қазақша · русский · english
 
 
 
19.09.2025

Абай атындағы ҚазҰПУ студенттеріне Shinhan Bank Kazakhstan шәкіртақылары табысталды


2025 жылғы 18 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының 2-4 курс студенттеріне арналған ынталандыру шәкіртақыларын табыстау рәсімі өтті. Шәкіртақылар «Шығыс (корей) және ағылшын тілдері мұғалімі» мамандығында білім алып жатқан студенттерге арналды.

 

Қаржылай қолдау Shinhan Bank Kazakhstan акционерлік қоғамы атынан Басқарма төрағасы Чжо Ёнг Ынның бастамасымен жүзеге асты. Шәкіртақы иегерлері академиялық үлгерімі жоғары әрі студенттік өмірге белсене араласқан жастар арасынан іріктелді.

 

Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент К.Х. Абдрахманова компания өкілі, атқарушы директор Н. Джаксыкельдиновті жылы лебізбен қарсы алып, студенттерге көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді. Ол бұл бастамалардың жастарды ынталандырып қана қоймай, Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

 

Өз кезегінде, Н. Джаксыкельдинов үздік студенттерге арнайы дипломдар мен алғысхаттарды табыстай отырып, білім беруді қолдау - банктің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бөлігі екенін жеткізді. Сондай-ақ, болашақ корей тілі мұғалімдерін кәсіби даярлау және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім беру ынтымақтастығын дамыту - Shinhan Bank Kazakhstan компаниясының басты назарындағы бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті.

 

 

  alt=  




Кері оралу