап, зерттеу әдістемесінің заманауи бағыттарына тоқталды. Сарапшының айтуынша, педагогикалық зерттеулерде сапалық және сандық тәсілдерді ұштастыратын аралас әдістерді (mixed methods) қолдану - ғылыми дәлдік пен объективтілікті арттырудың тиімді жолы. Мұндай тәсіл зерттелетін құбылыстарды кешенді тұрғыдан қарастыруға, нәтижелерді нақты және жан-жақты түсіндіруге мүмкіндік береді.


Доктор Фернандес өз сөзінде зерттеу процесінде мәлімет жинау құралдарын этикалық тұрғыдан дұрыс таңдаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, ғылыми ізденіс барысында этика мен академиялық адалдық қағидаттарын сақтау зерттеушінің кәсіби мәдениетін көрсетеді. Сонымен қатар, сарапшы заманауи зерттеу қызметінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің (AI) рөлі артып келе жатқанын атап өтті.


Кездесу барысында педагогтардың кәсіби дамуын қолдайтын, рефлексия мен бірлескен тәжірибе алмасуға негізделген Lesson Study әдісіне де ерекше назар аударылды. Бұл әдіс мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға, өз тәжірибесін талдап, оны жетілдіруге мүмкіндік береді.


Диалогқа қатысушылар зерттеу құзыреттілігін дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, ғылым мен тәжірибенің өзара байланысын нығайтудың жолдарын қарастырды. Магистранттар кездесудің танымдық және тәжірибелік маңызы жоғары болғанын атап өтіп, доктор Фернандестің ұсынған ғылыми идеялары мен әдістемелік тәсілдерін өз зерттеу жұмыстарында қолдануға ниетті екендерін білдірді.


Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі

 



  alt=  

  alt=  

  alt=