қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
14.08.2018

Инклюзивті білім - мүмкіндіктер алаңы

 


 

Кеше Астанада Білім және ғылым министрлігінің ұйым­дас­тыруымен республикалық Тамыз кеңесі шеңберінде «Білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау инклюзивті білім беруді дамытудың басты шарты ретінде: стратегиялық жоспарлау, нәтиже, перспективті шешімдер» атты секциялық отырыс өтті.

 

Елордадағы Оқушылар сарайында өткен білім беру саласы мамандарының басқосуы мұғалімдер үшін жаңа оқу жылының басталуына тың серпін және жұмыс жоспарын озық идея­лармен толықтыратын дәстүрлі кездесу десе болады.

 

Биылғы басқосудың негізгі мақсаты - ғылыми коммуникация мен халықаралық деңгейдегі практиктердің технологиялық шешімдерінің тиімділігін талдау негізінде инклюзивті білім берудегі ұлттық тәсілдеменің белсенділігін арттыру екенін атап өткеніміз жөн.

 

Жиында сонымен қатар әр білім беру ұйымында білім алушы тұлғасын табысты әлеуметтендіру және тең білім алу мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ықпал ететін мультимәдени білім беру ортасын қалыптастыру жайы сөз болды. Жиынды Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов ашып, іс-шараға министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова модераторлық етті.

 

Бүгінде елімізде инклюзивті білім беру мәселесіндегі ұғымды кеңейту және білім беру ұйымында инклюзияны тиімді енгізу бойынша нақты модель әзірлеу өзекті. Кеңесте сөз болғандай, инклюзивті білім беруді іске асыру мәселесіндегі қиындықтар балалардан бұрын педагог-психологтар мен ата-аналарда туындайды.

 

Сонымен қатар арнайы психолог мамандардың тапшылығы да ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру кеңістігіне қосуға кедергі келтіріп отыр. Өз кезегінде Отбасылық білім беру институтының директоры Софья Евдокимова министрліктің инклюзивті білім беруге дер кезінде мән беріп отырғандығын айтып өтті. Бірақ осы ретте елімізде инклюзивті білім беруді отбасы тәрбиесімен ұштастыратын мамандардың тапшылығын ескермеуге болмайды.

 

С.Евдокимованың айтуынша, әрбір мектептегі психолог маман отбасылық білім беру институтында тәжірибелерін тереңдетуі қажет. Бұл бағытта еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-дей психолог аталған институтта арнайы дәріс алуда. Алайда ондай курстарды жылда өткізуге институт қауқарсыз. «Осы күнге дейін біз 1400-дей психолог маман дайындадық. Бірақ елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 147 мыңнан астам балаға ол мамандардың өте аз екені айтпаса да түсінікті», дейді Софья Львовна.

 

Биылғы іс-шараға 300-ге тарта мұғалімдер қатысып, оларға Ресейден арнайы шақыртылған психология ғылымдарының профессорлары дәріс оқыды. Шетелдік ғалымдардың айтуынша, болашақта ерекше оқытуды қажет ететін балалар жалпы білім беретін мектептерде дәріс алуы керек. Себебі оларды қалыптастыратын негізгі институт ең бірінші ата-анасы және оның өз қатары мен ұстаздары. «Бұл бағытта ең алдымен баладан бұрын олардың ата-аналарын оқыту маңызды екенін ескерген жөн.

 

Сәйкесінше аутизм сияқты белгілері бар балаларды оқытатын педагогтерді көптеп дайындау бүгіннің басты міндеті екенін айтқым келеді. Бұл психологтардың аутистік спектр бұзылысы бар балаларды одан əрі оқыту үшін олардың тірегі мен қолдаушысы болуы үшін қажет. Мұндай жағдай Ресейде де маңызды болып отыр. Кей өңірлер бұл саланы еркін дамытып жатса, кей облыстарда маман тапшылығы өзекті», дейді Ресей Білім министрлігі сараптау кеңесінің мүшесі Альбина Нестерова.

 

Сондай-ақ Тамыз кеңесіне келген басқа да шетелдік сарапшылар Қазақстанда инклюзияны қолдану бойынша мектептің психологиялық қызметінде нейропедагогика әдістерін енгізуді ұсынады. Одан бөлек инклюзивті білім беру жағдайында оқушылардың отбасыларымен өзара әрекеттестік нәтижелерін арттыру жайы да әңгімеге өзек болды.

 

Астанада басталған инклюзивті білім беру тақырыбындағы психологтердің кездесуінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Психология институтының директоры Жәмила Намазбаева мұндай идеологиялық негіздерді жүзеге асыруда Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор екендігін атап өтті.

 

«Бүгінгі көтеріліп жатқан мәселе ерекше балаларға ғана емес, оқу үлгерімдері төмен, сондай-ақ мінез-құлқы бұзылған балалар үшін де аса маңызды. Олардың барлығы жалпы білім беру кеңістігіне біріктірілуі керек», дейді Ж.Намазбаева.

 

 

Авторы: Мирас Асан

14.08.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz

 

 



612

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler