![]()
16.10.2025
ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Алматыда кеше басталған инклюзивті білім беруге арналған Дүниежүзілік конгрестің (World Inclusion Congress – WIC 2025) келесі кезеңдері өз жұмысын табысты бастады. Онда аталған сала бойынша әлемдік спикерлер баяндама жасап, инклюзивті білім берудің қазіргі мәселелерін талқылады. Инклюзивті білім берудің жаңа кезеңін айқындауға бағытталған үш күндік халықаралық деңгейдегі ірі іс-шара Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Ұлыбританиядағы International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) ұйымы мен Қазақстандағы HOPE қоры (Help Others Pursue Education) бірлесіп ұйымдастырған конгреске ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Алматы қаласы әкімдігінің қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ, Google for Education, UNESCO, UNICEF, IIET, Bett Show, International Baccalaureate сияқты халықаралық ұйымдар да серіктестікке ие. Бүгін жаһандық іс-шара өзінің стратегиялық серіктесі саналатын Абай университетінде жалғасын тапты. Конгрестің басты спикері – білім беру саласындағы әйгілі маман, Ұлыбритания үздік мектебінің директоры, Benenden мектебінің кеңес мүшесі және «Тәуелсіз мектеп» сыйлығының сарапшысы Дэмиан МакБит. Оның жетекшілігімен инклюзивті білім беру саласындағы жаңа әдістер мен тәжірибелер талқыланып, заманауи педагогикалық инновациялар ұсынылды. Сонымен қатар, конгресте BIG Public Speaking компаниясының тең құрылтайшысы Фредерик Африфа, инклюзивті білім беру мен нейроалуантүрлілік кеңесшісі Джой Элизабет Бакнер, IFIP ұйымының негізін қалаушы Дэниель Собель, педагогикалық инновациялар маманы Айяппарадж Мани және «Reconstructing Inclusion» кітабының авторы Амри Б. Джонсон сияқты 70-тен астам халықаралық сарапшы мен спикер қатысты. Бүгінгі бағдарламаның негізгі тақырыптары инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда, білімнің сапасы мен оны баршаға қолжетімді ету арқылы елдің тұрақты дамуын қолдау, мамандарды даярлаудағы әл-ауқат пен сапаның маңыздылығы, педагогикалық инновациялар арқылы білім жүйесін жаңғырту, зерттеуге негізделген перспективалық тәжірибелерді енгізу және цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің білім беру саласындағы рөлі мен оларды қолданудың сын-қатерлері туралы айтылды. Сонымен қатар, оқу процесіндегі бағалаудың маңыздылығы, оның білім сапасын арттырудағы инновациялық әдістері және оқу үшін бағалау мен оқудың бағалауы арасындағы байланысқа ерекше назар аударылды. Конгреске қатысушылар педагогикалық инновация, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және инклюзивті білім беруді жаңа деңгейге көтеру мәселелерін де жан-жақты қарастырды. Педагогикалық көшбасшы қара шаңырақ Абай университеті мектепке дейінгі және орта мектеп мекемелеріне осы бағытта кадр дайындайтын болғандықтан стратегиялық маңызды форумды қабылдап, оған арнайы алаң ұсынып отыр. Өйткені, жоғары оқу орнында дефектология, логопедия, тифлопедагогика, сурдопедагогика т.б. секілді арнайы мамандықтар жан-жақты оқытылады. Сондықтан, бұл конгресс жұмысы ғалымдар мен студенттер үшін де өте маңызды. Инклюзивті білім беруге арналған Дүниежүзілік конгресс (World Inclusion Congress – WIC 2025) ертең де жалғасын табады.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|