қазақша · русский · english
 
 
  Негізгі бет / Жаңалықтар
02.07.2018

Университетімізге Елбасы кітаптары сыйға тартылды

 

         

 

2018 жылдың 29 маусымы күні Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының кітапханасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптомдық «Таңдамалы сөздер», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы», «Тәуелсіздік дәуірі», «Қазақстан жолы» кітаптарын, Президент Кеңесесінің басшысы Махмұд Қасымбековтың Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев туралы еңбектерінің 400 данасын сыйға тартты.


Аталмыш кітаптардың таныстыру рәсімін ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отанына, халқына қызмет етудің бірегей жолын қалыптастырған көрнекті тұлға. Еліміздің қарқынды дамуы, әлемге танылуы Елбасымыздың салиқалы саясатының жемісі. Өз өмірінде көпке үлгі болатындай даңғыл жол қалыптастырған Мемлекет басшысының өмір жолы кім-кім үшін де қызықты әрі өнегелі. Олай болса, бүгін біздің университетімізге сыйға тартылып отырған дүниелер біз үшін өте құнды. Өйткені біздің студенттеріміз, магистранттарымыз бен докторанттарымыз бұл кітаптарды оқу-тәрбие үдерісінде кеңінен пайдаланатын болады»,­- деді.

 

Махмұд Қасымбеков Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі ел тәуелсіздігімен, Қазақстанның жаңа дәуірдегі тарихымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Ұлт Көшбасшысының «Таңдамалы сөздер» деп аталатын көптомдық жинағына оның жылдар бойғы саяси қызметінің барысында жұртшылық алдында сөйлеген сөздері енгізіліп отыр. Онда Қазақстанның тәуелсіздік алдындағы кезең мен тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасыры тұсындағы ел өміріндегі аса маңызды мәселелер баяндалады. Осы жинақтарға енген сөздерден оның нақты тарихи оқиғаларға ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік құрылыстың, әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың, ұлт қауіпсіздігінің, халықаралық қатынастардың, мемлекетімізді дамыту жолдары мен болашағының өзекті мәселелеріне Елбасының көзқарасы, пайымдаулары мен бағасы айқын көрініс береді. Ал «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы» сериясымен шыққан кітаптарда Мемлекет басшысының қатысуымен елімізде және шетелдерде өткен негізгі іс-шаралар кезең-кезеңімен берілген және Елбасының ең маңызды сөздерінің мәтіндері мен ол қол қойған заңдар, жарылықтар және басқа да анықтамалық материалдар орын алған.

 

Махмұд Қасымбеков сонымен бірге Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы егеменді еліміздің тарихи шежіресі, теңдесі жоқ асыл мұрасы болғанына ерекше назар аударды. Өйткені бұл кітапта тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бергі жердегі кезеңде мемлекетіміздің қалыптасуы, дамуы, халықаралық қауымдастықтан ойып тұрып орын алуы - бәрі-бәрі нақтылы деректермен баяндалған. Сондықтан бұл еңбектердің ел тарихын сипаттаудағы орны ерекше. Студент-жастарға бұл кітаптардың берер тағылымы мол, деді.

 

Белгілі білім, ғылым және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева және басқалар Елбасы кітаптары мен ол туралы еңбектердің жастарды отаншылдыққа, патроиттыққа, адамгершілікке тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев осы еңбектердің толық жинақталып, мұқият топтастырылып, редакциялануына және жарық көруіне басшылық етіп, өлшеусіз еңбек сіңірген және Елбасы туралы ғажайып кітаптар жазған саяси ғылымдар докторы Махмұд Қасымбековке және университет кітапханасына салиқалы сый жасаған Президент Қоры кітапханасының ұжымына алғыс айтты.        

 

         

 

         

 

         

 

         

 

         

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім

 



440

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler