қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
14.08.2018

Мұғалім даярлаудың мәселеcі көп

 


 

Таяу күндері жаңа оқу жылы басталады. Осыған орай, өткізілетін мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде білім беруді одан ары дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, алға нақты міндеттер белгіленетіні анық. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде облыстар мен Алматы, Астана, Шымкент қалалары білім басқармаларының басшыларымен өткізілген семинар алдағы Тамыз кеңесінде қаралатын мәселелерге тың серпін беретіні сөзсіз.

 

Семинарда жоғары оқу орындарында сапалы мұғалім кадрларын даярлау, бұл мамандыққа оқуға түсетін жастарды икеміне қарай іріктеу, оларға терең білім беру, мұғалім мәртебесін көтеру, білім беру мазмұнын жаңарту, оған қоса орта білім беруді дамыту, адамның дамуына және әлеуметтенуіне қолайлы адамгер­шілік және қауіпсіз ортаны құру, елімізде білім беру жүйесінің кәсіптік бағдар­ла­нуын қайта жүктеу, білім беру ұйым­дарында кәмелетке толмағандардың өзін-өзі өлтіру (суицид) мінез-құлқы­ның алдын алу, білімді критериалдық бағалау, мониторниг жүйесінде сапаны бақылау құралдарын (TQM) пайдалану, мектепте білім беру сапасын қамтамасыз етуде аудандық әдістемелік кабинет­тердің рөлін арттыру сияқты өзекті мәселелер бойынша баяндамалардың презентациялары өткізіліп, олар жан-жақты талқыланады.

 

Семинардың бас модераторы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир Балықбаев оқу орнының алдағы қазан айында өткізі­летін 90 жылдық мерейтойы және оны өткізуге дайындық барысы туралы хабарлай келіп, жоғары оқу орын­дарында мұғалім кадрларын даярлаудың өзекті мәселелеріне тоқталды.

 

Бүгінде мұғалім мәртебесі төмендеп кеткені туралы жиі айтылуда. Оны көтеру туралы да мәселе қозғалып жүр. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 70-80 пайызы мектепке бармай, басқа жұмыстарды жағалайды. Мына бір мәліметке жүгініп көрейік: Бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындарының жарты­сынан астамы педагогикалық кадрлар даярлайды. Оған қоса мұғалім даярлайтын арнаулы 7 оқу орнымыз бар. Жыл сайын бұлар білім беру саласына 35 мың бакалавр әзірлеп шығаруда. Кейбір аймақтарда, атап айтқанда Шымкент пен Павлодарда педагогтар даярлайтын екі-екіден оқу орындары бар. Олар - аймақтық мемлекеттік университеттер мен педагогикалық институттар. Осы керек пе? Мұғалім даярлауға бір аймақта бір ЖОО жетпей ме? 2018 жылы мұғалім мамандарын даярлау үшін 9667 грант бөлініп отыр. Бұл - техникалық ЖОО-дан кейінгі ең көп грант. Алайда осы гранттардың көпшілігін ҰБТ бойынша тиісті балл жинақтаған, бірақ мұғалім болуды қаламайтындар алып кетіп, ал ұстаз болуды шын жүректен сүйетін жастар гранттан шетқақпай қалып жатады.

 

Бұл - жылда қайталанатын жағдай. Сон­дық­тан алдағы уақытта оқуға педа­гог мамандығын өмірлік мақсат тұтқан талантты жастарды ғана іріктеп алу қажет. Бұл үшін мектептегі кәсіптік бағдар беруді жолға қойғанымыз абзал.

 

Сондай-ақ көптеген жоғары оқу орындарында педагог кадрлар даярлаудың сапасы сын көтермейді. Біріншіден, білім беру бағдарла­ма­ла­ры­ның мазмұны бүгінгі талапқа сәйкес келмейді. Екіншіден, университеттік білімнің мектептің шынайы қажеттілігін ескермеуі, оқу үдерісінің ескі сүрлеуінен шыға алмайды. Үшіншіден, үздіксіз педагогикалық практика көлемінің жеткіліксіздігі және базалық экспери­мен­талдық мектептердің жеткіліксіздігі, төртіншіден үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесінің нашарлығы мұның басты себебі болып отыр.

 

Сондықтан педагогикалық кадрлар даярлауға қойылатын талап та күшейе түсуде. Атап айтқанда, бұл жағдайда орта білім беру мазмұнын жаңарту мето­до­логиясын қабылдауға дайын болуымыз керек. Сондай-ақ педаго­гикалық қызметтің мақсаты мен әдістерін өзгерту, оқытудың интерактивті технологияларын батыл игеру, оқудың күтілетін нәти­желерін критериалды бағалау әдістерін меңгеру кезек күттірмес міндет. Осы арада педагог даярлаудың жүйесін түбегейлі жаңарту талап етіледі. Бұл үшін жаңа буынды білім беру бағдарламаларын енгізу, педагогтардың практикалық дайындығын күшейту, профессор-оқытушылар құрамының сапасын арттыру, педагогикалық ЖОО-ларды әлемдік деңгейдегі озық үлгілерге лайықтап модернизациялау, білім беру­де жаңа технологияларды кеңінен енгізу, «Білім» бағыты бойынша мемле­кет­тік тапсырыстың құрылымын өзгерту қажет сияқты. Сонымен бірге, үздіксіз педагогикалық білім берудің құрылымын да жетілдіру керектігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

 

Білім берудің сапасына жету үшін мұғалімдердің біліктілігін көтерудің жаңа бағыттарын қалыптастырып, еліміздің университеттеріндегі педаго­гикалық кафедралар мен факуль­теттерді дамыту, еліміздің барлық жас­тағы азаматтарын қамти отырып, білім берудің жаңа жүйесін қалыптас­ты­руды жеделдету, ақпараттық техно­логиялар бойынша білім алған түлектердің қатарын арттыру, ЖОО-ның ғылыми зерттеулерін жоғары деңгейге көтеру - кезек күттірмес міндет.

 

Т.Балықбаев бұдан ары оқу орнының орта білім мазмұнын жаңарту жағдайын­дағы мұғалім дайындаудың маңызына, бұл салада өзі басқаратын университеттің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.

 

«Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова өз баяндамасында білім беру мазмұнын жаңартудың өзекті мәселелеріне, бұл салада өзі басқарып отырған ұйымның атқарып отырған жұмыстарына терең тоқталды. «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру ұлттық орталығы басқармасы төраға­сының орынбасары Иса Самсаев мектепте білім берудің жаңа мазмұнын енгізуге байланысты мұғалімдер даяр­лаудың маңызы туралы, Алматы менедж­мент университетінің президенті Асылбек Қожахметов орта білім беруді дамытудың жолдары, Arsana Республи­калық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рысты Жұмабаева адамның дамуына қауіпсіз орта құру, EDTECH халық­аралық білім беру орталығының бас директоры Ғани Бейсембаев кәсіптік бағдар беру мәселелері, Абай атындағы ҚазҰПУ біліктілікті арттыру орталығы директорының орынбасары Александр Семченко ғаламдық өзгермелі кезеңдегі білім беру мәселелері туралы өте мазмұнды баяндамалар жасады. Педа­гогика ғылымдарының докторы, профессор Күлзада Құдайбергенованың критериалды бағалау туралы, «Өрлеу» ұлттық орталығы директорының орынбасары Әсел Таңатованың білім беру ұйымдарында кәмелетке толмаған­дардың өзіне-өзі қол жұмсау әрекет­терінің алдын алу тақырыбындағы баяндамалары көпшілік көңілінен шықты.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ біліктілікті жетілдіру орталығының қызметкерлері Амангүл Орақова мен Татьяна Корни­ло­ваның баяндамалары да мазмұнды болды.

 

Семинарда талданып, талқыланған мәселелер бойынша жоғары оқу орын­дарының оқыту бағдарламаларына Назарбаев зияткерлік мектептері қолда­нып отырған технологияларды батыл енгізу, білім беру бойынша ғылыми-практикалық бағдарланған зерттеулер жүргізу, педагогикалық практиканың мерзімін ұзарту және оны студенттердің тұрғылықты жері бойынша екінші курстан бастап өткізу, 9-сынып оқушы­лары арасында кәсіптік бағдар беруді ұйымдастыруға EDTECH халықаралық білім беру орталығының мамандарын тарту, еліміздің аймақта­рын­да мұғалім­дердің педагогикалық тәжірибе алмасу алаңдарын құру, ЖОО профессор-оқытушыларының базалық білім беру ұйымдарындағы жұмысын күшейту сияқты және басқа да өзекті ұсыныстар қабылданды.

 

Жоғары оқу орнына мұғалімдік мамандықты жан-тәнімен сүйетін, оны өмірлік мақсатына айналдырған шынайы талапкерлердің мақсатты топтарын іріктеп қабылдау үшін, аймақтарды жоғары маманданды­рыл­ған педагогикалық кадрлармен қамта­масыз ету үшін «Білім беру альянсы» консор­циумы құрылды. Осыған байла­нысты Edtech-kz халық­аралық білім беру орталығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­го­гикалық униве­р­ситеті және облыс­тардың, Алматы, Астана, Шым­кент қалалары­ның білім басқар­малары арасында меморандумға қол қойылды.

 

Семинарға қатысқан аймақтық Білім басқармаларының басшылары, өкілдері бұл жиынның таяудағы тамыз кеңесі қарсаңында ойға-ой қосып, алдағы істеріне тың серпін беретінін ақжарыла айтты. Мұндай кездесуді мез­гіл-мезгіл өткізіп тұруды ұсынды және олар жақсы істің бастамашысы бол­ған Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Т.Балық­баевқа шын жүректен алғыс айтты.

 

Бұл жиынның ҚазҰПУ-дың Қап­ша­­ғай көлі жағасындағы «Ұстаз» дема­лыс аймағында өткізілуі тамыздың ми қайнатқан аптап ыстығында оған қаты­су­шылар мен қонақтардың дема­лып әрі сергек жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.

 

Авторы: Мырзахан Ахметов

14.08.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz

 



261

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler