қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
05.06.2024

Шетелдік студент Никита: Күй тартып әрі оның тарихын білуді ұнатамын

 

                

 

Биылғы оқу жылында еліміздің 98 жоғары оқу орнында 82 елден 27 862 шетелдік студент білім алып жатыр.

 

Осыған байланысты Aikyn.kz редакциясы Абай атындағы ҚазҰПУ «Педагогика және психология» мамандығының 1-курс студенті (Ресей) Никита Ганинмен тілдесіп, Қазақстандағы білім, мәдениет, ғылыми көзқарас хақындағы пікірін сұрады. Сұхбат барысында қазақ мәдениетіне қызығушылығы оянып келе жатқан Никита Адай күйінің шығу тарихы жайлы да естіген әңгімесін айтып берді.

 

- Қазақстандағы оқу көңіліңізден шыға ма, мұнда білім алуға қаншалықты жағдай жасалған?

 

- Әрине, Қазақстанда білім алу үрдісі менің көңілімнен шығады. Әсіресе, осындай сұлу, табиғаты көркем, адамдары жайсаң, елдегі ірі қалалардың бірі Алматыда оқу - мені әрдайым шабыттандырады. Алматы мәдениетке өте бай қала. Университетке келгенде, көшеде, үйге барғанда мен әрдайым осы өмірімнің бағалы екенін түсінемін. Мұнда әртүрлі халық өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті, ынтымақта өмір сүреді. Адамдардың ұстанымдары, өмір сүру қағидалары, діні әртүрлі болғанмен, бір-біріне жылы қарым-қатынас сыйлай алатындығымен ерекшеленеді. Мен оқып жатқан Абай университетінде білім алуға барлық жағдай жасалған. Ол - Қазақстандағы ең алғаш ашылған, тарихы терең оқу орындарының бірі. Бәріміз жоғары табыс тауып, жақсы жұмысқа орналасу үшін білім алудың мәні қаншалықты терең екенін білеміз. Ал ол үшін жоғары оқу орнын дұрыс таңдаудың маңызы өте зор. Алғашында шешім қабылдау қиынға соққанын жасырмаймын. Еуропаға кетемін, сондағы университеттердің біріне оқуға түсемін деп жүрген едім. Алайда Қазақстан туралы ақпараттар менің көзқарасымды өзгертті. Оның үстіне, мұндағы оқыту жүйесі ерекше, қолжетімді, әрі білім беру бағыты әлемдік стандарттардан еш кем түспейді. Мен енді ғана бірінші курсты аяқтадым. Соған қарамастан, Қазақстан маған көптеген тәжірибе мен тағылым берді. Бұл ел - мүмкіндіктер алаңы. Дәл осы мемлекетте алған білімім бәсекеге қабілетті кез-келген елде өз артықшылығымды көрсетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.

 

- Неге білім алу үшін Қазақстанды, Абай университетін таңдадыңыз?

 

- Мұнда оқуға түсуіме отбасымның кеңестері әсер етті. Бізді қызықтырғаны, психологияның, философияның оқу бағдарламалары болды. Оның үстіне, Абай университеті оқытудағы ең үздік технологияларды пайдалана отырып, ең үздік білім берудің әдіс-тәсілдерін ұсынады. Абай университеті студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, оларды сұранысқа ие маман, қоғамда орны бар тұлға болып қалыптасуына да ықпалын тигізеді. Мұнда өз салаларындағы тәжірибесі мол мамандар сабақ береді. Менде тағы бір ақпарат бар. Әлемнің 1300 жоғары оқу орнын зерттеген QS World University Rankings by Subject беделді халықаралық рейтингінің нәтижесінде, Абай университеті Қазақстан мен Орталық Азиядағы педагогикалық жоғары білім ордаларының көшбасшысы деп танылған. Осылардың барлығын сараптай келе, отбасыммен ақылдаса отырып, аталған оқу орнына келіп құжат тапсырдым. Менің ағаларым өздері сүймейтін, ол мамандық бойынша жұмыс істегілері келмейтін саланы оқыған. Олар маған бұл қателікті қайталамауға түрткі болды.

 

- Сіздің ел мен Қазақстанда оқудың, білім алудың қандай айырмашылықтары бар немесе ұқсастығы қандай?

 

- Мен туып-өскен елдегі оқу орындары да - әлемді өзіне қаратып отыр деп айта аламын. Мәселен, біздегі Мәскеу, Қазан, Петербург сынды қалаларда орналасқан университеттерге әртүрлі шетелдерден студенттер келіп білім алады. Ал ондағы білім жүйесінде айтарлықтай ерекшеліктер жоқ деп ойлаймын. Қазақстандағы сияқты, Ресей жеріндегі білім саласы өкілдері студенттерін нағыз өз ісінің маманы етіп шығаруға атсалысады. Ал қалғаны өзіңе байланысты. Мен үшін өте қызықты факт - елдің мәдениеті. Бір ел туралы білгің келсе, сол елде тұрып көрудің құндылығы жоғары. Бұл баға жетпес тәжірибе екені анық. Мәселен, Қазақстанда оқу - маған осы елдің мәдениетін, салт-дәстүрін меңгеруге мүмкіндік берді. Өз басым, өмірді қиындатпай сүргенді ұнатамын. Оқу керек деген міндетпен қатар, мен мұны жағымды эмоцияларға толы саяхат деп те білемін. Сондай-ақ, шетелде оқудың бір жақсы тұсы - тіл үйрену. Мәселен, осында келгелі қазақ тілін меңгеру үстіндемін. Ағылшын тіліне деген қызығушылығым арта түсті десем де болады. Тағы бір айта кетерлігі, алынған тәжірибе. Бұл мансап жолында өз пайдасын бермесе, артық болады деп айта алмаймын. Шетелде оқып келген маманға сұраныс жоғары болатынын баршамыз білеміз. Меніңше, мен де осында жинаған тәжірибемді пайдаланып, өз елімдегі кейбір азаматтарға қолжетімді мүмкіндіктерге жол ашамын деп ойлаймын. Жаңа таныстықтар пайда болды. Қазір менің айналамда әртүрлі елден келген көптеген студенттер бар. Бізді шетелден келген білім алушылар ретінде, ортақ мақсаттар біріктіреді. Сондай-ақ, қазақстандық студенттердің де қолдауы ерекше деп айта аламын. Тағы бір маңыздысы - жақсы оқу. Әлемдегі үздік жобаларда бой көрсеткің келсе, өз мүмкіндіктеріңді құр жібермеу керек деп ойлаймын. Ал шетелде білім алудың кемшіліктері - отбасыңның жанында болмауы, достарыңыз немесе таныстарыңыз жоқ жаңа елде жалғыз боласыз.

 

- Сабағыңыз қалай? 1-курсты аяқтап жатырсыз. Емтихандарды қалай тапсырдыңыз?

 

- Өте жақсы. Барлығы ойымдағыдай. Уайымдамай, 2-курсқа дайындала берсем болады.

 

- Алда жұмыс істеу үшін Қазақстанда қалатын ойыңыз бар ма?

 

- Ойым бар. Қазақстан азаматтығын алғым келеді. Дегенмен бәрі болашақтың еншісінде.

 

- Сізді қазақ мәдениеті қызықтыра ма, қазақтың ақын-жазушыларымен, салт-дәстүрімен танысып үлгердіңіз бе? Мұнда өмір сүру Сіз үшін қаншалықты тиімді немесе қиындық тудырып жүр? Қазақ тілін үйрендіңіз бе?

 

- Білесіз бе, мен көптеген Еуропа елінде болдым. Сондықтан, Қазақстанда тұру - өмір сүрудің ең тиімді тәсілі деп айтар едім. Мұнда көптеген достар таптым. Тіпті, олардың қай жүзден, қай рудан екенін білемін. Қазақ мәдениеті мені қатты қызықтырады. Ұлттық аспаптар домбырада, шаңқобызда ойнай аламын. Қаласаңыз, сұхбат аяқталған соң, Құрманғазының «Адай» күйін орындап бере аламын. Өзім орындап жүрген күй тарихын да оқып, зерттедім. «Адайдың» тарихы тым тереңде жатыр. Бір қуантарлығы, ол әлі күнге дейін еш өзгеріссіз, түпнұсқасынан айырмашылық болмаған күйі орындалып келе жатыр. «Адай» күйі бұрын ел батырларының намысын шыңдап, жігерін қайрайтын ұран ретінде орындалатын болған. Бір аңыздарда, күйдің белгілі адай руының бір сұлу қызына арналғаны туралы айтылса, бір естеліктерде дәл осы ру Исатай көтерілісінде көзге түсіп, елді сүйсінткен, ал, Құрманғазы Исатайға қосылған қолдың ішінде адайлықтар көп болғаны үшін, жігер беру мақсатында шығарған деседі. Ал кейбір деректерде күйдің шығу тарихын былай сипаттайды. Құрманғазы бірде Түркімендермен соғысуға бара жатқан 300 қаруланған әскерді көреді. Жоғарыдан бақылап тұрған күйшіні адайлықтар өз жеңістерімен таңғалдырады. Жігіттердің батырлығына риза болған ол, дәл осы күйді сол жерде шығарған деседі. Әрине, мұның барлығы - тарих. Десе де, аталған күйдің қалай шыққаны емес, оның қазақ мәдениетінде алатын орны маңызды. Мен қазақ халқының рухани дүниесінде домбыраның, жетігеннің, қобыздың, жылқы, тіпті, қымыздың алатын орны ерекше екенін білемін. Қазақтардың қолы ашық, жүрегі мен мейірімі қандай кең болса, дастарханы да сондай бай. Ал ақын-жазушыларына келетін болсақ, қазір Абайдың қара сөздерін оқып, көкірегіме түйіп алар көптеген ақпарат таптым.

 

Дәл қазір қазақ тілін үйрену үстіндемін. Ақпан айынан бастап, қазақ тілін жетік меңгеруді қолға алдым. Қазір аздап сөйлеймін. Мысалы, «Армысыздар, достар! Қалыңыз қалай? Бүгін біз университетке барамыз. Бұл керемет уақыт. Рақмет, менің қымбатты, құрметті достарым!» деймін. Қалай, дұрыс айттым ба? Болашақта таза қазақ тілінде өз ойымды анық жеткіземін деген ойдамын.

 

- Сұхбатыңызға рақмет. Сізге сәттілік тілейміз!

 

- Көп рақмет!

05.06.2024

Ақпарат көзі: aikyn.kz