қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
12.07.2024

Абай университетінің өкілдері Францияның Лотарингия университетінде болды

 

2024 жылдың 9 шілдесінде Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп бастаған университет өкілдері Францияның Лотарингия университетіне жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында университеттің әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әріптестікті дамыту мәселелері жөніндегі вице-президенті Карл Томбремен кездесу өтті.

 

Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Айгүл Жұмабекова, Абай университетінің стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева қатысты.

 

Вице-президент Карл Томбремен кездесу барысында екі университет үшін де халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді. Лотарингия университетінің өкілдерімен филиалды дамыту перспективалары, академиялық ұтқырлық, жаңа білім беру бағыттары бойынша қос дипломдық бағдарламалар, үйлестіру міндеттерін орындау үшін француз мамандары мен жетекші профессорларды тарту, сондай-ақ оқу және ғылыми қызмет мәселелері талқыланды.

 

Лотарингия университеті Еуропадағы жетекші мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі және Франциядағы ТОП-10 үздік университеттердің қатарына кіреді. Лотарингия университетімен ынтымақтастық қос дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыруға, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Биыл Абай университеті базасында Лотарингия университетінің филиалы ашылып, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін 95 грант бөлінді. Ынтымақтастық аясында «B018(KZ-FR)-Шетел тілі мұғалімдерін даярлау», «B140(KZ-FR)-Халықаралық қатынастар және дипломатия», «B044(KZ-FR)-Менеджмент және басқару», «B046(KZ-FR)-Қаржы, экономика, банк және сақтандыру ісі», «B047(KZ-FR)-Маркетинг және жарнама», «B093(KZ-FR)-Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланатын болады. Бұл бағдарламалар еуропалық стандарттарға сәйкес мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді және шетелдік серіктес университеттің дипломын алуға мүмкіндік береді.


Бұл маңызды кездесу Францияның жетекші университетімен ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, жалпы Абай университетінің халықаралық байланыстарын дамытуға ықпал етеді.

 

  alt=  

 

  alt=