қазақша · русский · english
 
 
 
04.12.2015

2015-жылдың 26-қарашасы күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Бас оқу ғимаратының конференц-залында қазақ халқының ғұлама ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына байланысты академик Ә.С. Бейсенованың бастамасымен Жаратылыстану және география институты ұйымдастырған дөңгелек үстел болып өтті.
Дөңгелек үстел отырысына Ұлы ғалымның туған жерінен (Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Құсмұрын елді мекені) келген орта мектеп оқушылары мен мектеп ұжымы, Шоқан өмірін зерттеуші Қайыпбаева Бәкен, Алматы қаласы Ш. Уәлиханов атындағы №12 орта мектеп оқушылары мен мектеп басшылары, Ы. Алтынсарин атындағы №154 орта мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы, Республикалық атаулы мектеп ұжымы, белгілі шоқантанушы ғалым Самат Өтениязов (Қазақ-Америка университеті), География институтының басшылығы мен ғалымдары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары, ЖМУ оқытушылары мен ғалымдары және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың басшылық құрамы мен Жаратылыстану және география институтының профессор-оқытушылары, студенттері қатысты.
Дөңгелек үстел отырысы Ш. Уәлиханов атындағы №12 гимназия оқушыларының орындауындағы осы мектептің әнұранына айналған Шоқан туралы әнмен ашылды. Дөңгелек үстелдің ашылуында сөз алған Абай ат. ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры, х.ғ.д профессор М.Е. Ермағанбетов өз сөзінде Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ұлы ағартушы - демократ, қазақтың ғұлама ғалымы, географ, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, фольклортанушы ретіндегі еңбегін атап өтіп, Шоқанның қазақ білімі мен мәдениетінің тарихындағы ерекше орнына тоқталды. Бүгінгі таңда 180 жылдық мерейтойы аталып өтіліп жатқан кезеңде атқарылып жатқан іс-шаралардың бастамасы Құсмұрындағы Шоқан елінен шыққан шоқантанушы ғалымдардың шеруінен басталып, бүгінгі күні біздің университетте аталып өтілуде. Бұл іс-шаралардың жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызы өте зор екендігі, Шоқанды құрметтеу мен даралауды ЮНЕСКО деңгейінде атап өту қажеттігі идеясын ортаға салды. Ал, ҚР ҰҒА академигі, белгілі шоқантанушы ғалым, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Ә.С. Бейсенова Шоқанның қысқа ғұмырындағы бұған дейін көпшілікке беймәлім тұстарын баяндай келе, ол туралы көпжылдық зерттеу нәтижелерін жария етті. Шоқанның өмір жолы мен ғылыми жұмыстарын талдау нәтижесінде ол туралы деректі фильм түсіруге атсалысқанын айтты және оны көпшіліктің назарына ұсынды. Сөз соңында мерейтой қатысушыларына алғыс білдіре отырып, Шоқанның туған елінен келген жас оқушылар мен ұстаздар қауымына ерекше ілтипат көрсетті.
ҚР ҰҒА-ның академигі, География институтының директоры Медеу Ахметқал Рахметоллаұлы Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерінің аса құндылығына тоқталды. Жас ғалым еңбектерін, зерттеу жұмыстарының нәтижелерін әлемнің сол кездегі ең ықпалды ғылыми басылымдарының таласып басқандығын туралы бірнеше дәлелдер келтірді. Бүгінгі ел ғалымдарына импакт-факторға мақала шығару өзекті мәселе болса, Шоқан еңбектері бірден әлемдік басылымдарда жарық көргендігіне ерекше мән берді. Қазақ жастарына еңбектенуді, ғалымнан үлгі алуға кеңес берді.
Қазақ-Америка университетінің профессоры, белгілі шоқантанушы Самат Өтениязов ғалымның картографиялық зерттеу жұмыстарына ерекше мән берді. Ол өз еңбегінде әлемге әйгілі Каталон картасының кемшіліктерін талдаған тұстары туралы айтты. Шоқан сызған карталардағы географиялық объектілерді бейнелеуінің нақтылығына мән берді. Баяндама барысында Шоқан туралы мұрағаттық құжаттардан алынған деректерді көпшілікке ұсынды.
Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Құсмұрын жерінен келген ғалымның өмірін зерттеуші Қайыпбаева Бәкен Шоқанның туған жері туралы және жергілікті қариялардан жазып алған қызықты деректермен бөлісті. Туған жерінде ұлы ғалымға арналған мұражайдың ашылуына атсалысқанын және ғалымға қатысты дүниелерді мұражай қорына тапсырғанын айтты. Сонымен қатар, ғалымның Қашқарияға, Құлжаға сапарлары туралы көпшілікке беймәлім өз зерттеу жұмыстарымен таныстырды.
Дөңгелек үстел барысында профессор Ұ.Ә. Есназарова өзінің атаулы мектебінің ұжымымен Омбыдағы ғалым білім алған кадет корпусына сапары жайында баяндады, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры С.А. Құсайынов, Алматы қаласы Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназия директоры Р.Б. Сакенова Шоқан өмірі мен тағлымына қатысты баяндама жасады. Сонымен қатар, Құсмұрын орта мектебінің оқушысы Ғабдығалым Ұлан домбырамен Шоқанға арнауын көпшіліккке жеткізді.
Өз кезегінде келген қонақтар Абай ат. ҚазҰПУ басшылығына және дөңгелек үстел ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді.
Қазақтың біртуар ғалымы Ш.Ш. Уәлихановтың 180 жылдық мерейтойын атап өту іс-шаралары Жаратылыстану және география институтының оқытушыларының қатысуымен Талдықорған қаласындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепте, Жетісу мемлекеттік университетінде және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы мемориалды кешенде (Алматы облысы, Алтынемел асуы) жалғасын тапты.




Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler