қазақша · русский · english
 
 
 
17.11.2025

Араб тілін оқытудағы өзекті мәселелер: доктор Анас Саедпен кездесу

 

14.10.2025 ж. Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ISESCO), Марокко еліндегі Араб тілі орталығының сарапшысы, доктор Анас Саедпен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге араб бөлімінде оқитын 2- және 3-курс студенттері қатысты. Кездесу барысында кафедра меңгерушісі К.Х.Абдрахманова университеттің қызметі, кафедраның құрылымы мен дамуы, араб тілін оқытудың қазіргі заманғы әдістемелері мен оқыту үрдістері жайында жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, кафедра мен университеттің халықаралық байланыстары, ғылыми жобалары және студенттердің шетелдік тәжірибе алу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынылды. Студенттер доктор Анас Саедке Марокко еліндегі оқу орындары, араб тілін қысқа мерзімде тиімді меңгеру әдістері, тілдік дағдыларды жетілдіру жолдары және мәдени-әлеуметтік тәжірибе алу мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды. Пікір алмасу барысында тілдік, мәдени және кәсіби аспектілер талқыланып, студенттердің араб тілін меңгеру мотивациясы мен кәсіби қызығушылығы артты. Доктор Анас Саед электронды оқу-құралдарды ұсынды және университетпен білім беру және ғылыми салада өзара ынтымақтастық жасауға дайын екенін білдірді. Кездесудің соңында студенттер Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін және Ахмед Шауқи шығармаларын араб тілінде жатқа орындап, өздерінің тілдік қабілеттерін көрсетті. Жалпы, кездесу өте мазмұнды, ғылыми тұрғыдан құнды және достық, ашық қарым-қатынас атмосферасында өтті, бұл студенттердің кәсіби және мәдени дамуына елеулі үлес қосты.


  alt=  

 




Кері оралу