![]()
24.09.2025 АБАЙ – ДАНА, АБАЙ УНИВЕРСИЕТІ – ДАРА ҚАЗАҚТА Жаңа оқу жылы - әрбір талапкердің көптен күткен, жүрек тебірентер сәті. Бұл - мектеп партасынан үлкен өмірге, балалықтан болашаққа бастар үлкен қадам. Ал дәл осы ерекше кезеңді есте қалатын, әсерлі кешпен бастау - Абай университетінің игі дәстүрлерінің бірі. Ертең Абай университетінде осындай студенттік шақтың ең бір әсерлі сәті бірінші курс студенттерін қабылдау салтанаты өтеді.
26 қыркүйек күні Мұхтар Әуезов атындағы спорт кешенінде Абай университетінің бірінші курс студенттері үшін «Қош келдің, студент!» атты мерекелік қабылдау кеші өтеді. Қабылдау кеші тек қатардағы іс-шара емес, бұл - жаңа өмірдің есігін айқара ашатын, білім мен болашаққа бастар маңызды қадам. Студент болу - тек білім алу ғана емес, тұлға ретінде қалыптасудағы жаңа достық пен мүмкіндік әлеміне ену деген сөз. Жазылмаған «заң» бойынша осы кештен кейін әрбір бірінші курс студенті: «Мен - Abai University студентімін!» деп мақтанышпен айта алады.
Студенттік кезең - адамның жүрегінде ерекше орын алатын ұмытылмас шақ. Қайталанбас естеліктердің, мағыналы кездесулер мен өмірлік тәжірибенің кезеңі. Білім нәрін сіңіретін дәрісхана, кітапханадағы үнсіз ізденіс, достармен бірге өткізген дайындық жұмыстары - барлығы ертеңгі күнге жетелер баға жетпес сәттер. Ал мұндай жарқын шақты еліміздегі түңғыш жоғары оқу орыны Абай университетінде өткізу - үлкен мәртебе.
Абай атындағы ҚазҰПУ
|