ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Абай университетінде бүгін педагогика ғылымдарының докторы, профессор Есен Бидайбековтің 80 жылдығына және мектеп информатикасының 40 жылдығына арналған «Математикалық модельдеу мен ақпараттық технологиялар білімде және ғылымда» атты халықаралық X ғылыми-әдістемелік конференция өз жұмысын бастады. Оған алыс-жақын шет елдерден белгілі ғалымдар қатысып жатыр. Үш күнге созылатын ғылыми басқосу аясында «Smart» аудиториясының тұсауы кесілді.
Шараны ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Жұмағұлов кіріспе сөзімен ашып, Есен Бидайбековтің математика саласында атқарған еңбектеріне тоқталды. Әсіресе Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында бірнеше ірі жобаларды жүзеге асырып, жетекші болып келе жатқанын, сондай-ақ педагогика ғылымдарына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Конференция барысында Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова қос мерейтоймен тұспа-тұс келген - жоғары білім қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілептің атынан құттықтау адресатын тапсырып, Есен Бидайбековтің иығына шапан жапты.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Есен Бидайбеков 1996 жылдан бері Ресей білімді ақпараттандыру академиясының академигі. 60 монография мен оқу құралының, 600-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ғалымның жетекшілігімен 12 докторлық, 4 PhD және 31 кандидаттық диссертация қорғалған. Бұл еңбектердің көпшілігі математика мен информатика салаларын қамтиды. Демек, ақпараттық технология тетіктерін жетік меңгерген профессордың еңбектері қазіргі әлем бойынша күн тәртібінде тұрған жасанды интеллект мәселесінде де өте өзекті деген сөз.
Халықаралық конференцияда еліміздің жетекші ғалымдарымен қатар, Ресей, Түркия, Өзбекстаннан келген зерттеушілер баяндама жасады. Ғылыми жиын аясында заманауи білім берудегі математикалық модельдеу әдістері, ақпараттық технологиялардың ғылымдағы қолданылуы, мектеп информатикасының даму келешегі жан-жақты талқыланды.
Шараның ең есте қаларлық сәттерінің бірі - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыруымен «Smart» аудиториясының ашылуы болды. Бұл дәрісхана студенттердің робототехникалық жобаларымен жабдықталған ерекше оқу алаңы десек болады. Онда гүлдерді автоматты суғаратын аппарат, ПЭТ бөтелкелерін қайта өңдейтін PETamentor және жасанды интеллект негізіндегі IJauap роботтары орналасқан.
Үш күнге жалғасатын халықаралық іс-шара білім мен ғылым саласындағы жаңа идеяларды талқылап, ғалымдар мен жас зерттеушілер үшін тәжірибе алмасудағы маңызды басқосу болмақ.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі











