қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
10.12.2019

Жалпыреспубликалық ашық сабақ өтті

 


 

Таяуда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Қазіргі Қазақстан. Елбасының көшбасшылығының сабақтары» атты Жалпыреспубликалық ашық сабақ өтті.

 

Шараға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Ғазиз Телебаев, университеттің институт басшылары мен білім алушылары қатысты.

 

Іс-шараның өзі ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының ғылыми-көрме жобасы аясында түсірілген «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» деректі фильмінің көрсетілімінен басталды.

 

Аталған іс-шараны Такир Балықбаев ашты. Ректор жиналысқа қатысушылардың барлығын ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегін атап, оның көрнекі басшылығымен мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық дамуда да, халықаралық аренада да өзінің орнын нығайта түскендігін айтты.

 

«Қазақстанның Тұңғыш Президентін жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде әлемдік қоғамдастық әділ мойындап отыр. Мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану ісіне қосқан зор үлесі үшін әр жылдары Жапонияның ең жоғары мемлекеттік наградаларымен марапаттауы растайды», - деді ректор.

 

Студенттер алдында депутат Динар Нөкетаева мен профессор Ғазиз Телебаев ашық дәрістер оқыды.

 

Дәріскерлер Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихы мен Елбасының тарихи рөлі туралы өз ойларын айтып, тәуелсіз ел болашағындағы студент-жастардың рөліне назар аударды. Және қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді.

 

Жастар атынан Филология және көптілді білім беру институтының студенті Дильназ Юсупова сөз сөйлеп, танымдық дәрісті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

 

«Бірлік» студенттік Ассамблеясының мүшелері «Елім менің» әнін орындады.

 

 

Авторы: Римма Жанбаева

10.12.2019 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com

 



407

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler