қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Жаңалықтар
27.02.2014

                                                Жамбыл жинақтарының тұсаукесері
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институтының ашылғанына небәрі екі жарым жыл ғана уақыт болды. Институттың мақсаты қазақ халқының тарихында қайраткерлігімен аты қалған, өлең-жырымен теңдессіз мол мұра қалдырған суырыпсалма ақындардың шығармашылығы, олардың ұлттық әдебиетімізге қосқан орасан зор үлесі, жазба әдебиетімізге жасаған ересен ықпалы туралы ғылыми зерттеулер жүргізу, еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңдерде толық жариялауға болмаған немесе бұрмаланған, өңделген шығармаларды мұрағатта сақталған қолжазбалар бойынша қалпына келтіріп, жариялау болатын. Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі әдебиет сыншысы Бекен Ыбырайымов басқаратын бұл институттың ғалымдары осы аз ғана уақыттың ішінде ұшан-теңіз жұмыс атқарғанын жуырда ғана университеттің «Ұлағат» баспасынан жарық көрген халық ақындарының 12 томдық жинағынан-ақ байқауға болады.

Б.Ыбырайымовтың айтуынша, көне дәуірден бүгінге дейін көркемдік дәстүрі жалғасып келе жатқан суырыпсалма өнердің қисапсыз шығармалары бүгінге толық жетпеген. Ал мұрағаттарда шаң басып жатқан қыруар қолжазбаларды зерттеп, зерделеу аса ауқымды шара. Соған қарамай «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми -зерттеу институтының шағын топтан құралған ұжымы екі жылдың ішінде 15 қолжазбаны жариялауға ұсынды. Оның 12-сі жарық көрді. Мұның ішінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 4 томдық, ақын, сазгер, әнші Әсет Найманбайұлының 2 томдық толық шығармалар жинағы, айтыс өнерінің ақтаңгері Түбек Байқошқарұлының 1 томдық шығармалары оқырмандарға жол тартты. Сондай-ақ XIX ғасырда өмір сүрген авторлық ауызша әдебиеттің айтулы өкілдерінің ең таңдаулы туындыларының басын қосқан «Ақындар аманаты» атты хрестоматия-компендиум жарық көрді.
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ақынның төрт томдық толық шығармалар жинағының тұсаукесері болып өтті. Оған белгілі ғалымдар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуды ашқан университет ректоры аппаратының жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, ҰҒА мүше-корреспонденті, профессор Бақтияр Сманов «Жамбылтану» орталығы шығарған кітаптарға шолу жасай келіп, Жамбыл ақынның төрт томдығының ерекшеліктеріне тоқталды. Бұл жинаққа жыр алыбының бұрынғы кітаптарына енбеген жырлары мен ән-күйлері енгізіліп, тұңғыш рет библиографиялық түсініктемелері беріліп отыр.
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Қирабаев өз сөзінде Б.Ыбырайымов басқаратын шағын топтың Жамбыл шығармаларының толық жинағын шығарудағы ерен еңбегіне жоғары баға берді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, «Түркістан» газеті бас редакторының орынбасары, жазушы Дидахмет Әшімхан, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры, профессор Ғабит Кенжебаев Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Ақжігіт Әлібекұлы жыр алыбы Жамбыл шығармаларының толық жинағының шығуы қазақ әдебиеті тарихындағы елеулі оқиға болғанын атап көрсетті. Тұсаукесер рәсіміне қатысушылар Жамбылтану орталығын ашып, халық ақындарының мұраларын жинап, суырыпсалмалық өнерін зерттеуге жол ашқан университет ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиевке алғыс айтты.
Жамбыл шығармалар жинағы топтамаларының лентасын академик Серік Қирабаев, проректор Ғабит Кенжебаев, жазушы Жұмабай Шаштайұлы қиды.
«Президент және халық» газетінің қызметкері, ақын Серікжан Қажи жыр алыбы Жамбылға арнаған өлеңін оқыды.

 

Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Ақпарат орталығының жетекшісі.

 



736

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler