
Негізгі бет
Жаңалықтар
17.10.2025 ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕРІ АЙТЫЛДЫ Абай атындағы ҚазҰПУ-да Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен «Цифрлық кеңістіктегі қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында семинар өтті. Бұл шарада еліміздегі қаржылық сала мен қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланып, азаматтардың цифрлық қаржы әлеміндегі қорғаныс шаралары туралы кеңінен ақпарат берілді.
Семинар спикерлері ретінде АҚ «Банк Центр Кредит» қызметкері Адина Ибраимова, Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Батырхан Расылхан және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің маманы Аким Гадильбек сөз сөйлеп, өздерінің кәсіби пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара барысында 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі қаржылық сауаттылық деңгейінің 41,2% құрағаны атап өтілді. Сонымен қатар, еліміздегі қаржы нарығының құрылымы туралы нақты мәліметтер ұсынылды.
Шара қонақтары ұсынған мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің саны – 23, сақтандыру компанияларының саны – 25, ал микроқаржылық ұйымдар мен ломбардтардың саны шамамен 750-ге жетеді екен. Сондай-ақ, қаржылық қызметтердің тағы бір маңызды секторы – брокерлік қызметпен айналысатын 15 ұйым жұмыс істейтін көрінеді.
Семинарда цифрлық кеңістікте қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін онлайн алаяқтық, киберқылмыс және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де қарастырылды. Қатысушыларға цифрлық құралдарды тиімді және қауіпсіз пайдалану бойынша практикалық кеңестер берілді, сонымен қатар қаржылық операциялар жүргізу кезінде сақ болудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Бұл семинар білім алушыларға қаржылық қауіпсіздік саласындағы қазіргі ахуалды терең түсінуге мүмкіндік беріп, цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдарын меңгеруге септігін тигізді.
Қаржылық сауаттылықты арттыру және цифрлық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы осындай іс-шаралардың маңызы жыл санап артып келеді. Себебі заманауи қаржы әлемі тез өзгеруде және жаңа қауіп-қатерлерге дайын болуды талап етеді.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі |