қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.10.2025

ФРАНЦУЗ ЖӘНЕ ЕУРОПАЛЫҚ ТІЛДЕР ДИДАКТИКАСЫ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

 

Абай университеті жанындағы Сорбонна-Қазақстан институтында Француз және еуропалық тілдер дидактикасы орталығы ашылды. Салтанатты шараға университет басшылығы, Францияның Қазақстандағы Бас консулы және Франциядан келген ресми делегация мүшелері қатысты. Орталықтың ашылуымен қатар француз тілі оқытушыларына арналған алғашқы біліктілікті арттыру семинары өз жұмысын бастады.

 

Франция тарапынан келген делегация құрамында Пуатье университетінің әдебиет және тілдер факультетінің деканы Стефан Бикиало, халықаралық байланыстар жөніндегі жауапты өкілі Личия Баджини, жаратылыстану және қолданбалы ғылымдар факультетінің халықаралық байланыстар жөніндегі өкілі Фредерик Ришар, факультеттің әкімшілік жетекшісі Селин Гийе және FLE орталығының әкімшілік жетекшісі Эмили Латьер Лавернь болды.

 

Орталықтың ресми тұсаукесер рәсімінде салтанатты лентаны университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже және Пуатье университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі өкілі Личия Баджини кесті. Ал орталықтың тақтайшасын Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова мен Личия Баджини ашты.

 

Франция консульдығы тәжірибелік сабақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қажетті жиһаздармен және техникалық құралдармен, ноутбуктер, микрофондар, сондай-ақ әдістемелік кітаптар мен оқуға қажетті көрнекіліктермен толықтай қамтамасыз еткен. Жаңа орталықтың ашылуы Қазақстанда француз тілін оқыту сапасын арттырып, білім мен мәдениет саласындағы серіктестікті нығайтуға зор үлес қосады деген үміт бар.

 

Шара барысында француз делегациясы университеттің оқытушылар-профессорлар құрамымен, магистранттармен және студенттермен кездесіп, ұтқырлық бағдарламалары, тілдік білім беру әдістемесі, бірлескен ғылыми жобалар мен басқару тәжірибесі туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, STEM бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстан жоғары оқу орындарының халықаралық байланыстарын дамыту мәселелері жөнінде сөз болды.

 

 


Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі 



  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=