қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.03.2018

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ БАСТАУЫ

 



Алматыдағы Орталық музейде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерей­тойына орай «Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» көрмесінің ашылуы болып өтті. Бұл көрме - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институтының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық еңбегінің нәтижесі. Шараны Орталық музей директорының орынбасары Бейбітқали Қақабаев ашып, көрме ұлттық мәдениетті дамытуға, қазақтың төл мәдениетін дәріптеуге бағытталға­нына баса мән берді.

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің рек­торы Такир Балықбаев көрме университеттің сан қырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. «Көрме Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен универси­теттің 90 жылдығы аясында ұйымдас­тыры­лып жатыр. Өткен жылы Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бері республикамызда рухани жаңғыру бағытында, еліміздің мәдениетін көтеру жолында көптеген істер атқа­рылуда. Сондай шаралардың бір үлгісі ретінде ұстаздар мен студенттердің шығармашылығының нәтижесін көрсетсек деп отырмыз. 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы ҚазҰПУ - еліміздегі ең бірінші жоғары оқу орны. Мұнда елімізге белгілі ғалымдар еңбек жолын бастаған. Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сей­фуллиндер еңбек еткен қазақ білімі­нің ордасы. Мереке қарсаңында уни­верситеттің әртүрлі жетістігін көрсетуге атсалысып жатырмыз. Бұл іс-шара - Өнер, мәдениет және спорт институтының ұстаздары мен студенттерінің еңбегінің көрінісі. Өткен жылы университет әлемнің озық 500 университетінің қатарына енді. Мұның өзі - үлкен мақтаныш» деді ол.

 

1969 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дың жанынан бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімдерін даярлауға арналған Көркем-графика факультеті ашылды. Факультет түлектерінен белгілі суретшілер А.Бренер, Е.Төлепбаев, Д.Шоқпарұлы, Н.Журавлевтерді атап өтуге болады. 2014 жылы Көркем-графика факуль­теті Өнер, мәдениет және спорт инс­титуты болып өзгертілді. 2017 жылы оған ЮНЕСКО клубының мүшесі дәрежесі берілді. Көрмеде бұған дейін қойылмаған кескіндеме, графика, мүсіндеу және қолданбалы өнер туын­дылары таныстырылды. Ондағы портрет­тер, натюрморттар, пейзаждар, жанр­лық композициялар мен қолдан­балы өнер жұмыстары ұлттық мәде­ние­ті­міздің байлығын көрсетеді.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков «Осынау оқу ордасынан тараған түлектер бүкіл еліміздегі білімді, мәдениетті, өнерді дамытып келеді. Бүгінгі көрме - қарт ҚазПИ-дың бейнелеу өнеріне әсері, бейнелеу өнерін дамытуға қосқан үлесі. Университетте ашылған алғашқы Көркем-графика факультеті бейнелеу өнерінде жоғары білімді қалыптас­тырып, мұғалімдерді дайын­дауға үлкен еңбек етіп келеді» дей келе, ұлттық бейнелеу өнерінің дамуы жайында ойын ортаға салды. Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өңірлік даму бойынша вице-прези­денті Ғани Бейсенбаев ұлттық мәде­ниетті көтеру оны ұлықтаудан бастала­тынын тілге тиек етті.


Көрме 25 наурызға дейін жалғаспақ.

 

Авторы: Ақбота Исләмбек

26.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz

 



600

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler