![]()
16.10.2025
РЕСЕЙ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Абай университеті базасында өтіп жатқан инклюзивті білім беру бойынша Дүниежүзілік конгресс аясында П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің делегациясы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбековамен кездесті. Онда екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Дүниежүзілік конгресс жұмысына ашық алаң ұсынған Абай университеті басшылығына алғыс білдірген көршілес ел университетінің делегациясы бүгінгі басқосудың жемісті болғанын жеткізді. Кездесу барысында Ресей халықтар достығы университетінің (РХДУ) көп профильді мамандар даярлайтыны, оның ішінде арнайы педагогика саласына ерекше көңіл бөлінетіні жайлы айтылды. – Бүгінгі конгресс аясында Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындарының ішіндегі көшбасшы университет басшылығымен кездесу біз үшін ерекше мәртебе. Көршілес мемлекеттің білім саласындағы тың идеялары мен жаһандық бастамалары көңілге қуаныш ұялатады. Инклюзия саясатында жалпыға бірдей білім беру – ең негізгі ұстаным. Сондықтан, Ресей халықтар достығы университеті бұл мақсатта халықаралық серіктестікті нығайтуды көздейді, – деді РХДУ (РУДН) Салыстырмалы білім беру саясаты оқу-ғылыми институтының директоры Мария Симонова. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова университеттің инклюзивті білім беру бағытында арнайы педагогика салаларын бұрыннан да кеңірек оқытуды қолға алып жатқанын атап өтті. Ғылыми ізденістерге жол ашатын, сараптамалық зерттеу жүргізетін ғалымдарды даярлаудың маңыздылығына тоқталып, осы бағыттағы қасиетті қара шаңырақтың жоспарымен таныстырды. Бұл мақсатта жоғары оқу орындарының арасында халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді. Ресей халықтар достығы университетінің (РХДУ) делегациясы өздерінде жүзеге асып жатқан инклюзивті білім беру ісі жөніндегі ақпараттарымен бөлісіп, инклюзия саясаты мен концепцияларын баяндады. Олар білім алушылардың денсаулығына ғана емес, көшіп-қону, әлеуметтік және психологиялық ерекшеліктерін де ескере отырып, білім беруді жетілдіру қажеттігін алға тартады. Университет делегациялары инклюзивті білім беру ғана ғылымның түрлі салаларындағы бағыттарды талқылап, келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттырып, кейбір бастамаларды бірлесе отырып жүзеге асыруға уағдаласты.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|