қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
11.04.2019

Алға жетелер бастама

 


 

Әлемдік өркениетке ілесу үшін жеке ұлт болып қалу - бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселесі. Ал төл тарихымыз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, ұлттық тәрбиеге терең мән беру - ұлттық бірегейлікті сақтаудың қайнар көзі.

 

Елбасының 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бүгінде Қазақстан халқын рухани дамыту мен ұлттық сананы жаңғыртудың негізіне айналып отыр. Бұл саяси-идеологиялық құжат қазақ халқының стратегиялық бағы­тын анықтайтын, өткеніміз бен бүгін­гіні болашаққа үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының жаңа тұжырымдамасы болып табылады.

 

Мұнда Ұлт Көшбасшысы, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, өзге ұлттардың озық тұстарын өзімізге, өмірімізге қабылдап, ұлт заман талабына сай жаңғыруы қажеттігін айтты. Жасыра­тыны жоқ, адамзат осы уақытқа дейін бастан кешкен үш бірдей ғылыми техника­лық төңкерісте қазақ ұлты «үнсіз қалған­дар» ортасында болды. Дамудың үш төңкерісін де жасаған - басқа ұлттар. Олай болса, адамзат дамуының төртінші төңке­рісінде қазақтар дамыған ұлттар мен терезесі тең қауым ретінде көрінуі тиіс. Бұл үшін бүгін не бар, соның бәрін меңгеріп, адамзатты келешекке жетелейтіндей білім-ғылым жасауға тиіспіз. Сондықтан Көш­бас­шымыз енді экономиканы дамытудың ұзақ мерзімді кешенді жоспарын іске қоса отырып, оны меңгеретін ұлттың сапасын жоғары биікке көтеру міндетін алға шығарды. Елбасының бұл бағдарламасы тек қана экономика мен әлеуметтік салаларды дамыту бағдарламасы ғана емес, сонымен бірге ұлттың, мемлекеттің толыққанды һәм жан-жақты жаңғыруының аса бағалы жоспары. Осындай ауқымды жоспарды жұмысқа қосуға атқарушы билікті міндеттеген Елбасымыз мақаланың бір басым бағыты ретінде адам капиталын дамытуға және бұл саладағы жұмысты қар­жыландыруды еселеуге міндеттесе, демек, тарихи құжат ұлттың толық жаңғыруының бастаушысы болып шығары хақ.

 

Президент тарапынан қойылған мақсат­тар елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығу жолдарын айқындап, әлеуметтік және гуманитарлық білім сала­сын дамыту, бабалар мұрасы мен еліміздің ұлттық құндылықтарын сақтауды, ұлттық және жеке байлығымызды үнемді пайда­ланып, қанағатшылдық пен қайы­рым­дылықты, ұстамдылықты насихат­тайды.

 

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы­ның санасын жаңғыртудың екінші бағыты ретінде қанымызға сіңген жағымсыз дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидалардан арылып, ұлттық және жеке байлығымызды үнемді пайдаланып, қана­ғат­шылдық пен қайырымдылықты, ұстам­дылықты насихаттайды. Кезінде Абай Құнанбайұлы сынаған жағымсыз мінез-құлықтар, «өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншек, бекер мал шашпақтық» әлі күнге елімізбен бірге жасап келеді. Бұл құжат халқымызды оятып, рухани жаңғыру арқылы кереғар қылықтардан арылуға шақырады.

 

Елбасының ұсынған бұл жүйелі жаңғы­руы қазіргі күні білім ордамыздағы білім беру және тәрбие жұмысының өзегіне айналды.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университет рухани жаңғыру үрдісінің мазмұндық және идеялық арқауын Абайдың рухани мұрасымен байланыстырады. Абай тағылымын, оның «кемел адам» концепциясын ұлттық құндылықтардың арқауы етіп алып, соның негізінде оқу-тәрбие үдерісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бет бұрды.

 

Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын нәтижелі іске асыру және жүйелі жүргізу мақсатында университет жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесі «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығымен тығыз байланыста жұмыс жасауда. 2008 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан бұл орталық Абайдың даналығын жастардың бойына сіңіру бағытында ауқымды істер атқарып келеді. Қазіргі күні барлық мамандықтар бойынша 1-курс студенттеріне «Абайтану» пәні оқытылуда. Абай өмірі мен мұрасын терең тану мақса­тында «Абайтану» кабинет-мұражайы ашылып, студенттердің практикалық жұмысына септігін тигізіп келеді.

 

Ұлт тұлғаларының өнегелі өмірі мен азаматтық ұстанымдарын жастарға кеңі­нен насихаттау мақсатында бірнеше жылдар бойы М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы «Тұлғалар тағылы­мы» дәрістер циклы аясында қазақ елінің зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Мәлік Ғабдуллин, Санжар Асфендияров, Темір­бек Жүргенов сынды өнегелі тұлғалардың тағылымдарын дәріптеу арқылы, жастар­дың бойында азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру бағытында мардымды жұмыстар атқарып келеді. Бүгінде бұл орталықтың қызмет аясы кеңейіп «Ұлы Дала тұлғалары» орталығы деген атауға ие болды.

 

Латын графикасына көшу бағытында білім ордамызда «Латын әліпбиін оқытудың әдістемелік орталығы» ашылды. «Туған жер» кіші бағдарламасын іске асыру мақ­сатында университет жанындағы «Айтыл­ған тарих» орталығының бастамасымен елі­міздің елді-мекендеріне арнайы экспеди­циялар ұйымдастырылды.

 

«Рухани жаңғыру» идеясын оқу және тәрбие үдерісіне енгізу бағытында педаго­гикалық мамандықтар бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үндес таңдау компонентінің пәндері оқу үрдісіне енгізілді.

 

Университетте Елбасы «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар жоспары бекітіліп, ұйымдасты­рылатын шаралардың басым бөлігін ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәдени, спорттық, тарихи, саяси шаралар құрап отыр. Олар: «Менің пірім - Сүйінбай» рес­публикалық жас ақындар айтысы, «Абай әлемі» республикалық жастардың өнер фестивалі, «Әз-Наурыз Абай ауылында» атты жалпыуниверситеттік мерекелік іс-шарасы, Алматы қаласы студенттері арасында қазақша күрестен «Университет барысы» қалалық чемпионаты.

 

Жалпы алғанда, Елбасы мақаласында орын алған игі бастамаларды кезең-кезеңге, бағыттарына бөліп қарастырсақ, ел дамуы мен өркендеуі үшін Қазақстан халқына арналған бағдарлама, яки Қазақстан халқының ұстанар ұстанымы мен ұлттық идеологиясы деп қабылдауға болады.

 

Авторы: Жанатбек Ішпекбаев,

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры,

саяси ғылымының кандидаты, профессор

11.04.2019 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz



398

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler