қазақша · русский · english
 
 
 
02.05.2017

 

Қазақстан бір ғасыр аясында...

       2017 жылдың 12 сәуір күні университетіміздің Жаратылыстану және география институтының 6М011600-география мамандығының 1 курс магистранттары және топ эдвайзері, доцент Сарқытқан Қастер Алашордадан бергі 100 жылдық тарихымызды парақтап, болашаққа бастар бүгінімізді саралап, «Қазақстан бір ғасыр аясында: Алашордадан - «EXPO-2017»-ге дейін» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

 

       Ғылым мен білімді қатар ұстаған ойлары озық 1 курс магистранттары тың бастаманы қолға алып, күні кеше игі шара өткізді. Аталмыш шараға профессор, г.ғ.д. Бахадурхан Шарипович бастаған «Елтану және туризм» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен қатар ел ертеңі үшін әр салада еңбектері елге сіңген, осы тақырып төңірегінде зерттеулер жүргізіп келе жатқан Руда Зайкенова, Талғат Айтбай сынды зиялы қауым өкілдері мен үлкенге айтар сыры, жастарға айтар өткір ойлары бар Саят Қамшыгер, Жортулы Толымбек, Қуаныш Біләл мырзалар қатысты.

   Дөңгелек үстел барысында Қыздар университетінің ұстазы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова жақында жарық көрген Алаш қозғалысы қаламгерлерінің өмірі жайлы «ХХ ғасыр басындағы әдебиет және Алаш ұстанымы» атты Алашорданың 100 жылдық мерейтойына арнайы жасалған тарту еңбегінен тың мәліметтер келтіре отырып, жастарды ұлтшылдыққа, ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қызығушылық таныта отырып, тәрбиелеуге шақырды.

       Өткен ХХ ғасыр әлем тарихында екі бірдей дүниежүзілік соғысымен есте қалса, еліміз үшін тәуелсіздігінің тұңғыш парағы жазылған Желтоқсан көтерілісімен еске түседі. 1986 жылдың желтоқсанында бодандық құрсауын бұзуға ұмтылған қара қазақтың қайсар ұл-қыздарының ақиқат астарын ұғып, шындық бетін айқара ашып, асқан төзімділік пен батылдықтың үлгісін көрсеткенін шара аясында осы тақырыпта қалам тартып жүрген жазушы, публицист Талғат Айтбайұлы атап айтып, «Ел тарихындағы алғашқы ерлік - ХХ ғасырда Қазақ автономиясын құру екендігін бәрі біледі. Екінші ерлікті Баукең деп білер едім, Бауыржанның ерлігін әлем біледі. Ал, үшінші ерлікті жасаған Мұхтар Шаханов. Десек те, біз ерлікті бағаламаймыз, байыбына бармаймыз...» деп пікір білдіріп, жастарға 8 томын шығару жоспарланған «Желтоқсан көтерілісі» кітабының алғашқы екі томын таныстырды. Сондай-ақ, осы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы Жортулы Толымбек өз аузынан оқиғаның барысы мен басынан өткен тауқыметін, көтерілістен кейінгі қиындығымен қатар келген өмірінің кезеңдерін кеңірек тарқатты. Бұл бүгінгі «түймедейді түйедей ететін» жастарымыздың қиындықпен күресе білуіне де әсер еткені сөзсіз.

         Дөңгелек үстелге «Серпер» жастар сыйлығының иегері, ақын Саят Қамшыгер де қатысып, отты өлеңдерінен оқып, жастарды бір серпіп, отаншылдыққа насихаттаса, кешегі наурыз айында ғана Алаш арыстарының рухына бағыштап ас берген, жалынды жастарды бастап жүрген «Қамшы» ақпараттық порталының директоры Қуаныш Біләл «түркітілдес мемлекеттер арасында әскери одақ құру» идеясын алға тартты.

 

        Бұл шараға институт директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Манапов Нұрлан ағайымыз да қатысып, жылы лебізін білдіріп, тақырып аясында институт көлемінде іс-шаралар өткізіп, бастаманың жалғасы болатындығын айтып өтті.

       Шара аясында ұлағатты ұстазымыз Сарқытқан Қастер қонақтармен тақырып төңірегінде пікір алмасса, институт мақтанышы Нұрдаулет Нұрмахамбетұлы ән шырқап, кешті қыздыра түсті. Сондай-ақ, алдағы айда Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің елге әкелер пайдасы мен зиянын саралап, 1-курс магистранттары Сания Кенжалиева мен Бобыр Ражаметов «болашақтың энергиясына» бағытталған баяндама оқыды. Кемел келешекке тарихтан тағылым ала отырып жетуді көздейтін жас ғалымдарымыз кеш барысында профессор-ғалымдарымызға сұрақтар қойып, ақын-жазушыларымызға жылы лебіздерін білдірді. «Бір ғасыр бұрын құрылған Алашорда автономиясы болмағанда бүгінгі күннің «ЭКСПО-сы» өтер мүмкіндікке ие болар ма едік!?» деп тұжырым жасаған кафедра меңгерушісі Бахадурхан Шарипович дөңгелек үстелді қорытындылады.

        Ал, топ магистранттары аталмыш игі бастаманы жалғастыруды әлеуметтік желілер арқылы ҚазҰУ, ҚазҰМУ, ҚазҰТУ, КИМЭП және т.б. білім ордаларының жастарына ұсынды.




Кері оралу

 
 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler