қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
15.05.2024

Алматыда климат өзгерісі бойынша білім берудің болашағына арналған Азиялық форум өтеді

 

                

Алматыда бүгіннен бастап 18 мамырға дейін «Климат өзгерісі бойынша білім берудің болашағы: педагогтар мен стейкхолдерлер арасында синергия құру» атты Азиялық форум өтеді. Іс-шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) және Окаяма университеті (Жапония) бірлесіп ұйымдастырады.

 

Форумның мақсаты - Азияның жоғары және орта білім беру саласына климаттың өзгеруі бойынша білім беруді енгізу мәселелерін талқылау және оқытушылар мен мүдделі тараптар арасында синергия құру. Іс-шара тұрақты даму мақсатында білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуді көздейді.

 

Форум серіктестері мен қолдаушылары қатарында Жапонияның ғылымды дамыту қоғамы (JSPS), ЮНЕСКО-ның Алматы, Бангкок және Бейжіңдегі аймақтық бюролары, ЮНЕСКО-ның Азия-Тынық мұхиты мәдени орталығы (ACCU) және Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы бар.

 

Форумға Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, ЮНЕСКО-ның аймақтық бюролары мен орталықтарының басшылары мен өкілдері, Қазақстан және Орталық Азия университеттерінің басшылары мен өкілдері қатысады. Олардың қатарында Абай атындағы ҚазҰПУ және Окаяма университетінің профессор-оқытушылары, сондай-ақ ғылыми-зерттеу мекемелері мен талдау орталықтарының өкілдері бар.

 

Форум Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Promoting teacher education for climate change education» атты жаһандық бастамасы аясында ұйымдастырылуда. Жоба 2021 жылдың наурыз айынан басталып, ЮНЕСКО-ның қолдауымен Окаяма университетінің Тұрақты даму мүддесі үшін білім беруді ілгерілету орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Жоба Азиялық 9 елдің университет өкілдерін біріктіріп, мұғалімдерді климаттың өзгеруі бойынша білім беруге даярлаудың Азиялық бағдарламасын әзірлеуді көздейді.

 

 

15.05.2024

Ақпарат көзі: 7kun.kz