қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
10.12.2019

Алматыдағы ұстаздар ұстаханасында «Жыл оқытушысы-2019» байқауы өтті

 


 

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география институтының ұйымдастыруымен «Жыл оқытушысы-2019» байқауы аяқталды.

 

-Бүгінгі қоғам мұғалімдерге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Ол жәй ғана пән мұғалім ғана емес, баланың болашағына бағдаршы бола алатын тұлғаға айналуы керегін уақыттың өзі дәлелдеуде. Осы тұрғыдан келгенде, университеттің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында нақты көрсетілгендей, еліміздегі тұңғыш педагогикалық университет - мықты педагог мамандарды дайындайтын ұстаханаға айналу керек делінген. Осы стратегиялық бағытты негізге ала отырып, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының атын иеленіп отырған педагогикалық университет болғандықтан, мұндай шаралардың ұйымдастырылуы заңдылық. Бұл - бүгін институт көлемінде өтіп жатса, болашақта университет, республикалық денгейде өткізсек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар осындай байқаулар арқылы ұстаздардың бәсекелестігін арттыруды мақсат тұтып отырмыз. Бәселестік бар жерді сапа бар, сапа бар жерде білім бар. Біз қоғамға білімді, заман талабына сай, үш тілді қатар меңгерген педагог мамандарды даярлау. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бұл жай сабақтар емес, заман талабына сай, жаңа технологияға, жаңартылған бағдарламаға негізделген сабақ өткізу керек болды, дейді Жаратылыстану және география институты директорының оқу істер жөніндегі орынбасары Ләззат Демеуова.

 

Ал байқауға қатысушылар осы талаптарды орындауға тырысып бақты. Шеберлік дәрістеріне бей жай қарамай, бір-бірінен үйренді, тәжірибе алмасты, осал жерлерін байқады. Әділқазылар алқасына институттың ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева жетекшілік етті.

 

Сарапшы ретінде басқа институттардың тәжірибелі профессор оқытушылары - филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлжиян Шахарман, филология ғылымдарының докторы, профессор Райгүл Рахметова, педагогика ғылымдарының кандидаты Бағдат Қосанов, педагогика ғылымдарының кандидаты Есенгелді Тұяқов сияқты ұстаз ғалымдар қатысып, өз ойларымен бөлісті.

 

Сонымен бірге конкурсқа қатысушылар «портфолио» дайындап, яғни өздерінің методикалық кабинеттерінің «сандығын» ашты. Яғни, портфолио бұл ұстаздың барлық еңбегінің жиынтығы, нәтижесі десе болады.

 

Сонымен байқауда ұстаздар өздері туралы мәлімет бере отырып, сабақта қандай технологияны, әдістемені пайдаланатыны туралы баяндады. Сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуде нендей тың жұмыстар атқарып отырғандарымен бөлісті. Сондай-ақ ұстаздардың сөзге шешендігі, сөзінің жүйелігі, баланы баурап алу қасиеті, ойын жеткізе білуі де сынға түсті. Оқытушылар Абайдың қара сөздерін, өлеңін оқып, әнін салып, өнерлі екендіктерін де байқатты.

 

Қорыта келгенде, бірінші орынды химия ғылымдарының кандидаты, доцент Айманкүл Мейірманова, екінші орынды химия ғылымдарының кандидаты, доцент Динара Қасымбекова, үшінші орынды педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Зульфия Өнербаева иеленді. Жүлделі болған ұстаздар қаржылай сыйлықтар мен сертификаттарға ие болды.

 

 

Авторы: Айнаш Есали

10.12.2019 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz



214

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler