
Негізгі бет
Жаңалықтар
24.10.2025 «СӘКЕН ОҚУЛАРЫ» ЧЕЛЛЕНДЖ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Бүгін Абай университетінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына арналған «Сәкен оқулары» челлендж байқауының марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараның мақсаты – Сәкен Сейфуллиннің бай әдеби мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттау, көркем сөз оқу мәдениетін дамыту және әлеуметтік желілер арқылы отандық әдебиетті заманауи форматта дәріптеу.
Байқауға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері мен прозалық шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқып, өз туындыларын Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде #СәкенніңСөзіҰрпаққаҰран және #АбайУниверситеті хэштегтерімен жариялады. Қатысушылардың өнерін қазылар алқасы көркемдік шеберлік, мәтінді мәнерлеп жеткізу, дауыс ырғағы мен дикция, сахна мәдениеті және байқау шарттарын сақтау сынды өлшемдер бойынша бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша I орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1 курс студенті Саяжан Хайыржанқызы, II орынды Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының 1 курс студенті Әмина Әшімханова, III орынды Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының 1 курс студенті Ұлдана Жиенаева иеленді. Сонымен қатар, қатысушылардың арасында ерекше орындаушылық қабілеттері мен шығармашылық көзқарастары үшін арнайы номинацияларға ие болғандары да бар. Мәселен, «Сөз зергері» номинациясын Ерасыл Жолдасбаев, «Көркем сөздің шебері» номинациясын Шыңғыс Тасбулатов, «Жанды сөз – жүрек үні» номинациясын Нұржан Отарбай иеленді.
Жеңімпаздар мен номинация иегерлеріне университеттің Басқарма Төрағасы-Ректордың Алғыс хаттары мен арнайы диплом және ақшалай сыйлықтар табысталды. Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, «Сәкен оқулары» челлендж байқауы – жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеріп, әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған игі шара болды.
Абай атындағы ҚазҰПУ
|