қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
30.06.2018

Абақ Керей Қожаберген батыр кім?

 


 

Бабалардың ғасырлар бойғы арманы орындалып, азаттықтың ақ таңы атып, төбемізде тәуелсіздіктің көк туы желбіреді. Егемен ел болып, еңсемізді тіктедік. Бай тарихымыздың барын бағамдап, жоғын түгендеп, келмеске кеткен кер заманның кесірінен ақтаңдаққа айналған тұстарын жадымызда қайта жаңғыртып жатырмыз. Бұл тұста әлі де көп жұмыстар істелуі керек секілді. Бұған дейін тарихи дерек, мәліметтерден қарағанда көбінесе, халық ауызында айтылып келген батыр бабаларымыздың бірінің ерлік ісін екіншісіне жапсыру немесе оларды жаңылыс атау орын алып келді. Тарихқа жасалған осы қиянатты түзейтін кез келгендей. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында тарихта орын алған осындай олқылықтарды түзетуге, сол арқылы рухани жаңғыруға бәрімізді шақырды деп білеміз.

 

Осы уақытқа дейін жарық көр­ген кейбір кітаптарда, мақала­лар­да Керейдің Ашамайлы руынан шыққан атақты жырау, қолбасшы батыр Қожаберген Толыбайұлы мен Абақ Керейден шыққан әйгілі батыр Қожаберген Жәнібекұлы екеуіне қатысты тарихи шындық жағдайлар бұрмаланып келді. Әсіре­се, осы екі Қожаберген батыр жайын­да жазған кейбір зерттеу­ші­лердің өздері тарихи дерек, мәліметтерге көбірек сүйеніп, екі Қожаберген батырдың екі басқа адам екенін айтудың орнына, екеуін бір адам ретінде жазып, шатас­тырған жағдайлар орын алды. Бұл - әрине, көпшілік оқыр­­­манды да, екі Қожаберген батыр­­дың тікелей ұрпақтарын да түрлі ойларға, кейде бітпес дауға жетелегені шындық.


Енді осы екі Қожаберген батыр кімдер дегенге келер болсақ, екеуі де Жоңғар заманында өмір сүрген атақты батырлар болғаны тарихи шын­­дық. Ашамайлы Керейден шық­­­қан атақты жырау, батыр Қо­жа­берген Толыбайұлы 1663 - 1763 жылдары өмір сүрген бол­­са, Абақ Керейден шыққан Қожа­­­­берген Жәнібекұлы 1698 - 1783 жылдары аралығында өмір сүріпті. Екеуі де жоңғарға қар­сы күресте бірі қарт, бірі жас батыр сарбаз ретінде көзге түскен. Екеуінің жас айырмашылығы - 35 жас. Қожаберген жырау 1663 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауда­ны­ның Күлтөбе деген жерінде Толы­бай сыншының отбасында дүниеге келген. Орта жүз Ашамайлы керейдің Көшебе руынан шыққан атақты батыр, әйгілі суырып салма ақын Қожаберген Толыбайұлының есімін еліне танытқан, тарихқа атын қалдырған - «Елім-ай» жыр-дастаны.


- Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айырылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді
Мына заман қай заман? Бағы заман,
Баяғыдай болсайшы тағы заман, - деп жырлатқан Қожаберген жырау 1723 жылы Қазақ даласына жасалған Жоңғар шапқыншылығы кезінде ел басына түскен ауыр апатты, яғни «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңін осылай жыр тіліне көшірген екен. 100 жас жаса­ған жыраудың денесі Сол­түс­тік Қазақстан облысы Жам­был ауданына қарасты Күл­төбе жеріндегі әкесі Толыбай сыншы қорымына жерленген.


Биыл туғанына 320 жыл толып отырған Абақ керей Қожаберген Жәнібекұлы Жоңғар соғысының соңғы кезеңдерінде Абылай бастаған қазақ сарбаздарының ту ұстаушыларының бірі болған. Батыр бабамыз жоңғарға қарсы күресте Қабанбай, Бөгенбай, Ер-Жәнібек секілді батырлармен үзеңгілес болып, хан Абылайдың қасынан орын алыпты. Қожаберген Абылай жасағының белді батырларының бірі әрі беделді ел ағасы болғандықтан атақты хан Абылайдың өзі Қожаберген батыр­ды аса жоғары бағалап, хан орда­сындағы елдің саяси бағыт-бағдарын, соғыстың стратегиясы мен тактикасын талқылау, жүз, ру аралық мәселелерді реттеу секілді жұмыстарға араластырып отырған. Қытай-орыс елі арасындағы дипло­ма­тиялық істерге де қатынасып мә­мi­­легерлiк қызмет атқарған тұлға.


Қожаберген батыр Жәнібекұлы туралы қытай, орыс, моңғол дерек­көз­дерінде көптеген құжаттардың бар екендігі бүгінгі күні ғылымда дәлелденіп отыр. Манжы-қытай дереккөздерінен 70-тей құжат, орыс дереккөздерінен 20 шақты, ал моңғол дереккөздерінен де аз емес құжаттар табылып отыр. Мы­салы, Қожаберген батыр тура­лы орыс тарихшылары Г.Пота­нин, Н.Аристов секілді тарих­шылар өз еңбектерінде жазып қалдыр­ған. Бұл деректерде Қожа­берген батыр 1750 жылы Керей руларын бастап Хабарга-Базар өзеніне жеткені айтылады. (Хабарга-Базар, Қарғыба-Базар деген қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы өзен атауы). Қожаберген батыр бастаған Керейлер көші туралы орыс тарихшысы Г.Потанин: «Қазақтар Алтайға келіп, XVIII ғасырдың 70-80 жылдарында Қара Ертіс бойымен Тарбағатай, Сауыр тауының солтүстігі мен Алтайдың оңтүстігін мекендейтін болды», - деп жазады. Орыс тарих­­шыларының тағы бір тарихи дерегінде, 1757 жылы Қожаберген батыр бастаған Абақ керейдің бір мың түтіні Ертіс өзенін өрлей келе, Алтай-Сауырды мекендеп қалғанын жазса, екінші бір деректе 1760 жылы Қотырақ батыр Қалбадан Жәнтекей ауылдарының үлкен шоғырын бастап Ертісті өрлеп көшкенін, бұлармен қатар Бұқарбай бастаған Абақ керейдің Ителі руының ауылдары және Қожаберген батыр бастаған Шы­барайғыр руының ауылдары жылжи-жылжи Кішкене тау, Маңы­раққа жетіп тоқтағаны туралы айтылады. (Кішкене тау, Маңырақ тауы - Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай және Зайсан ауданында орналасқан. Жаугершілік заманда қазақтардың ең көп қырылған жерінің бірі). Бұл кезде Жоңғар хандығы жойылып, бүкіл аймақ Қытайға қарасты жер болып қалған еді. Орыстың дереккөздерінде Қожаберген батырдың негізгі мекені Кіші керей болысы Преснов ауданының аймағы (қазіргі Солтүстік Қазақ­стан облысы) болғаны айтылады. Құжаттарда Қожаберген батыр­дың Преснов қамалынан шық­қаны анық жазылған. Қытай мұра­ға­тында сақталған бір құжатта «Абақ керейдің 1000 отбасы Қожа­бер­ген батырдың қарауында» екені жазылған. 1756 жылы қазақ-шүршіт соғысында Абақ керей Қожаберген батыр мен ойрат нояны Әмірсана екеуі қол бастап, манжы-қытай басқыншыларына қарсы Баянауыл, Қу, Қарқаралы тауларының аңғарында болған қанды ұрыстарда Бөгембай, Жауғаш сияқты батырлармен қатар ерекше көзге түседі. Қытай мұрағатындағы тағы бір құжатта: «Қожаберген батыр 1758 жылы сәуір айында ежелгі қазақ мекені Алтайды жоңғар қалдықтарынан тазарту мақсатында жорыққа шығып, Ертістен Манасқа (Алтай­дағы жер атауы) дейінгі аралықты 1000 әскерімен шолып шықты»,-деген мәлімет сақталған. 1766 жылы Үржар, Тарбағатай жайлаулары үшін қытайлармен шайқасқан. Одан кейінгі құжаттарда Қожабер­ген есімі Қабанбай, Дәулетбай батырлармен, Әбілпейіз сұлтанмен қатар «көрнекті, беделді қазақтар» қатарында аталады.


Моңғол, қытай дерек­көз­де­рін­де көп айтылатын, Жоңғар қон­тайшысы Әмірсанамен серт­тескен жақын дос, тіптен аға-іні болған Қожаберген батыр туралы Моңғолдың тарихи құжаттарынан да біршама деректер табылды. Соның бірінде манжы-қытай әскеріне қарсы күресте Қожаберген батырдың 2 мың әскерімен Әмірсанаға көмекке келгенін, 1756 жылы тамыз айында «Нұра» деген жерде Әмірсана мен Қожаберген батыр Далданга басқарған манжы-қытай әскерімен бір апта бойы соғысып, уақытша қазақ жеріне қарай шегінгені туралы жазылған. Қытай деректеріне қарағанда, манжы-қытай билігіне бас ұрмаған жоңғар қонтайшысы Әмірсананың соңынан қуа соғысқан қытай әске­рі 1756 жылы Қазақ жеріне басып кірген. Қытай әскері «Шаған Оба» маңында Танғұтай тайшыны қуып жүріп, қазақтың мыңдығымен қақтығысқа түскен. Осыдан кейін-ақ қазақ сарбаздары мен қытай әскерилері арасында қанды шайқастар басталып кеткен. Қазақтар ескі ата-бабаларының дәстүрімен қаша соғысып, қытай­дың әскерін соңына ерте Сарыарқа төскейіне қарай шегіне берген. «Батысты бағындырушы» қытай әскерилерінің қолбасшысы Дар­да­наның Ежен ханға жазған хатын­да: «Жауларымызды қуып Нұра аталатын өзенге жеттік. Әскери сап құрып әрі аттандық. Осы жерде екі мың қарақшымен (қазақ сарбаздарын солай атайды) соғыстық, сұрастырсақ бізге қарсы соғысып жүрген Әмірсана мен Қожабергеннің жасақтары екен»,-десе, манжы-қытай әскерилерінің тағы бір қолбасшысы Хадаха әске­ри кеңеске жазған хатында: «Абылайдың Бөгенбай батыр бастаған жасағымен де шайқастық. 20 адамды өлтіріп, бір адамды тірі қолға түсірдік, 40 шақты ат олжа болды»,- дейді. Осы хатта Хадаха Қожабергеннің Әмірсананы ертіп Сарыарқа төсіндегі Нияз тауына барып бекінгенін жазады. Бұл жер қазіргі Астана қаласынан 100 шақырымдай жер, Осакаровка елдімекені осы таудың беткейінде орналасқан. Қазақ пен қытай әскері арасында болған соңғы шешуші соғыс Шідертінің жоғарғы ағысында жүрілді. Уақыт өте келе бұл жер «Шүршіт қырған» деп аталды. Абылай хан бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Ер-Жәнібек, Қожаберген батырлар басқарған қазақ сарбаздары қазақ даласын қытай әскерлерінен тазартады. Сібір шекара әскерін басқарған генерал В.Якоби бұл қырғын туралы: «Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мыңынан, Селе­нгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып келді», - деп жазады.


Сондай-ақ орыс мұрағатта­рын­­да Қожаберген батырдың бастауы­мен кіші керейлердің (абақ керейлер) көші 1755-56 жыл­дары Қазақ елінің шығысына қарай көшіп, Керейдің басқа ру-тай­паларына қосылып, Тарба­ға­тай, Алтай тауларын мекен еткендігі туралы жазылған. Орыс тарихшысы Н.Аристов ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысының басында жоңғарлармен арада болған соғыс жөніндегі қытай деректерінде абақ керейлер туралы мәліметтердің көп кездесетіндігін, Абылай ханмен бірге жоңғарға қарсы күрескен Қожаберген батыр­дың 1757 жылы Қытай билігі­мен келіссөз жасасқаны тура­лы да мәліметке кез болғанын жазады. Тарихи дерек бойынша, қытай елшілерімен болған бұл келіссөзге Абылай ханның өзі қатысқан және бұл келіссөз 1757 жылы 7 шілдеде Аягөз бойындағы Мамырсу - Байпақбұлақ деген жерде өткен. (Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында). Ман­жы-қытайдың тағы бір құжаты бойын­ша, Қытай елшісі Амбан Агуй қытай билеушісіне жолдаған хатында: «1758 жылы мамыр айы­ның ортасында Ертіс өзенінің айры­ғынан ары 6 күндік жерде отыр­ған Қожаберген батырмен кез­дес­тім» , - деп жазыпты. 1760 жылы Қытай шекарасына жақын барған қазақ сарбаздары туралы орыс барлаушысы Сафир Сәлиев: «Қытай шекарасына жақын маңда Абылай сұлтан бастаған екі мың, Қабанбай батыр бастаған екі мың, Қожаберген мен Қошқарбай батыр бастаған екі мың, Көкжарлы Барақ бастаған екі мың әскер тұр», - деген мәлімет берген.


Қазақ елін сырттың жау-дұш­пан­­дарынан қорғауда Абылай хан­ның хас батырларының бірі бол­ған, қазақ жерін кеңейтуге ерек­ше үлес қосқан, Абылай хан­ның тапсырмасымен қытай елімен арадағы шығыс шекараны тыныштандыруда және алғаш рет Үрімжі, Құлжада жылқыға - жібек саудасын ашуда елші-мәмілегерлік қызмет атқарған Қожаберген батыр жайында ғылыми конференциялар ұйымдастырып, есімін тарихи оқулық кітаптарға енгізіп, батыр баба­ның жатқан жері Зайсанда ескерт­кіш орнатып, ұрпақтары қолын­дағы Ақ туын тарихи жәді­­гер ретінде қорғауға алып, Алма­ты­дағы және Астанадағы ұлттық мұражайлардың біріне қою - біздің парызымыз.

 

 

Авторы: Досан Баймолда,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры

30.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz

 



667

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler