![]()
15.10.2025
«ТҮСТЕР СИМФОНИЯСЫ» КӨРМЕСІ ӨТТІ
Биыл қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан халық суретшісі Молдахмет Кенбаевтың туғанына – 100 жыл. Осыған орай, Абай университеті өткен аптада тамылжыған тамаша табиғат аясында пленэр ұйымдастырған болатын. Бүгін сол Алатау бөктерінде салынған суреттер нәтижесінде «Түстер симфониясы» атты қорытынды көрме болып өтті. Шараға университеттің оқытушылары мен дарынды студенттері белсене қатысты. 10 қазанда табиғат аясында бастау алған шығармашылық шарада Өнер факультетінің оқытушылары мен студенттері табиғат аясында пленэрге шығып, кескіндеме, графика және инсталляция жанрларында өз туындыларын салды. Оның мақсаты – ұстаздар мен студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту, кәсіби шеберлігін шыңдау және университеттің көркем қорын жаңа жұмыстармен толықтыру. Пленэрге университеттің кәсіподақ ұйымы қолдау көрсетті. Бүгін осы пленэр қорытындысы бойынша Абай университетінің бас ғимараты алдында күз тақырыбына арналған «Түстер симфониясы» атты көрме ашылды. Табиғаттың күзгі бояуларын көркемдеп жеткізген көрме жұмысы Молдахмет Сыздықұлының 100 жылдығына арналды. Онда жас өнерпаздар қазақ кескіндемесінің ұлттық дәстүрлерін насихаттап, танымал суретшінің мұрасына құрмет көрсетті. Көрменің ашылу салтанатында Абай университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті. Ол қатысушылардың шығармашылық еңбегін жоғары бағалап, ұстаздар мен студенттерге Алғыс хаттар табыстады. Іс-шара барысында университет ұжымы мен қонақтар көрмені тамашалап, қазақ бейнелеу өнеріне елеулі үлес қосқан Молдахмет Кенбаевтың рухына тағзым етті. Бұл көрме жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болғаны анық. Еске сала кетсек, Молдахмет Кенбаев (1925–1988) – қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық суретшісі. Ол қазақ халқының ұлттық мәдениетін, табиғатын және тұрмыс салтын шеберлікпен бейнелеп, кескіндеме өнерінің дамуына зор үлес қосқан өнер шебері. Оның шығармашылығы ұлттық нақышымен ерекшеленіп, кейінгі ұрпақ суретшілеріне рухани азық ретінде сақталған.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі
|