«ЖАС КӘСІПКЕР ABAI UNIVERSITY – 2025» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
2025 жылғы 30 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жас кәсіпкер Abai University - 2025» стартап-жобалар конкурсының финалы - Demo Day өтті. Оның мақсаты - студенттер мен жас зерттеушілердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және ғылыми әзірлемелерді бизнес-жобаларға айналдыруға ынталандыру. Финалдық кезеңде 7 топ өз жобаларын ұсынды. Бағалау комиссиясының шешімімен «Smart балалар асханасы» жобасы бірінші орынды жеңіп алып, 1,5 млн теңге инвестициялық қолдауды иеленді.
Жалпы жүлде қоры 3 миллион теңге тұратын байқауды ұйымдастырған Абай университетінің Ғылым департаменті. Оған болашағынан зор үміт күттіретін 7 топ қатысты. Сондықтан, «Жас кәсіпкер Abai University - 2025» стартап-жобалар байқауының ақтық бәсекесі де өте тартысты өтті деуге болады.
Бұл ауқымды іс-шара жас инноваторлар, кәсіпкерлер мен сарапшыларды бір алаңға тоғыстырып, олардың батыл идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Байқаудың басты мақсаты - студенттердің, жас зерттеушілер мен оқытушы-профессорлар құрамның кәсіпкерлік белсенділігін дамыту, университеттің ғылыми-зерттеу әзірлемелерін бизнес-жобаларға айналдыруға ынталандыру.
Іс-шараны зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан ашып, қатысушыларға сәттілік тілеуден басталды. Проректор университет басшылығы тарапынан жас кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Ақтық кезеңде жеңімпаздар өздерінің стартап-жобаларын таныстырып, бағалау комиссиясының қарауына ұсынуынан белгілі болды. Әрбір жоба креативтілігі, жаңашылдығы, жүзеге асыру әлеуеті және қаржылық негіздемесі бойынша сарапқа салынды.
Бағалау комиссиясының шешімі бойынша І орын «Smart балалар асханасы» жобасына беріліп, оған 1,5 млн теңге көлемінде инвестициялық қолдау жасалатын болып шешілді. ІІ орын алған «Tazar» (шипалы сабындар өндірісі) жобасы 1 млн теңге көлемінде инвестициялық қолдауды иеленді. Ал 500 мың теңгелік инвестициялық қаржы ІІІ орын алған «Tester.AI» жобасына бұйырды.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі








