қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
31.07.2019

Абай атындағы ҚазҰПУ: академиялық департамент білім бағдарламаларының сапасын қадағалайды

 

«Өнер-білім бар жұрттар, тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған» деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, бүгінде әлемде ғылым мен техника дамудың шырқау шыңына шығып, төртінші өнеркәсіптік революция қанат жаюда.

 

Қазіргі таңда қолмен басқарылып, күшпен жүзеге асырылатын жұмыстар ғылым жетістіктерінің арқасында робот техника арқылы орындалуда. Бұл жағдайда ғылым мен білімді дамытып, адами капиталының 95 пайызынан астамы озық тәжірибелерге жүгінген мықты мемлекеттер бәсекеде озып шығары ақиқат. Бұл тұрғыдан алғанда экономикасы өте қарқынды дамыған, алдыңғы қатарлы елдер бұл инновациялық серпілісте де алдыңғы орынға, көшбасшылыққа ұмтылары хақ. Осы көштен қалмау үшін біздің еліміздің білім саласында нақтылы іс-шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар халықтың тұрмысы жақсы болып, жаңа тұрпатта өмір сүруі үшін ең алдымен, еліміздің адами капиталы сапалы болу керек. Егер еліміздің экономикасы мен әл-ауқатын арттырамыз десек, алдымен сол салада  өзге елдерге есе жібермейтін мықты мамандардың қатары  көп болғаны абзал. Ол үшін бүгінгі ұрпаққа сапалы білім берілуі қажет. Егер біздің тәуелсіз еліміздің жастары жаңа заманның жоғары технологияларын меңгерсе алдағы отыз жылда өркениетті ұттардың көшіне ілесеріміз анық.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барша отандастарымызға арнаған былтырғы кезекті Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет екендігін жүктегені белгілі. Бұл заңамалық құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтын құқықтық қағаидаларды жүйелеуі тиіс.

 

Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары білім сапасын арттыру мақсатымен алға ұмтылып жатыр. Олардың бұл игі қадамдары, біріншіден, ел жастарына деген жауапкершілікті арттырса, екіншіден, осындай инновациялық бағдарламалар арқылы өздерінің атақ-абыройларын да асқақтатары сөзсіз. Осыған орай  еліміздегі педагогикалық кадрлар даярлайтын білім ордаларының көшбасшысы - еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университетінің де мойнындағы міндеттің жауапкершілігі  жеңіл емес екендігі белгілі. Себебі біздің университетті бітірген әр маман ертең жас ұрпаққа сапалы білім беретін нағыз кәсіби маман болып шығуы тиіс.  

 

«Ұядан не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деп дана халқымыз айтқандай, біздің түлектеріміз қазірден бастап білімнің жаңа стандарттарымен қаруланар болса, онда ертеңгі мектеп түлектерінің де өз бағытын адаспай табатыны, бұл жолда біздің ұстаздарымыздың еңбектерінің бағаланатыны баршаға мәлім.

 

Біз қара шаңырақ білім ордасының шалғай ауылдардың өзінде құрметке ие боларлықтай беделінің  дұрыс бағытта қалыптасуы жолында жұмыс жасап жатырмыз. Біздің бөлім Такир Оспанұлы Балықбаев университетімізге алғаш ректор болып келген күннен бастап Академиялық мәселелер жөніндегі департамент болып қайта құрылды. Нақтылғанған мақсат пен артылған жауапкершілікті салмағы ауыр екенін біліміз. Өйткені біздің құрылымдық бөлім студенттерге білім беретін институттардың білім бағдарламалары мен сапалы білімді қадағалайтын мекеме. Атап айтқанда департаменттің негізгі міндеттеріне:  оқу үдерісін кредиттік жүйе негізінде ұйымдастыру және басқару;  оқу үдерісін ұдайы жаңарту, оқу барысындағы қызмет көрсету сапасын арттыру; білімді бақылау жүйесінде баллдық рейтинг жүйесін одан әрі тиімді жетілдіру (аралық, қорытынды білімді бақылау); оқу үдерісін ғылымның соңғы жетістіктерімен, техникалық, инновациялық технологиялармен қамтамасыз ету; барлық оқу бағдарламасын үнемі дамытып отыру; тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық бәсекелестік пен еңбек нарығында да білікті бакалавр, магистр, PhD мамандарын дайындауды қамтамасыз ету; үш циклды жүйедегі «бакалавр-магистр-PhD» дайындығын халықаралық оқу бағдарламасымен бірігіп дамыту; талапкерлерді қабылдауда жаңа концепцияны және бітірушілерді жұмысқа орналастыру барысында жаңа механизмді жақсарту;  ҚазҰПУ-дың әлемдік білім кеңістігіне енуі, ҚР басқа университеттер арасында жетекші дәрежеге жету үшін университетті оқу қызметтерімен қамтамасыз ету болып табылады.

 

Енді осы міндеттердің қалай орындалып жатқанына тоқталсақ. Ең алдымен біздің оқу орнымызда білім алушыларды кредиттік жүйе бойынша оқыту технологиясы ойдағыдай игеріліп, бүгінде барлық мамандықтағы барлық пәндер тиісті кредиттер бойынша оқытылып жатқанын айрықша атап айтқан абзал. Сонымен бірге біз білім сапасын арттыруға тиісті көңіл бөліп отырмыз. Осы мақсатпен оқу үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізудеміз. Сапалы мұғалім кадрларын даярлау жөнінде өткізген ғылыми-практикалық конференцияларымызда шетелдік педагогикалық университеттердің озық тәжірибелерін талдап, талқылап, оны игеруге бағытталған іс-шаралар  жоспарын қабылдап жүзеге асырудамыз. Абай атындағы ҚазҰПУ мен Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университеттерінің бастамасымен өмірге келген Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің педагогикалық жоғары оқу орындары қауымдастығының жыл сайынғы дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын форумдарында сапалы және бәсекеге қабілетті мұғалім кадрларын даярлаудың өзекті мәселелері талқыланып, олармен тәжірибе алмасып отыру нәтижесінде тиісті көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Жыл сайын отандық және халықаралық рейтингідегі орнымыз да жоғарлай түсуде. Соңғы кезде әлемдегі ең үздік 500 TOП университеттер қатарынан көрінсек, еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арасында бірінші орында келеміз. Білім сапасы оқу бағдарламасының сауаттылығына байланысты дейтін болсақ, мазмұндағы білім бағдарламалары жаппай дайындалып жатқанын атап өткенім жөн болар. 

 

Біздің бөлім ең алғаш құрылған күннен бастап ректордың қолдауымен «Академиялық адалдық» кодексін қабылдады. Бұл дегеніміз, университетіміздің студенттерін тек қана өз күшімен ғана жетістікке жете алатын мықты кадр етіп даярлау болып табылады. Егер біздің студенттеріміз жоғарыда атап өткендей сабақ барысында өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, ғылымның белесіне тек өз күшімен ғана ұмтылар болса университетіміздің атақ-даңқы тек қана елімізде ғана емес, шетелдерде де абыройға бөленетіні анық. Осы кодекске сәйкес студенттерімізге қойылатын талаптар мен міндеттерді күшейте отырып, олардың сапалы білім алуына, кәсіби білімді терең меңгеруіне, оқытушыларымыздың өз жұмыстарын адал атқаруына мүдделіміз.

 

Сонымен қатар ректордың ұсынысымен студенттердің оқу үлгерімін бағалау критерилерін де жаңаша мазмұнда қарастырдық. Бұрын студенттер өзінің білім алған ұстаздарына ғана қорытынды сынақ емтихандарын тапсырса, қазіргі таңда оларды басқа пән мұғалімдері жүргізеді. Яғни студенттің оқу үлгерімін басқа бөлімде жұмыс жасайтын мұғалім бағалайды деген сөз.

 

Цифрлық университет аясында 2018 жылдан бері оқу үрдісіне қызмет сапасын жетілдіру бағытында «Univer» дерекқорлар  жүйесі енгізіліп, қазіргі күні жетілдірілуде. Сту­дент­терге қызмет көрсету сапасын арттыру мақ­сатында «бір терезе» қағидасын іске асыру мақсатында ашылған  «Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы қазіргі күні  нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Сондай-ақ біздің университетіміз елімізде құрылған «Академиялық адалдық» лигасына кандидат ретінде қабылданды.  Оқу орнымыз Алматы қаласында құрылып бастау алған  студенттердің «Sanaly Urpaq»  клубына мүшелікке өтуге және осы клуб аясында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруға жұмыс жасап жатыр. мұндағы мақсатымыз болашақ еліміздің жас мамандарына жемқорлықсыз қоғамда өмір сүру көзқарасын қалыптастыруды, академиялық адалдық қағидатын қатаң сақтауды, келешекке тек біліммен ғана ұмтылуды насихаттау болып табылады. Бұл аталған жұмыстардың барлығы болашақ мамандардың игілігіне арналып жатқаны сөзсіз. Жалпы, біз оқу онымыздың әлемдік стандарттарға сай және еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы мен ұстаханасына айналу жолында қажырлы еңбек ете бермекпіз.   

    

Авторы: Хайрулла ЖАНБЕКОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ

Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры

26.07.2019 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz

 

 



154

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler