қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
13.05.2024

Республикалық студенттік спорт лигасының финалына қатысушыларға арнайы форма табыс етілді

 

2024 жылдың 13 мамырында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректор Болат Тілеп Республикалық студенттік спорт лигасы ойындарының ақтық кезеңіне қатысатын университет студенттерінен құралған спорт құрамасына арнайы форма тарту етті. Аталған бірыңғай форма «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының демеушілігімен арнайы дизайнда тігілген.


Шараға «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының Алматы қалалық филиалының бөлшек бизнесі бойынша директор орынбасары Ерген Марат, Карталық бизнес орталығының басшысы Қуаныш Кендірбаев және жалақы жобасының кураторы Елена Окульская демеуші ретінде қатысып, спортшыларымызға сәттілік тіледі.


Республикалық студенттік спорт лигасының ақтық кезеңіне университетіміздің студенттерінен құралған спорт құрамасы 8 спорт түрінен жолдама алған болатын. Алайда, елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты волейбол мен футбол ойындары қыркүйек айына ауыстырылды.


Студенттік спорт лигасының ақтық кезеңінде университетіміздің намысын қорғауға 57 студент пен 17 профессор-оқытушылар құрамы және бапкерлер барады. Оның ішінде:


1. Қазақша күрестен - 15 студент, 3 жетекші;
2. Кикбоксингтен - 14 студент, 3 жетекші;
3. Жүзуден - 6 студент, 2 жетекші;
4. Баскетболдан - 5 студент, 3 жетекші;
5. Шахматтан - 8 студент, 3 жетекші;

6. Тоғызқұмалақтан - 9 студент, 3 жетекші.


Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өтетін республикалық «Студенттік спорт лигасының» ақтық кезеңі 24 мамыр мен 2 маусым аралығында Астана қаласы, Назарбаев университетінде өтеді.


Аталған додада университетіміздің намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

Әлеуметтік даму және жастар саясаты жөніндегі департамент