қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
16.05.2024

Химия бойынша III Халықаралық ғылыми-практикалық конференция


2024 жылдың 15-16 мамыр күндері Жаратылыстану және география факультеті химия кафедрасының ұйымдастыруымен х.ғ.д., профессор, МАИН және ҚЖМҰҒА академигі Н.А.Бектеновтың және х.ғ.д., профессор, РЖА корреспондент мүшесі Г.И.Мейірованың 70 жылдық мерейтойларына арналған «Химия ғылымы мен химиялық білім берудің заманауи аспектілері: теориясы және практикасы» тақырыбындағы ІІI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға Жапония, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келген шетелдік ғалым-профессорлар қатысты.

 
Ашылу салтанатын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылым департаментінің директоры Ұлжарқын Әбдіғапбарова алғы сөзбен бастап, конференция қатысушылары мен қонақтарға сәттілік тіледі. Жаратылыстану және география факультетінің директоры Күләш Каймулдинова мерейтой иелеріне құттықтау лебізін білдірді. Университет басшылығы мерейтой иелеріне Басқарма төрағасы - ректор Болат Тілептің құттықтау хатын табыстап, Несипхан Бектеновке Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегі үшін «Айрықша еңбегі үшін» және Гүлжәмила Мейіроваға мамандар даярлау саласындағы көп жылғы абыройлы еңбегі үшін «Құрметті қызметкер» төсбелгілерін тағып, арнайы сыйлықтар табыс етті. Химия кафедрасының меңгерушісі Жазира Мукатаева конференцияның отандық және шетелдік қонақтарымен таныстырды. Химия кафедрасының доценттері Ханат Дюсебаев пен Жанар Қорғанбаева профессорлар Н.А.Бектенов пен Г.И.Мейірованың еңбек жолдары туралы библиографиялық шолу жасады. Жану және металлургия институтының бас директоры Багдаулет Кенжалиев, А.Бектуров атындағы Химия ғылымдар институтының бас директоры Хайдар Тасибеков, Сәтпаев университетінің профессоры Мүбарак Ермаганбетов, Хюстенского университетінің профессоры Таттим Шайкенов құттықтау сөз сөйледі.

 

Конференцияда профессор ғалымдардың еңбектеріне арналған көрме де ұйымдастырылды. Пленарлық отырыста спикерлер химия ғылымы мен химиялық білім берудегі қазіргі проблемалық мәселелерді көтеріп, осы салада қолданылатын әдістер мен тәсілдер туралы өз пікірлерін ортаға салды.

 

Сондай-ақ, «ХХІ ғасырдағы химия ғылымының даму ерекшелігі», «Заманауи білім беру кеңістігіндегі оқыту мен тәрбиенің теориясы және әдістері», «Орта мектепте іргелі пәндерді оқытудың жағдайы», «Колледж және жоғары оқу орындарында химиялық білім берудің қазіргі жағдайы мен болашағы» бағыттары бойынша дәстүрлі және онлайн форматта секциялық отырыстар жұмысымен жалғасты.

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=