қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
24.10.2019

Жанат Сманқұлова: :«Өз ісін жетік білетін педагогтың мәртебесі әрдайым жоғары»

 



Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:


- Жанат Ерекенқызы, қазір жұртшылық арасында педагог мәртебесін көтеру жаңадан қабылданатын заңға ғана тіреліп тұр деген көзқарас басым. Осы орайда білім саласында 33 жылдық тәжірибесі бар маман ретінде өз ойыңызбен бөліссеңіз?

 

- Жаңа заң жобасын басынан аяғына дейін оқып шықтым. Жалпы кез келген саланың дамуы үшін бәсекелестік керек және ол заңмен бекітілуі тиіс. Әр нәрсенің өз жауапкершілігі болады. Заң жобасында келіспейтін тұстар да бар. Бірақ ол жүре келе түзеледі. Қажетті толықтырулар мен түзетулер рет-ретімен жасалады ғой. Кабинетте отырып алып, әртүрлі елдердің заңдарынан жинап жаза салу, әрине, оңай. Алайда ондағы айтылған мәселенің бәрі бірдей біздің жағдайымызға келе бермеуі мүмкін. Ол үшін ғылымды да, практиканы да жетік білетін сарапшылар керек. Егер ереже болса барлық жұмыс соның негізінде жасалады. Мәселен, өз басым мектептермен жұмыс жасаған кезде нақты ережеге сүйеніп, жаңа технологияны енгізуге қатысты әдістемемді ұсынам. Атап кететін болсақ, кәсіптік қоғамдастықтар жұмысының аясында мектептерде құрылған кәсіптік одақтармен 2014 жылдан бері тығыз жұмыс істеп келе жатырмыз. Меморандум бойынша оқушылар да, ұстаздар да бізбен бірге халықаралық іс-шараларға қатысып, тәжірибелерімен бөлісуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мектеп басшылығы ұсынып отырған технологияның қолайлы жақтарын қарастырып шешім қабылдайды. Себебі оқыту технологиясын бір сынып жақсы қабылдаса, екінші сынып олай қабылдамауы мүмкін. Сондықтан оқулықтағы дүниені балаға негіздеп беру үшін оларға басқа технология әкелу керек. Өйткені, қазіргі балалар өздерімен ақылдаса отырып, ойы қандай екенін, идеясын сұрап білмесең, кез келген нәрсені қабылдай бермейді. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің тәртібінде де айырмашылықтар жеткілікті. Ол енді өз алдына жеке мәселе.


- Кез келген жерде тәртіп болу керек дейсіз ғой?

 

- Әрине. Алайда ол барлық жерде бірдей сақтала бермейді. Оның бәрі мектеп басшылығы ұстанған саясатқа байланысты. Сондықтан, педагог мәртебесін көтеру тек заңдағы өзгерістерге ғана емес, ең алдымен өзімізге, яғни, мұғалімдер мен білім беру мекемелерінің басшыларына да қатысты. Өз ісін жетік білетін және білімін үздіксіз жетілдіріп отыратын педагогтың мәртебесі әрдайым жоғары. Ал талапты ең алдымен өзге емес, өзіне қоюдан жалтарып, «жеңілдің асты, ауырдың үстімен» жүруге тырысатын адамның шәкірт алдында ешқашан беделі болмайды. Оған ешқандай заң да көмектесе алмайды. Өкінішке қарай, оны әлі күнге дейін мұғалімдердің бәрі бірдей түсініп болған жоқ. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман болуға тырысатын және ұжымына сондай талап қоятын басшылар барлық жерде бірдей кездесе бермейді. Заң енді осыған қозғау салады деп ойлаймын.


- Кәсібилікті дамытуда түрлі деңгейдегі білім жетілдіру ұйымдарының үлесі қандай деп ойлайсыз?

 

- Білім жетілдіру ұйымдары арасында әлі бәсекелестік жоқ. Бәрі тек біз кереметпіз деп жүр. Бәріміз де кезінде дәл солай бір ғана жүйемен жүрдік қой. Мен де облыста істедім. Әр нәрсенің өз уақыты бар екенін кейін түсініп, ол жерден кеттім. Өйткені бір жүйемен ғана жүрген кезде білім мен технологияны жетілдіру өте қиын. Оны тек бәсекелестік жағдайында ғана үздіксіз жүзеге асыруға болады. Өкінішке қарай, қолданыстағы заң ережелерінде бұған мүмкіндік берілгеніне қарамастан әлі күнге дейін көптеген білім беру мекемелері бір ғана ұйымның аясында шектеліп қалуда. Сондықтан, оқытудың жаңа әдістемелерін, технологияларын енгізуге деген қызығушылық деңгейі аса жоғары емес. Тек нарықта белгілі бір деңгейде бәсекелестігі қалыптасқан Алматы қаласындағы кейбір мектептердің басшылығы мен ондағы бірқатар ұстаздар ғана білім жетілдіру институттары мен түрлі орталықтарға өздері хабарласып, ондағы әдіскерлерден жаңа нәрселерді сұрап жүреді.

 

Біздің негізгі мақсатымыз ғылым мен білімді ұштастыру деп түсінемін, себебі кейбір кезде ғылым саласындағы қайшылықтар, білім беру үрдісіне қатты әсер ететіні мәлім. Сондықтан да, біз, ғалымдар, білім беруші ұстаздармен бірігіп жұмыс жүргізуіміз қажет. Ондай байланысты іздеп, ерінбей үйреніп, өз мектебіне енгізіп жүрген ұстаздар Алматы облысының кейбір аудандарында да бар. Дегенмен олардың үлесі білім беру мекемелері мен ондағы мұғалімдер қауымының жалпы санына шаққанда әлі төмен.

 

- Менің білуімше, сіз еңбек жолыңызды түкпірдегі шағын ауылда оқытушылықтан бастаған көрінесіз? Сол тұстағы бастапқы тәжірибеңіз жайлы айтып берсеңіз?

 

- Бұл сұрағыңызға жауап беру үшін өткенге аз-кем шолу жасай кеткім келіп отыр. 1981-1986 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде тарих және қоғамдық пәндердің оқытушысы мамандығы бойынша білім алдым. Одан кейін жолдама бойынша Алматы облысы Кербұлақ ауданы Басши кеңшарының 3-фермасындағы 8 жылдық мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Тәлімгерім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі Марфуға деген апай болды. Ол кісі өте тәжірибелі маман еді. Университет қабырғасында үйренген жазуға деген әуестігімді ары қарай дамытты. Тіпті сол кезде аудандық газетке алғаш мақала жазғанымда кеңшардағы парторгтың: «Сіз неге келе салып жазуға бейімделдіңіз?» - деп жиналысқа салғаны да бар.

 

Кербұлақ ауданынан кейін Іле ауданындағы бұрынғы Энергетический, қазіргі Өтеген батыр ауылындағы орыс мектебіне ауыстым. 1986 жылдан кейін басталған қазақ тілін күшейту саясатының әсері болар, мектеп директоры Витковский бір күні шақырып алып: «Еліңнің патриотысың ба?» - деп сұрады. «Әрине», - деп едім. «Онда қазақ класын ашуға тапсырма берейін. Сенің қаншалықты патриот екеніңді көрейік» - деді. Сол тұста ол ауылдағы тұрғындардың көбі немістер болатын. Қазақтар аз еді. Сол әңгімеден кейін қай подъезден қазақтар шығады екен деп күнде қарап жүретін болдым. Ол кезде бәрі орыстілді. Ешкім қазақша сөйлемейді. Кейбір подьездерде қазақтардың өздері: «Сендер оқыта алмайсыңдар, қазақтар ондай дәрежеге жеткен жоқ», - деп кеудемнен итеріп, шығарып жіберген күндер де болды. Сонымен 1989 жылғы жаңа оқу жылында қыркүйекке дейін 10 бала жинадым. Оның бәрі орыстілді балалар еді. Сонда жан-жақты маман болуымыз керек болған соң, қазақ тілі, орыс тілі, математика, дене шынықтыру, ән-күй пәндерінің бәрінен өзімнің сабақ беруіме тура келді. Бізді ешкім үйреткен жоқ. Ол кезде мұғалімдерге қазіргідей мүмкіндік жасалмаған еді. Іштегі патриоттық рухымыз бен берген уәдемізге сай болу үшін түске дейін сабақ беріп, түстен кейін қайтадан олардың дайындығын арттырумен айналыстым. Балалардың ынтасын түсірмеу үшін олармен бірге билеп, бірге секіретін болдым. Орыс сыныптары сабаққа кірген кезде, екі жағыма бес-бестен жетектеп асханаға, тіпті дәретханаға да бірге апарып келемін. Сондағы ойым, балаларға біреулер тиісіп, ауыр сөз айтуына жол бермеу. Қазір 1737 оқушысы бар сол білім ордасы М.Мақатаев атындағы №13 мектеп деп аталады.

 

- Сіз мұғалімдікті ғылыммен ұштастырып, теория мен практиканы қатар алып жүрген әдіскер ретінде әріптестеріңізге мойындата алдыңыз. Мектеп мұғалімі мен университет оқытушысының қайсысы жаныңызға жақын?

 

- Дұрыс айтасыз, 1996-2005 жылдар аралығында Алматы облыстық мамандар кәсібін дамыту институтында тарих пәнінің әдіскері, тәрбие және құқық кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істедім. 2004 жылы «Қазақстан Республикасының кәсiби-техникалық оқу орындары» (1970 - 2000 ж.ж.) атты тақырыпта кандидаттық, 2011 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіби лицейлер мен колледждердің қалыптасуы және даму тарихы (1991-2008 ж.ж.)» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атағына ие болдым. 2005 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жұмыс жасап, 2009 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атандым. Бұдан бөлек «Гордость образования», «Decus oeconomicae», «За профессиональные заслуги», «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 90 жыл», 2019 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Үздік ұстаз» төсбелгісімен марапатталдым.

Маған әдіскерлік жақын. Мұғалімдік пен оқытушылық та осы жерде бар. Өйткені әдіскерлік әр технологияның дұрыс бағытын іздеп тауып, оны практика жүзінде іске асыруға дейінгі сатының бәрін қамтиды. Менің мектептердегі кәсіптік қоғамдастықтармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуім де сол себептен.

 

Қазіргі кезде ұстаз беретін білімнің шәкірт санасына қаншалықты сіңетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл - өте жауапты әрі күрделі жұмыс. Сондықтан шәкірт тәрбиелеумен тек білім берудің қадір-қасиетін терең сезінетін және өз ісінен ләззат алатын адам ғана айналысады деп ойлаймын.

 

- Еліміздегі әдіскерлердің аздығы және әлі күнге дейін әдіскерлер мектебінің қалыптаса алмай жатқаны да бәлкім сондықтан болар?

 

- Дұрыс айтасыз, қандай да бір әдіскердің жеке мектебі бар дегенді мен де естіген емеспін. Қазір әркім өз бағыты бойынша өзі ізденеді. Қайсыбіреулер жасаған әдістемесі мен бағдарламасын білім беру мекмелеріне өздері апарып таныстырады. Ал тиісті мекемелер мұғалім не оқытушы өзі іздеп келсін дегенді айтады. Міне осының бәрі әдіскерлік мектептің жоқтығынан деп санаймын. Ауылдардағы әріптестеріміздің бізді іздеп келетін жағдайы жоқ екені айтпаса да белгілі. Сондықтан олар бізді ұмытпасын деген оймен, университеттегі дәрістерден бос уақытымда ауылдарды аралаймын. Ауыл мұғалімдеріне не керек екенін сұрастырып білемін. Содан кейін солардың талаптарына сай әдістеме дайындаймыз. Жалпы біз жасаған әдістеме мен технологияны мектептердің барлығы бірдей қабылдай алмайды. Кеңес дәуірінде бізде Ы.Алтынсарин атындағы әдістемелік институт болған. Онда әр пәннен өз әдістемешілері отыратын. «Сіздерде не бар?» - деп сол кісілерге өзіміз баратынбыз. Біз солай қалыптастық. Ал қазір менің ондай мектебім жоқ. Әрине, менен де үйренетіндер бар шығар. Бірақ оны мектеп деп айта алмаймын.

 

- Әдістемелік жүйемен жұмыс жасау қаншалықты қиын?

 

- Негізі әдістемелік жүйенің өзінің мектебі, өзінің талабы болуы керек. Кеңестік дәуірде біз Алтынсарин атындағы ғылыми зерттеу институты не шығарса соны тәжірибеден өткізетінбіз. Қазір де әдістемелік нұсқау хатты солар жасайды. Бірақ, ол тек нұсқаулық хат болып қалады. Алайда бүгінде ол мекемеде бұрынғыдай білікті әдіскерлер мен ғалымдар бар ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Соған қарамастан білім беру мекемелерінде әдістемені әркім әрқалай жүргізеді. Оларға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы өзінше, басқалары басқаша үйретеді. Содан кейін көп жерде мұғалім кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айта алмайды.

 

- Қалай ойлайсыз, қазіргі кезде қарапайым мұғалімдер әдістемеге қызыға ма?

 

- Педагогтардың біліктілігін арттырумен тек «Өрлеу» ғана айналысады дегеннен кейін көп жерде олар шектеліп тұр. Ал негізі заңда бәрі жазылған. Алматыдағы білім беру мекемелері мен ондағы қызметкерлер оны жақсы біледі. Мұнда кімдікі дұрыс екенін өздері таңдайды. Мысалы, қазіргі кезде мектеп бағдарламасына «робототехника» ұғымы енгізілген. Алайда, көп жерде оның қазақшасы жоқ қой. Міне сондықтан, ауылдағы қаракөздеріміз одан қалып қалмасын деген оймен, стандарт бойынша 34 сағатқа арналған «Робототехника негіздері» деп аталатын әдістемелік құрал мен бағдарлама жасадық. Бұл жерде жаңадан ешнәрсені ойлап табудың керегі жоқ, бәрі бар. Тек бәрін жүйелеп дұрыс бағыт-бағдар беріп, енгізу керек. Ары қарай мұғалім де, оқушы да өз фантазиясымен жалғастырып алып кетеді. Қазір оны оқып жатқан кейбір балалар тіпті әскери техника жасаумен де айналысып жүрген көрінеді.

 

- Сіздіңше, мектеп директорларының білім сапасын арттырудағы рөлі қандай?

 

- Жақсы басшы жақсы маманға барлық уақытта жағдай жасайды. 1990

 

жылдардағы өтпелі кезеңде күнкөріс қамымен біреу саудаға, біреу басқаға кетіп жатқанда да мықты мамандарын сақтап қалған мекемелер болды ғой. Қазір де мықты әдіскерлерлерді өздеріне шақырып, мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға көңіл бөліп жатқан директорлар бар. Олар заман талабына сай оқушы мен ата-атаның үмітін ақтауға барын салып жатыр. Өкінішке қарай, бізде ата-ана - мұғалім - мектеп басшылығы үштағанындағы жұмыс көп жерде ақсап тұр. Сондықтан да кәсіптік білім беру үрдісі өз деңгейінде дами алмай жатыр. Тегінде баланың жақсы білім алмағы оқу процесіндегі қызығушылық пен мұғалім беретін білімнің сапасына байланысты екендігі анық. 7-8 сыныптан кейін оқушылар мамандық таңдайды. Міне сол кезде біз оларға көмектесуіміз керек.

 

- Қай жағынан?

 

- Мен кандидаттық және докторлық зерттеу жұмысыма байланысты Еуропа елдеріне көп бардым. Онда оқушылар бірінші жоғары оқу орнына емес, өміріне керекті кәсіптерге бейімделеді екен. Ол керек пе, жоқ па дегенді ата-анасы және мұғалімімен отырып бірге шешеді. Оған мектеп базасында таңдау жасайды. Сол бойынша бейіміне қарай білімін тереңдетуге көңіл бөлінеді. Бізде тарих, биология, география мұғалімдерінің арасында байланыс жоқ. Бәрі қағаз жүзінде айтылады, іс жүзінде жоқ. Баланың неге бейім екенін ешкім білмейді. Мұғалімдері оның бейімін бір-біріне айтып, алға итеріп, бағыт бермесе, әрине, ол ертең қайда барарын білмейді. Бала мына кәсіпті көрейін десе де не «иә», не «жоқ» деп жауап беретін ешкім табылмайды. Содан кейін ол «Мынау оңай жол екен», - дейді де, оңайын таңдайды. Бұл жерде мұғалімнің рөлі өте үлкен. Қазір бізде кәсіби бағдар беру деген бар. Алайда, оқушыны бейімдеу үшін мұғалімнің өзі білікті болуы керек. Өкінішке орай бүгінде осы жағынан ақсап жатырмыз. Мәселен, қазір кәсіптік колледждер бакалавр дәрежесін бере бастады. Бұл балалардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ баланы колледжге беріп кәсіптік тұрғыдан оқытуды ата-аналар онша қаламайды. Көңілі қаламаса да жоғары оқу орнына түсетін және оны бітірген соң алған мамандығы бойынша жұмыс жасауға құлық танытпайтын жастардың көбейіп кеткені бір жағынан сондықтан.

 

- Жанат Ерекенқызы, сіз өз біліміңізді қаншалықты деңгейде жүзеге асыра алдыңыз?

 

- Негізі мен білімімді барынша пайдалануға тырысамын. Егер бұрын жиған білімімнің 20-30 пайызын өзіме жұмсасам, қазір оның көлемі 50-60 пайызға жетті. Өйткені әр кезеңнің жақсы нәрсесі болғанмен, оны үздіксіз жетілдіріп отырмаса білім де ескіреді. Заң жүзінде авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге берілетін құқықтардың мемлекеттік тізіліміндегі 25 авторлық куәлігім соның нәтижесі. Әрине, атқарылған жұмысқа қарағанда істелуін күтіп тұрған шаруа көп. Білімім мен тәжірибемді қажетті іске сарқа жұмсаудың арқасында еңбектің нәтижесін де көріп жатырмын. Сондықтан болашаққа деген үмітім зор.

 

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!


Ерлік Ержанұлы

 

 

24.10.2019 ж.

Ақпарат көзі: zanmedia.kz



698

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler