қазақша · русский · english
 
 
 
19.05.2025

«Заман мен мәдениет диалогындағы Яссауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты Халықаралық симпозиум өтті

 

2025 жылдың, 15-16 мамыр аралығында «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы және Яссауитану ғылыми-зерттеу орталығы «Заман мен мәдениет диалогындағы Яссауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты Халықаралық симпозиумды ұйымдастырып, өткізді.


Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда осы ғылыми жиын жайлы бастаманы көтеріп, «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет» деген болатын.


Халықаралық симпозиумды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет Басшысының арнайы құттықтау хатымен ашып, ары қарай Өзінің баяндамасымен жалғастырды. Бұл симпозиум Ясауидің гуманистік идеяларын жүйелі зерттеуге және рухани-зияткерлік мұрасын насихаттауға зор үлес қосатынын атап өтті және әрбір екі жылда атаулы симпозиумды жүйелі түрде өткізіліп тұратынын мәлімдеді.


Жиынға еліміздің ғалымдарымен қатар, Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен келген жүзге жуық белгілі ғалымдар қатысты. Симпозиумдағы тақырыптық секциялар аясында Ясауи мұрасының түрлі қырларын қамтитын ғылыми баяндамалар жасалып, пікірталастар болды. Сондай-ақ ғалымдар өзара тәжірибе алмасты.


Аталмыш жиынға Абай атындағы ҚазҰПУ, саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Мейрманов Аманжол Досжанұлы қатысып, «Қожа Ахмет Ясауидің этикалық құндылықтарының ұлттық санада жаңғыруы және өзектілігі» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеуде Қожа Ахмет Ясауи ілімінің ұлттық философиялық ұғымдар мен категориялардың және этикалық ұстанымдар мен моральдық құндылықтардың қалыптасуындағы маңызы зерттелген. Баяндама қатысушылардың қызығушылығы мен оң пікіріне ие болды.

 

  alt=  


  alt=  


  alt=  




Кері оралу