қазақша · русский · english
 
 
 
02.09.2025

Музыка мұғалімдерінің кәсіби өсуі мен жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы:

Тамыз конференциясы – 2025

 

2025 жылғы 29 тамызда І. Жансүгіров атындағы №130 гимназияда Алматы қаласының орта білім беру ұйымдарының музыка мұғалімдері арасында дәстүрлі тамыз конференциясы өткізілді. Биылғы конференцияның тақырыбы - «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман». Бұл шараға жоғары оқу орындарының оқытушылары да белсенді түрде қатысты, олардың қатысуы конференцияның ғылыми-тәжірибелік деңгейін арттырды.

 

Қазақстан Президенті мұғалімнің жоғары миссиясын ерекше атап өтіп, 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, білім беру жүйесінде оң өзгерістер бар екенін атап көрсетті.

 

Конференция Қалалық білім беру және жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Гүлсім Чайзаданова мен Алматы қаласы бойынша музыка мұғалімдері қауымдастығының президенті Жеңіскүл Маханбетованың ашылу сөздерімен басталды. Жалпы білім беретін мектептердің музыка мұғалімдері секциясының жұмысында музыка сабақтарындағы практикалық мәселелер мен сұрақтарды талқылау үшін пән мұғалімдері, әдіскерлер, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары өз баяндамаларын ұсынды. Оқыту сапасын арттыру, озық тәжірибені енгізу және тарату, интерактивті платформаларды қолдану мәселелері кеңінен қарастырылды. «Оқуға ұқсат мектеп» жобасын іске асыруға жоғары оқу орындарының оқытушылары шақырылып, олардың тәжірибесі мен ғылыми әдістері мектеп мұғалімдерінің жұмысын тиімдірек етуге бағытталды.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының профессорының м.а., педагогика ғылымдарының кандидаты Лаура Какимова «Музыка сабағында бейнелі нақтылау және жалпылау құралы ретінде» тақырыбында баяндамасында Б. Блумның таксономиясы негізінде оқушылардың музыкалық қабілеттерін дамыту әдістерін ұсынды. Бұл баяндама конференция қатысушылары арасында жоғары қызығушылық тудырды.

 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті профессорының м.а., педагогика ғылымдарының кандидаты Мөлдір Өразалиева «Soft way to Mozart» инновациялық музыкалық-компьютерлік технологиясын таныстырды. Конференция соңында Алматы қаласының музыка мұғалімдерінен құралған «Үкілі домбыра» оркестрі мен хоры өнер көрсетті. Сонымен қатар, конференция спикерлері, дипломанттардың жетекшілері, жүлдегерлері және мектептердегі музыкалық білім беру белсенділері құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды.

 

  alt=  


  alt=  





Кері оралу