қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
15.11.2018

Бір студентке 100 кітаптан келетін бай кітапхана

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп атап көрсетуі білім беру жүйесінің алдын үлкен жауапкершілікті жүктейді.

 

Болашақ маманның кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруда кітапхана жұмысы негізгі орын алады. Еліміздегі алғашқы оқу орны Абай атындағы ҚазҰПУ ғылыми кітапханасының негізі 1928 жылы қаланған, Қазақстандағы ірі жоғары оқу орны кітапханаларының бірі. Ғылыми кітапхана институтпен бірге ұйымдастырылған. Алғашқы құрылған жылында кітапханада бір ғана кітапханашы - Келлер Софья Романовна жұмыс істеген, ал кітап қоры небары 40 мың томды құраған.

 

Кітапхана жұмысының, кітап қорының даму тарихына тоқталсақ, кітап қорын негізінен, Верныйлық гимназиялардан және жеке кітап қорларынан жинақталған әдебиеттерден құралды.

 

1972 жылы кітапханалық библиографиялық факультет ашылып, онда кітапхана қызметкерлері сабақ жүргізе бастады. Факультет екі мәрте бітірушілерін шығарып, 65 студентке жаңа мамандықты үйретті.

 

1998 жылы кітапхана TEMПУС-TACИС жобасы бойынша грантты жеңіп алды. Кітапхана процестерін компьютерлендіру жүргізіліп, «Рабис-Абай» кітапханалық бағдарламасы әзірленді, кітапхана қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында Еуропа (Италия, Голландия) елдерінің жетекші ғылыми кітапханаларына іссапармен барып қайтты. Кітапхана қорындағы құжаттар саны 740 000 данаға, қызметкерлер саны 50 адамға дейін өссе, оқырмандар саны 20 000-нан, ал кітапханаға келушілер саны 3 миллионнан асты.

 

«Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деген көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің сөзі кітапхананың өмірдегі орнын дәл айқындап тұрған жоқ па? Бүгінде ғылыми-техникалық прогресс пен адамзат өркениеті қаншалықты жедел қарқынмен дамып, әлемді ақпарттық технологиялар билеп, кез келген кітаптың мәтінін әп-сәтте интернеттен тауып алатын жағдайға жетсек те, бәрібір кітапхананың орны бөлек. Қалаған кітабыңды қолыңа ұстап, парақтап оқып, керекті ойларыңды белгілеп, жазып алып, еркін пайдаланғанға не жетсін?!

 

Еліміздегі тарихы тереңнен бастау алатын, абырой-беделі жоғары, кітап қоры бай кітапханалардың бірі - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасы. Бүгінде кітап қоры 2 млн данадан асып, Алматы облысындағы 12 жоғары, 13 орта арнаулы оқу орындары кітапханаларының ғылыми-әдістемелік орталығына айналып отыр.

 

Қазақтың алғашқы жоғары оқу орны өмірге келген соң, оған оқулықтар мен оқу құралдарының, әдістемеліктердің көпшілігі Мәскеу мен Ленинградтан әкелінгені белгілі. А.Байтұрсынұлы, О.Жандосов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Сейфуллин сияқты ұлт зиялылары да университет кітапханасын кітап қорымен толықтыруға өлшеусіз үлес қосты.

 

Олар өздерінің әдеби көркем шығармаларымен бірге оқу құралдарын да жазып, студенттерді білім нәрімен сусындатуға аянбай еңбек сіңірді. Университет ғалымдары да өз еңбектерін кітапханаға тегін өткізген. Сөйтіп алғашқы он шақты жылдың ішінде-ақ кітап қоры 20 мың данаға жеткен.

 

Ұлт зиялылары өткен ғасырларда жарық көрген кітаптарды іздеп тауып, тарих пен ғылым үшін үлкен құндылықтар келгенін бүгінде кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында тұрған көне басылымдардан көруге болады. Бұл қорда қазір тұңғыш қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне) Верный гимназиясынан берілген әдебиеттер, сонымен қатар ХVIII-XIX ғасырларда шыққан орыс және шетел тілдеріндегі аса құнды ғылыми, мәдени және тарихи мәні бар басылымдар көптеп жинақталған.

 

Сондай көне кітаптардың бірі - Қазан дін академиясының VI курс студенті Иван Тиховтың Александровскийдің 1877 жылы Қазан қаласындағы университеттік баспаханада басылып шыққан «Обозрение мусульманских молитв» (по изучению секти ханафитской) деп аталатын кітабы сақталған. Ислам дінін терең зерттеген автор кітаптың бірінші бөлімінде намаз оқудың шарттарын жан-жақты талдап түсіндіреді. Әсіресе, намаздағы негізгі шарттар, оның парызы, уәжібі, сүннеті туралы шынайы баяндалады. Кітаптың екінші бөлімінде Құранның негізгі терминдеріне, сүрелеріне түсінік беріледі. Мекке мен Мединеге қажылыққа барғанда оқылатын намаздардың ерекшеліктерін түсіндіреді.

 

Осындай көне дүниелердің бірі А.В. Васильев деген ғалымның 1900 жылы Орынбордағы Ф.Б. Сачков деген азаматтың жеке баспаханасынан басылып шыққан «Образцы киргизской (казахской) народной словесности. Киргизские (казахские) загадки» деген зерттеу кітабы. Қазақ халқының мақал-мәтелдерін, даналық сөздерін теріп, жинап, оны орысшаға аударып түсінік жазған А.В. Васильевтің бұл еңбегі де өз кезінде құнды еңбектердің бірі болып саналады.

 

1927 жылы Ташкентте орыс тілінде басылып шыққан «Грамматика казахского языка» оқулығы да кітапхана қорындағы сирек кітаптардың бірі.

 

Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы Орынборда басылып шыққан «Қазақша әліпбиін» де біздің кітапханадан табасыздар. Бұл кітапты қырғыз азаматы Кәрбоз Диқанов қырғыз оқушылары үшін қайта өз қаражатымен бастырып шығарыпты.

 

20-жылдары бұл кітапты қырғыздар да пайдаланып, сауатын ашыпты. Бұл әліппе А.Байтұрсынұлының араб әліпбиі арқылы қазақ жазуын таңбалауға арналған төте жазу әліппесі болатын. Төте жазу әліпбиі Қазақ елі латыншаға толық көшкен 1932 жылға дейін пайдаланылды. Бұрынғы кітаптар мен газет материалдары бойынша зерттеу жүргізушілер үшін төте жазудың әлі де пайдасы зор.

 

Сондай-ақ Міржақып Дулатовтың 1909 жылы Уфадағы Кәрімов пен Құсайыновтың «Шарық» баспасынан басылып шыққан «Оян, Қазақ!» өлеңдер жинағы да университет кітапханасындағы құнды дүниелердің бірі.

 

«Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

 

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

 

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

 

Қазағым, енді жату жарамас-ты», - деп қазақ халқына үн тастаған Міржақып Дулатұлының бұл еңбегі өз халқына деген жанашырлыққа толы.

 

Сирек кітаптар қорындағы Ахмет Байтұрсынұлының «Жан сөзімді кім түсінер?» деп аталатын өлеңдері мен Мағжан Жұмабаевтың «Шығармалар» жинағы да әдеби ескерткіштердің бірі. Орыс ғалымы А.Ф.Эфировтың 1949 жылы шыққан «Ибрай Алтынсарин. Жизнь и педагогическия деятельность» деп аталатын зерттеу еңбегі ыбырайтану саласындағы алғашқы және парасатты еңбек болып табылады.

 

А.С. Ситдыковтың «Педагогические идеи и просветительская деятельность И.Алтынсарина» (Алма-Ата, учпедгиз, 1949 г.) деп аталатын зерттеу еңбегі көрнекті тарихшы Ермұхан Бекмахановтың редакциясымен шыққан. Бұл кітапта Ы.Алтынсаринге дейінгі қазақ өлкесіндегі халық ағарту ісі, ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы педагогикалық қозғалыс және оның Ы.Алтынсаринге ықпалы, ұлы ағартушының қазақ сахарасында орыс-қазақ және таза қазақ мектептерін ашудағы рөлі, оның педагогикалық идеялары, мұғалім мәртебесі туралы және әдістемелік көзқарастары жайында кеңінен баяндалады. Бұл кітаптың Алтынсаринді зерттеушілер үшін әлі де пайдасы зор болмақ.

 

Сирек кітаптар қорында М.Әуезовтің 1948 жылы Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан басылып шыққан «Абай» романы, Ы.Алтынсариннің 1957 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының баспасынан орыс тілінде шыққан таңдамалы шығармалары көрнекті орын алады. Кітапханада әлемдік көркем әдебиеттің бай қоры және XVIII-XX ғасырлардың басында шет тілдерінде шығарылған сирек басылымдар жинақталған. Сирек кітаптар қорында түрлі білім салалары бойынша көптеген еуропалық елдерде жарияланған әдебиеттер, соның ішінде Ч.Диккенс, Э.Золь көзі тірісінде жарық көрген басылымдары және басқа да көркем, ғылыми-анықтамалық басылымдар жинақталған. Тарихи, жаратылыстану-ғылыми және географиялық мазмұндағы көптеген басылымдар бар.

 

Қысқасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғылыми кітапханасының қорында екі дәуірдің куәсі болған осындай сирек кітаптар жетерлік. Бұл басылымдар - студенттер мен оқытушылар үшін аса құнды дүниелер.

 

Бүгінде ғылыми кітапхананың басты қызметі - қорды толықтыру, сақтау және жинақталған ақпарат көздерін айналысқа түсірумен сипатталады. Кітап қоры бүкілхалықтық мұра болғандықтан, оны толық бүтін қалпында сақтап, келер ұрпаққа табыс ету - кітапханашылардың қасиетті борышы.

 

Еліміз Тәуелсіздік алған алғаш жылдардан бастап жағдай өзгерді. Еліміздің жоғары оқу орындарының факультеттері жанынан қазақ бөлімдері ашыла бастады. Қазақ тіліндегі оқулықтары мен оқу құралдарына сұраныс көбейді. Мұндай бетбұрыс кітапхана саласына өз қиындығын ала келді. Өйткені қаншама қазақ бөлімдері ашылғанымен, оқу үдерісіне орай студенттерді қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ еді. Мұндай қиын жағдай, әсіресе, университетіміздің биология, география, механика, математика, физика, экономика, философия, заң мамандықтарына тән еді. Осы мәселелерді шешу жолында университет ұстаздары мен кітапхана қызметкерлері бірлесе отырып еңбек етті. Орыс тіліндегі оқулықтарға авторлық құқықты сақтай отырып, аударма жасалынды. Оқытушылар қауымы жылдар бойы оқып келе жатқан дәріс-сабақтарын қазақша оқулық етіп басып шығару жолында еңбек ете бастады.

 

Қазір қазақ тіліндегі қордың жағдайы едәуір жақсарды. Бүгін ғылыми кітапханадағы қазақ тіліндегі қорымыз жалпы қордың 70 пайызына жетті. Бір студентке 100 кітаптан келеді.

 

Кітапхана университетіміздің құрамдас бөлімі болғандықтан, қорландыруға бөлінген қаражатты тиімді пайдалануға тырысудамыз. Кітапханашылар кафедралармен тығыз байланыс орнатып, пән бойынша қазақ бөлімдеріне жетіспейтін оқулықтар тізімін басшылардың назарына ұсынуда. Кітап қорына бөлінетін қаражатқа алынатын оқу-әдебеттер тізімі кафедра мұғалімдерімен бірлесе отырып жоспарланады.

 

Мемлекеттік бағдарламалармен шығып, тегін алынып отырған оқу-әдебиеттеріміз де тек қана қазақ тілінде. Жылына 30 мыңға жуық кітап түсіп отыр. Университетіміздің «Ұлағат» баспасы кітап қорын толықтыруға үлкен үлес қосуда. Университет әкімшілігі оқытушылардың еңбектеріне талдау жасай отырып, кітаптарды белгілі бір жүйемен, сұраныс мөлшеріне қарай басып шығаруға бет бұрды.

 

Кейінгі жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында халқымыздың мыңдаған жылдық мұрасы жүйеленіп, зерттеліп, жүздеген томдар жарық көрді. Кітапханамыз осы бағдарлама аясында, қорды өз елімізде шыққан және қазақ тіліндегі әдебиеттермен мүмкіндігінше толықтыруға, жинақтауға, сақтауға, насихаттауға қол жеткізді. Бұл іс, кітапханадағы қазақ тіліндегі кітап қорын толықтыруға мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық деп те қабылдауымыз керек.

 

Қазіргі таңда кітапхана құрылымында 7 бөлім бар: әдебиеттерді жинақтау және ғылыми өңдеу, каталогтандыру және жүйелеу бөлімі, қызмет көрсету бөлімі, мәдени-бұқаралық, ақпараттық-библиографиялық, кітап қоры, ақпараттық технологиялар бөлімі.

 

Кітапхана қызметкерлері оқырмандарға 10 кітап беру пункттерінде - 3 абонементте және 7 оқу залында жекелей түрлі қызмет көрсетеді.

 

Оқу залдары университеттің барлық ғимараттарында орналасқан.

 

Оқырмандарға толық мәтінді мәліметтер қоры бар электрондық кітапхана ұсынылуда. Толық мәтінді мәліметтер қоры - оқулықтар мен оқу құралдарынан, білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік кешендерден (БАОӘК), авторефераттар мен диссертациялардан, мерзімді басылымдардағы мақалалардан тұрады. Пайдаланушылар отандық және шетелдік толық мәтінді дерекқорларға қол жеткізе алады.

 

Кітапхананың кітап қоры мемлекеттік, орыс және шет тілдеріндегі университеттің мамандықтарына сай әртүрлі білім салаларын қамтиды.

 

Кітапхана жұмысында Елбасы ұсынған Цифрлы Қазақстан бағдарламасы жақсы жолға қойылған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты - қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру болып табылады. Компьютер арқылы электронды қорды пайдаланушылардың жалпы саны - 65213. 2017 жылы 1006 кітап және 194 журнал, сыртқы қордан 875 электронды кітап жүктелген, 240 электронды оқулық авторлардан алынған, 225 электронды файл жүктелген. Кітапхананың медиатекасы 3 043 электронды оқулықты құрайды.

 

Сонымен қатар университеттің кітапханасы интернет желісінде қосылған өзінің жеке сайты бар. Отандық және шетелдік білім беру ұйымдарымен жедел ақпарат алу және ақпарат алмасу үшін кітапханалар электрондық поштаны, интернет желісін пайдаланады.

 

«Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» деп жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев айтқандай, инабатты да білікті, еңбекқор да табиғатынан зиялы, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрқашан қажет. Ендеше, білім бұлағының қайнар көзі - кітапханамыз сарқылмай, өрлеп, өркендей берсін!

 

Авторы: Нұргүл Имансыздықова,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғылыми кітапханасының директоры,

ҚР Білім беру ісінің үздігі

15.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz

 



325

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler